Каспий құбыр желісі консорциумы (КҚК) Новороссийскінің Приморск аудандық сотына қайрылып, сот қаулысын орындауды шегеруді өтінді. Бұған дейін сот Қазақстан мұнайын экспорттайтын консорциум жұмысын 30 күнге тоқтатқан болатын.
КҚК өкілдерінің айтуынша, "заң бойынша өндіріс процесіне орасан зиян келтіретін шараларға жол беруге болмайды".
"КТК-Р" АҚ үздіксіз жұмыс істейтін кәсіпорын, оның қызметін дереу тоқтатса, өндіріс процесіне орасан зиян келуі мүмкін, техника нысанында ауыздықтауға келмейтін қолайсыз жағдай пайда болуы ықтимал" деп жазылған КҚК хабарламасында.
Осыған дейін Новороссийскінің Приморск аудандық соты "экология ережелерінің бұзылуына байланысты" құбыр желісінің жұмысын 30 күнге тоқтатқан еді. КҚК істі шегеруді өтінгенмен сот өтінішін орындамаған.
КҚК арқылы тасымалданатын мұнайдың 90 пайызға жуығы – Қазақстаннан келеді және олар түгелге жуығын шикізатпен "Теңіз", "Қашаған", "Қарашығанақ" мұнай жобалары қамтамасыз етіп отыр. Осы құбырмен Ресей мұнай кеніштерінде өндірілген біраз шикізат та тасымалданады.
Ресей Украинаға басып кіріп, Батыс елдері Мәскеуге санкция салғалы бері Қазақстан мұнай экспорттау бойынша алғаш рет шектеуге ілініп отырған жоқ. Биыл наурызда құбыр консорциумының Ресейдің Новоросийск қаласы түбіндегі теңіз портында мұнай тасымалдайтын екі қондырғысы істен шығып, жұмысын ішінара тоқтатқан. Тек мамырдың соңында қалпына келгені хабарланды. Ресми түсіндіруі бойынша, оған теңіз дауылы себеп болған. Алайда наурыз айында немістің Handelsblatt басылымы зерттеу жариялап, Ресей Қазақстан мұнайының Еуропа нарығына шығуына қасақана түрде бөгет жасаған деген тұжырым жасаған.
Қазақстандық экономист Алмас Чукин Facebook парақшасында құбыр желісінің жұмысы 30 күнге тоқтаса, Қазақстан мен экспортерлар 300-500 млн долларға шығынға батады деп жазды.