Қырғызстан астанасы Бішкек қаласының Ленин аудандық ішкі істер бөлімі Қазақстандағы Қаңтар оқиғасы кезінде соққыға ұшыраған музыкант Викрам Рузахунов ісі бойынша тергеуді аяқтады. Бұл жөнінде Рузахунов фейсбук парақшасында жариялады деп хабарлайды "Настоящее время".
"Сараптама денсаулығыма ауыр зақым келгенін көрсетті. Жиналған материалдар кінәлі адамдарды жауапқа тарту үшін Қырғызстанның бас прокуратурасы арқылы Қазақстанға жіберіледі", – деп жазды Рузахунов.
Биыл Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанның құқық қорғау органдары Қырғызстан музыканты Викрам Рузахуновты ұстап, ұрып-соққан.
Бастапқыда Алматыдағы бүлікке байланысты ұсталған адамның видеосы Қазақстанның мемлекеттік ақпарат құралдарында жарияланып, оны Ресей мемлекеттік ақпарат агенттіктері іліп әкеткен. Видеода бет-жүзінде соққының ізі бар ер адам "Қырғызстанда жұмыссыз қалғанын, содан соң Қазақстандағы қарсылық митингісіне қатысуға келісім беріп, 90 мың теңге алғанын" айтады.
Видеода адамның аты-жөні аталмағанымен, қырғызстандықтар оның джаз музыкант, пианист Викрам Рузахунов екенін танып қалған. Кейін Қырғызстан ішкі істер министрлігі оның Алматыға гастрольге жиі баратынын, жаңа жыл алдында концерт бағдарламасына шақырылғанын хабарлаған.
Қазақстанның Бішкектегі елшілігі алдында 9 қаңтарда Рузахуновты қорғауға арналған митинг басталған. Оның жиырмаға жуық әріптесі мен серіктері мән-жайды анықтауды талап еткен. Қырғызстан сыртқы істер министрлігі Қазақстанға қарсылық нотасын жіберген.
Көп ұзамай музыкант Бішкекке жеткізіліп, ауруханада операция жасалған. Викрам Рузахунов қазақ құқық қорғау огандары қызметкерлерінің ұрып-соғып, азаптағанын мәлімдеген. Музыканттың миы шайқалып, қабырғасы сынған.
Осыдан кейін Қазақстанда "азаптау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қырғызстан милициясы да қылмыстық іс қозғап, сараптама жасатуға кіріскен.
Биыл мамыр айында Қазақстандағы қылмыстық істің тоқтатылғаны белгілі болған, оған "Рузахуновтың Алматыдағы тергеу ісіне келмеді" деген уәж айтылған.
Биыл қаңтарды бас кезінде Жаңаөзен қаласында басталған наразылық акциясы елдің түкпір-түкпіріне жайылып, экономикалық талаптан саяси талапқа ауысқан. Бірқатар өңірде әкімшілік ғимараттар мен полиция бөлімшелері, "Нұр Отан" партиясының кеңселері, дүкендер өртелген.
Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда Қаңтар оқиғасы кезінде 238 адам өлген. Қазақстан билігі азаптау туралы шағым бойынша 200-ден астам қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген.
Шілденің соңында "азаптады" деген күдікпен құқық қорғау органдарының тоғыз қызметкері қамауға алынғаны мәлім болды. Оның сегізі – ҰҚК қызметкері, біреуі – полицей. "Азаптау, рұқсат етілмеген тәсілдерді пайдалану" бабы бойынша барлығы 15 адам күдікті болған.
Қаңтар оқиғасы кезінде Қырғызстанның 10-ға жуық азаматы ұсталып, босатылған. Қырғызстанның екі азаматы қаза болған.
.
ПІКІРЛЕР