Accessibility links

Билік "Қазфосфат" басшылығына қатысты тергеу жүріп жатқанын хабарлады. Зауытты мәжілістің бұрынғы спикерінің ұлы басқарады


Минерал тыңайтқыштар өндіретін "Қазфосфат" зауыты басшылығына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды деп хабарлады қаржы мониторинг агенттігі. Қылмыстық істі 13 шілдеде Жамбыл облысының экономикалық тергеулер департаменті тіркеген. "Монополия қызметі" бабы бойынша тергеу аймақтық бәсекені қорғау және дамыту департаментінің қорытындысы негізінде басталған.

Қаржы мониторинг агенттігінің хабарлауынша, "аммофосты" қымбатқа сату арқылы "заңсыз табыс тауып", "монополия жағдайын асыра пайдалану" фактісі тіркелген.

Бір күн бұрын президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында тыңайтқыш зауыты үлестес компанияға өнімінің едәуір бөлігін сатып, өз кезегінде ол оны 30 пайызға қымбаттатып сатқанын айтқан.

"Қазфосфат" зауытын мәжілістің бұрынғы спикері Нұрлан Нығматулиннің ұлы Нұрхан Нұрланов басқарады.

Қаңтар оқиғасынан кейін экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жақын бірқатар жоғары лауазымды тұлғалар қызметінен айырылған. Нұрлан Нығматулин 1 ақпанда мәжіліс спикері қызметінен кетті.

Бірнеше күн бұрын "Қазфосфат" зауытында апат болып, Тараз қаласын көк түтін басқаны хабарланды. Тұрғындар тыныс алудың қиындағанына шағымданды. Экология министрлігі бастапқыда фторсутек қалыпты нормадан екі-үш есеге артты, аммиак, күкіртсутек, көмірқышқыл газының артық мөлшері анықталмады деп хабарлаған. Кейін ластаушы заттардың артық мөлшері анықталмады деп мәлімдеген. Жамбыл облысының әкімдігі "тұрғындар денсаулығына қауіп жоғын" айтты.

Видео: Тараздағы химиялық зауытта апат болып, қаланы көк түтін басты (12 шілде 2022 жыл).

Тараздағы химиялық зауытта апат болып, қаланы көк түтін басты
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:08 0:00

Кейінгі бір жарым айда кәсіпорында үш апат болды, екеуінде адам өлімі болған.

XS
SM
MD
LG