Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақстан республикасының билігі жаппай наразылықтан кейін "басқару органдарын басып алу талпынысы" болғанын мәлімдеді. Бір күн бұрын Қарақалпақстан астанасы Нөкіс пен өзге қалаларда жұрт ресми Ташкенттің Қарақалпақстанды "егемен" статусынан айыру жоспарына наразылық білдірген.
Қарақалпақстан билігі органдарының 2 шілде күнгі ортақ мәлімдемесінде "тәртіпсіздікті ұйымдастырушылардың" Нөкістегі әкімшілік ғимараттары орналасқан алаңға азаматтарды жинап, "мемлекеттік мекемелердің деректерін иемденуге тырысқаны, осылайша қоғамға жік салып, Өзбекстандағы қоғамдық-саяси жағдайды тұрақсыздандыруға талпынғаны" жазылған. Мәлімдемеге сүйенсек, күштік құрылым өкілдері "бүлікшілердің жолын кескен", қарсылық көрсеткендерін ұстаған. Мәлімдемеде оқиғаның себептері, наразылыққа қатысушылар саны мен ұсталғандар жайлы мәлімет жоқ.
Қарақалпақстанда интернет байланысы нашар, ол жақтан балама ақпараттар сирек түсіп жатыр.
Қарақалпақстанда Өзбекстан Конституциясының жобасы жарияланғаннан кейін наразылық басталған. Жоба мәтіні қоғам талқылауына 26 маусымда шығарылды. Өзбекстан аумағының 40 пайызын алып жатқан Қарақалпақстан тұрғындары жобадағы бірнеше пунктіге қарсы шыққан, атап айтқанда Қарақалпақстанды "егемен" статусынан және Өзбекстан құрамынан шығу құқығынан айыруға қарсы.
"Алға, Қарақалпақстан" қозғалысының жетекшісі Аман Сағидуллаевтың Азаттыққа айтуынша, тұрғындар жергілікті заңгер әрі тәуелсіз журналист Дәулетмұрат Тәжімұратов ұсталған соң жаппай көшеге шығып, оны босатуды талап еткен. Кейін тәуелсіз журналистің халық талабынан соң қайта босатылғаны айтылды. Алайда бұл ақпаратты тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру қиын.
Видео: Өзбекстан Қарақалпақстанды статусынан айырмақ. Бұған қарақалпақтар наразы (1 шілде 2022 жыл).
Өзбекстан ІІМ 1 шілдеде Нөкістегі наразылыққа байланысты алғаш рет мәлімдеме таратып, оны "Конституциялық реформаны дұрыс түсіндірмеумен" байланыстырды. Ведомствоның мәлімдеуінше, "қоғамдық тәртіп бұзылмас үшін, Дехкан базарының аумағында тәртіпті сақтау үшін құқық қорғау органдарының күштері жұмылдырылған". Өзбекстан билігі жағдайға "кейбір азаматтарды" кінәлады. ІІМ хабарламасында наразылардың талаптары жөнінде айтылмаған. Бұған қоса, ұсталғандар жайлы да ақпарат айтылмайды.
Қарақалпақстан билігінің 2 шілде күнгі мәлімдемесінде "сыртқы күштердің жағдайға ықпал етуге тырысқаны" жайлы да айтылған. Бірақ биліктің нақты кімді меңзегені белгісіз.
Наразылық тұтанған шақта Өзбекстан Қазақстанның Маңғыстау облысымен шектесетін өткізу бекетін жапты. Ресми түрде бұл қадам "ақпараттық жүйенің істен шығуымен" байланыстырылды. Қазақстан ҰҚК Қарақалпақстан – Бейнеу (Маңғыстау станциясы) бағыты бойынша темір жол қатынасын тоқтату да жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
Қарақалпақстан Қазақстанның Маңғыстау, Ақтөбе және Қызылорда облыстарымен шектеседі. Өзбекстан аумағының 40 пайызын алып жатқан республикада екі миллионға жуық адам тұрады, олардың арасында қарақалпақтар, өзбектер және қазақтар бар. Қарақалпақ тілі түркі тілдердің ішінде қыпшақ тобына жатады, қазақ тілімен қатты ұқсас.