Accessibility links

Нүкісте наразылық тұтанған шақта Өзбекстан Қазақстанмен шекарадағы бекетті жапты


Өзбекстан Қазақстанмен шектесетін Қарақалпақстандағы өткізу пунктін жапты. Бұл жөнінде 2 шілдеде Қазақстан ҰҚК баспасөз қызметі хабарлады.

Қарақалпақстан Қазақстанның Маңғыстау, Ақтөбе және Қызылорда облыстарымен шектеседі. Бір күн бұрын Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақстан республикасының астанасы Нүкісте жүздеген адам ресми Ташкенттің Қарақалпақстанды "егемен" (суверенитет) статусынан айыру жоспарына қарсы және тәуелсіз журналист Дәулетмұрат Тәжімұратов босатуды талап етіп наразылыққа шыққан еді.

"Өзбек әріптестерімізден 1 шілде күні түскен ақпаратқа сәйкес, ақпарат жүйесінің істен шығуына орай Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы "Дәуіт-ата" – "Тәжен" (автомобиль жолы) бекетінен тұлғаларды, көліктер мен жүк өткізу уақытша тоқтатылды. Осы ақпарат бойынша, "Қарақалпақия" – "Бейнеу" бағыты бойынша темір жол қатынасын да тоқтату жоспарланған" деп жазылған ҰҚК сенбі күні таратқан баспасөз хабарламасында.

Ведомство аталған бекет арқылы өтетін азаматтарға сапарын алдын ала жоспарлауға кеңес береді. Бекет ашылған кезде қосымша хабарлайтынын да айтты.

Өзбекстан Конституциясының жобасы жарияланғаннан кейін Қарақалпақстанда наразылық басталған. Жоба мәтіні қоғам талқылауына 26 маусымда шығарылды. Өзбекстан аумағының 40 пайызын алып жатқан Қарақалпақстан тұрғындары жобадағы бірнеше пунктіге қарсы шыққан, атап айтқанда Қарақалпақстанды "егемен" (суверенитет) статусынан және Өзбекстан құрамынан шығу құқығынан айыруға қарсы.

"Алға, Қарақалпақстан" қозғалысының жетекшісі Аман Сағидуллаевтың Азаттыққа айтуынша, тұрғындар жергілікті заңгер әрі тәуелсіз журналист Дәулетмұрат Тәжімұратов ұсталған соң жаппай көшеге шығып, оны босатуды талап еткен. Телеграм каналдарда тараған видеоның бірінде жұрт "Дәулет!" деп айғайлағаны естіледі. Кейін тәуелсіз журналистің халық талабынан соң қайта босатылғаны айтылды. Кей ақпаратқа қарағанда, Нүкіске арнайы жасақ әкелінген. Қалада мобильді интернет шектелген.

Өзбекстан ІІМ 1 шілдеде Нүкістегі наразылыққа байланысты алғаш рет мәлімдеме таратып, оны "Конституциялық реформаны дұрыс түсіндірмеумен" байланыстырды. Ведомствоның мәлімдеуінше, "қоғамдық тәртіп бұзылмас үшін, Дехкан базарының аумағында тәртіпті сақтау үшін құқық қорғау органдарының күштері жұмылдырылған". Өзбекстан билігі жағдайға "кейбір азаматтарды" кінәлады. ІІМ хабарламасында наразылардың талаптары жөнінде айтылмаған. Бұған қоса, ұсталғандар жайлы да ақпарат айтылмайды.

Видео: Өзбекстан Қарақалпақстанды статусынан айырмақ. Бұған қарақалпақтар наразы (1 шілде 2022 жыл).

Өзбекстан Қарақалпақстанды статусынан айырмақ. Бұған қарақалпақтар наразы
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:29 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG