Қаңтар оқиғасы кезінде 232 адам қаза болған, тағы алты адам азаптаудан өлген. Мұны 29 маусымда Қазақстан бас прокурорының орынбасары Әсет Шындәлиев мәжіліс дәлізінде айтты. Ресми мәлімет бойынша, Қаңтар оқиғасында өлгендердің жалпы саны — 238.
Әсет Шындәлиев азаптауға байланысты құқық қорғау органдарының тоғыз қызметкері ұсталғанын, оның сегізі - ҰҚК, біреуі - полиция қызметкері екенін айтты. "Рұқсат етілмеген әдістер қолданып, тергеді" деген айыппен 15 адам қамауға алынған.
Бұған дейін Қазақстан билігі Қаңтар оқиғасы кезінде 230 адам қаза болғанын, тағы да сегіз адам азаптаудан өлгенін, ол бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген.
20 маусымда бас прокуратура өкілі ҰҚК Алматы облыстық департаментінің екі қызметкерін тергеу аяқталғанын хабарлаған. Оларға "қамаудағы адамды ұрып-соғып өлтірді" деген айып тағылған.
Бұған дейін бас прокуратура Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы облысындағы тергеу кезінде ыстық үтікпен азапталғандар ісі бойынша 25 адам зардап шегуші ретінде танылғанын хабарлаған болатын.
Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін мыңдаған адам ұсталып, қамауға алынған. Қамаудағы азаптауларға байланысты шағым күрт көбейген соң Қазақстан билігі "рұқсат етілмеген әдістермен тергеуге" байланысты 200-ден астам қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР