Accessibility links

Украина оңтүстіктегі жерлерін қайтару үшін қарымта шабуылға шықпақ


Украина Херсон облысындағы Новая Каховка қаласына шабуыл жасап, Ресейдің қару қоймасын жардық деп мәлімдеді. 11 шілде 2022 жыл.
Украина Херсон облысындағы Новая Каховка қаласына шабуыл жасап, Ресейдің қару қоймасын жардық деп мәлімдеді. 11 шілде 2022 жыл.

Кейінгі күндері Ресей әскері Украина қалаларын атқылауды күшейтіп, шабуылдан бейбіт тұрғындардың қаза болғаны хабарланды. Кремль Луганск облысының басым бөлігіне бақылау орнатқан соң енді Донецк облысына көз тігіп отыр. Ал Украина президенті Владимир Зеленский елдің әскери басшылығына оңтүстік аймақтарды қайтару үшін жоспар құруды тапсырды. Украинадағы соғыста не болып жатқанын шолып шықтық.

Зеленский 11 шілдедегі мәлімдемесінде Ресей әскері кейінгі екі күнде 34 рет әуе шабуылын жасағанын мәлімдеді. Украина тарабы Часов Яр қаласына әуеден жасалған соққыдан 47 бейбіт тұрғын (біреуі бала) қаза тапқанын айтты. Донецк облысындағы бұл шағын қаладағы бес қабатты тұрғын үйге ракета түскен еді. Мерт болғандар саны артуы мүмкін, себебі үйінді астын тазалау әлі жүріп жатыр.

Украина тарабы тұрғын үйге жасалған шабуылды "соғыс қылмысы" деп атап, Батыс елдерінен Ресейге төтеп беретін қару сұрады. АҚШ-та орналасқан Соғысты зерттеу институты Ресей шабуылын жалғыстыру үшін әскерін қайта жасақтап жатыр, ал қалаларды артиллериямен атқылау жаңа шабуылдарға дайындық деп мәлімдеді.

Қираған тұрғын үйдің фотолары мен видеоларының тарағанына қарамастан Мәскеу бейбіт тұрғындарға шабуыл жасағанын жоққа шығарады.

Украинаның Часов Яр қаласында қираған үй. 10 шілде 2022 жыл.
Украинаның Часов Яр қаласында қираған үй. 10 шілде 2022 жыл.

Бұған қоса, Ресей украин күштері Украинаның Херсон облысындағы Новый Каховка қаласына шабуыл жасады деп айыптап, шабуылдан адам шығыны болды деді. Бұл қала Ресейдің бақылауында.

"Өкінішке қарай, бірнеше адам қаза тапты, көп адам жараланды, ондаған адам үйсіз қалды" деді өзін Каховка әскери-азаматтық аймағының басшысы деп таныстырған Владимир Леонтьев ресейлік ТАСС агенттігіне. Ол шабуылдан қанша адам қаза тапқанын нақты атамады.

Ал Украина қарулы күштері "бұл - Ресей оккупациялап алған аймақтарға қарымта шабуылдың бір бөлігі, шабуыл Новый Каховкадағы қару қоймасына жасалды" деп мәлімдеді. Украина тарабы HIMARS арқылы жасалған бұл шабуылдан Ресейдің 150-ден аса солдаты қаза болғанын, олардың арасында бір генерал мен бес офицер барын айтады.

Соғыс уақытында екі тараптың да мұндай мәлімдемелерін тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру қиын.

Украина қауіпсіздік кеңесінің бас хатшысы Алексей Данилов "АҚШ Украинаға дүркіндете ататын реактивті қару жүйесін (HIMARS) бергелі әскеріміз кейбір шепте жетістікке жете бастады" деп мәлімдеді.

Ресей әскерінің ракетасы Харьковтағы тұрғын үйге де түсті. 11 шілде 2022 жыл.
Ресей әскерінің ракетасы Харьковтағы тұрғын үйге де түсті. 11 шілде 2022 жыл.

8 шілдеде АҚШ Украинаға тағы төрт дана HIMARS қаруын беретінін мәлімдеді. Сонымен Украинада бұл қарудың 12 данасы болады. Бұған қоса, АҚШ 11 шілдеде мәлімдемесінде Иран Ресейге "жүздеген" әскери дрон бермек және Ресей әскерлерін дрондарды қолдану бойынша жаттықтырмақ деді.

Ал Украина президенті Зеленский елдің әскери басшылығына Украинаның оңтүстік облыстарын қайтару үшін жоспар дайындауды тапсырды. Қазір Украинаның оңтүстігіндегі Херсон облысы, Харьков мен Запорожская облысының бір бөлігі Ресейдің бақылауында.

"Бұл елімізге саяси тұрғыдан маңызды, сондықтан президент әскери басшылыққа жоспар құруды тапсырды" деді Украина қорғаныс министрі Алексей Резников.

Оның сөзінше, қазір Украина әскерилерінің саны 700 мыңнан асады, ал әскери қақтығысқа ұлттық гвардия, полиция және шекарашыларды қосқанда бір миллиондай адам араласа алады.

Ресейдің тағы бір қару қоймасы жарылды. АҚШ Иранды Мәскеуді қарумен қолдамақ деп айыптады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:12 0:00

Украина премьерінің орынбасары Ирина Верещук Херсон облысында тұратын украиналықтарды аймақтан кетуге шақырды.

Ал Ресей президенті Владимир Путин Украина азаматтарына Ресей төлқұжатын алу ережесін жеңілдетті. Енді Украинаның кез келген азаматына "Ресейде бес жыл тұру керек" деген талап қойылмайды, олар орыс тілінен тест тапсырмайды. Украина тарабы Путиннің бұл шешімін сынап, "тәуелсіз елді жаулаудың жалғасы" деп атады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG