Ләззат Досмамбетова – Қаңтар оқиғасынан кейін істі болып, "саяси тұтқын" деп танылған жалғыз әйел белсенді. Өткен аптада Шымкент соты көп балалы анаға түрме жазасын кесті. Адвокаттар Досмамбетованың кінәсіне "айғақ жоғын" айтады. Судья үкімді белсендінің телефондағы әңгімесіне негіздеп шығарған.
15 шілдеде түске қарай Шымкент шетінде тұратын Досмамбетовтер үйіне жұрт жинала бастады. Оларды үйдің қазіргі үлкені – 24 жастағы Айжан Нәдірбек қарсы алды.
Қонақтар – үй иесі, азаматтық белсенді Ләззат Досмамбетованың жақтастары мен құрбылары. Кейінгі жеті айдан бері қамауда отырған Ләззаттың үкімін тыңдауға бәрі бірге бармақ.
Айжан мен оның үш бауыры анасының бостандыққа шығуын атап өтуге дайындалып жатқан. Кешке Ләззатпен бірге тойлаймыз деп, құрбылары үйде дастархан жайып қойды.
Ләззаттың кенжесі – 10 жасар Әкежан кейінгі екі айдан бері шешесімен кездесуге кіре алмаған. "Маманы өзім ертіп әкелемін" деп, күндізгі үшке қарай әл-Фараби аудандық сотына әпкесі Айжанға еріп барды.
Анасының қоғамдық қорғаушысы ретінде Айжан ішке кірді. Сот залына сыймаған басқа адамдармен бірге Әкежан сыртта қалды.
Үш сағаттан кейін іштен Айжан дауыстап жылап шықты. Сот үкімін естіген Әкежан қосыла жылады. Судья Ләззат Досмамбетованы жаппай тәртіпсіздік бабымен айыпты деп танып, үш жыл жеті айға бостандығынан айырып, жазасын орташа қауіпсіз мекемеде өтесін деп үкім шығарды. Белсендіні сот залынан бірден абақтыға әкетті.
Әкежан анасын сол күйі көре алмады. Шымкент шетіндегі үйіне әпкесі екеуі қайтты. Отырыс болмады.
"ЕКІ ПИЦЦА, ЕКІ ШАЙ"
51 жастағы Ләззат Досмамбетова 2019 жылдан бастап Шымкенттегі наразылық акцияларына қатысып жүрді. Қымбатшылыққа қарсы ұрандар айтатын; сол кезде көзі тірі ақын, диссидент Арон Атабек пен басқа да саяси тұтқындарды босатуды талап ететін. Онысы үшін полиция бірнеше рет ұстап, әкімшілік жауапқа тартқан.
2021 жылы маусымда Досмамбетованың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Полиция оған Қазақстанда "экстремистік ұйым" деп танылған, тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" мен "Көше партиясы" қозғалыстарының жұмысына араласып, ұйым құрды деген айып тақты. Қыркүйекте сот Досмамбетованы кінәлі деп тауып, бостандығын екі жарым жылға шектеді. Белсенді тағылған айыпты "саяси қудалау" деп санайды.
Ләззат Досмамбетованың төрт баласы бар: 24 жастағы Айжан, 20 жастағы Абзал, 15 жастағы Мұхаммедәлі және 10 жасар Әкежан. Тұңғышы Айжан жұмыс істейді. Абзал – университетте, одан кейінгі екі ұл мектепте оқиды.
Ләззаттың мамандығы – дефектолог, мейірбике. Көп жыл мемлекеттік мектеп-интернатта еңбек еткен. Айжан анасын "ешкімге соқтықпайтын, бірақ өзіне тиіскен кісіге есесін жібермейтін" деп сипаттайды.
– 2017 жылы мектеп-интернатта жұмыс істеп жүргенде директор ауысып, мұғалімдердің сағатын себепсіз қысқарту, ақша жинау көбейді. Анам соны айтқаны үшін жұмысынан қуылды. Кейін директорды сотқа беріп, оның қызмет лауазымын асыра пайдаланғанын дәлелдеп, жеңіп шықты, – дейді қызы.
Айжанның сөзінше, былтырғы үкімнен соң анасы үйде отырып, жеке компанияда қашықтан менеджер болып істеген.
Сот белсендіге бес жылға дейін қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға да тыйым салған. Сол үкім шыққаннан кейін Досмамбетова ешқандай наразылыққа қатыспаған.
– Бірақ Қаңтар оқиғасы кезінде "Бүкіл Қазақстан шыққанда, мен қалай үйде отырамын?" деп алаңға барды, – дейді Айжан.
Қымбатшылыққа, жұмыссыздық пен күнкөрістің қиындығына наразылығын айтып, билікке талаптарын қойып бейбіт митингіге шыққан Жаңаөзен тұрғындарын 4 қаңтарда шымкенттіктер де қолдап, көшеге шықты. Шеру тартқан мыңдаған адам қас қарая Шымкент әкімдігінің алдына жиналды. Бейбіт басталған наразылықтың арты дүрбелеңге ұласты.
Ертеңіне кешке адамдар қала әкімдігі алдындағы алаңға қайта жиналды. Куәгерлердің сөзінше, жиналғандарға оқ атылған. Ресми дерек бойынша, полиция қаруынан атылған оқтан жиырма адам қаза тапқан. 200-ден аса адам жараланды.
5 қаңтарда кешкі сегіз жарым шамасында Ләззат балаларына "алаң жаққа барамын" деп, үйінен шығып кеткен. Жанында шымкенттік тағы бір белсенді Қайрат Сұлтанбек болған.
15 шілдеде сот отырысы кезінде Ләззат Досмамбетова әкімдік алдындағы алаңда "халықтың несиесін кешіру, жұмыссыздық, жалақының аздығы сияқты әлеуметтік көкейкесті мәселелерді көтермек болғанын" айтты.
Оның сөзінше, алаңға жете бергенде жүрегіне оқ тиген жігітті көтеріп келе жатқан бір топ адамға кезіккен. Ләззат сұлқ жатқан жігітке алғашқы медициналық көмек көрсетуге тырысқанымен, оның көз жұмғанын біледі.
– Алаңдағы айқай-шуды естігенім болмаса, мен тұрған маңда тәртіпсіздік болған жоқ. "Шал, кет!", "Парламенттік республика!" деп айқайлағаным рас. Демократиялық республикада тұрғым келді, – деді сотта сөйлеген Досмамбетова.
Адвокаттардың сөзінше, алаңда екі сағаттай болған Досмамбетова мен Сұлтанбек "оқ атылып жатқанын көрген соң" әкімдік маңынан кетіп қалған. Олар қаланың басқа бір шетіне – Жаңа шаһар ықшам ауданындағы кафеге барады.
– Тергеу барысында сол кафені таптым, – дейді адвокат Еркін Қахаров. – Екеуіне қызмет көрсеткен даяшымен сөйлестім. Оны тергеуге де алып бардық. Түсінік беріп жатып, екеуінің не тапсырыс бергенін көрсетті. Екі пицца, екі шай алған. Екеуінің кафеде отырғаны камераға түскен. Сосын үйлеріне қайтқан.
"БОСАП ШЫҒАТЫНЫНА СЕНІМДІ ЕДІ"
8 қаңтарда дәріханада фармацевт болып істейтін Айжан жұмысына кетеді. Түске қарай қонаққа келген жеңгесі хабарласқан.
– Қару асынған жиырма шақты адам үйге басып кіріпті. Дарбазадан, дуалдан қарғып түскен. Ай-күні жетіп отырған жеңгем шошып қалыпты. Үйде анам мен інім бар еді, – дейді Айжан.
Туысының сөзінше, арнайы жасақ үйінде отырған Ләззат Досмамбетованың қолын қайырып, күштеп алып кеткен. Белсенді содан бері Шымкенттегі 167/11 тергеу изоляторында қамауда болды.
Айжан қоғамдық қорғаушы мәртебесін алған соң абақтыда отырған анасымен жиі кездесіп тұрды. Ол дәріханадағы жұмысын түнгі мезгілге ауыстырып, күндіз анасының шаруасымен айналысқан.
– Жеті ай бойы тергеу изоляторына аптасына бес рет тамақ тасыдым, – дейді ол. – Отырған жерінде адам ішетін тамақ бермейді. Картоп пен пияздың қабықтары жүреді екен. Салқын суға шай салып береді.
Ләззат Досмамбетова биылғы туған күнін қамауда қарсы алған. 3 ақпанда белсенді 51-ге толды.
– Торт кіргізуге болмайды екен. Пирог пісіріп апардым. Анам әйнектің ар жағында отырды, телефонмен сөйлестік. Мамам әдеттегідей жылады. Інілерімді құшақтай алмады. Қаңтардан кейін үміті үзілген. Інілеріме де зияны тиіп жатқандықтан "шыққан соң белсенділікті қоямын" деп отыр еді. "Қамаудан шыққан соң, Шымкенттен көшеміз" деген.
Айжанның сөзінше, шешесі остеохондрозға шалдыққан. Тергеуде отырғанда "стресс салдарынан сырқаты күшейген". Ол тергеу абақтысына дәрі-дәрмек апарып беріп, анасын емдеуге тырысқанын айтады.
– Мамам кінәсіз болғандықтан босап шығатынына бек сенімді еді. Адвокаттар ақтап алатынына күмәні болмады, – дейді ол.
ҮКІМГЕ НЕГІЗ БОЛҒАН ТЕЛЕФОН ӘҢГІМЕСІ
Прокуратура Ләззат Досмамбетованың ісін шымкенттік тағы екі белсенді – 4 қаңтарда оның қасында бірге болған 48 жастағы Қайрат Сұлтанбек пен 44 жастағы Жанмұрат Аштаевтың ісімен біріктіре қараған.
Адвокат Қахаровтың айтуынша, тергеу басталғалы арнайы прокурорлар айыптау актісін төрт рет өзгерткен.
Әуелі үш белсенді "Ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасау немесе оларды басып алу" (269-бап), ал Қайрат Сұлтанбекке бұған қоса "Бұзақылық" (293-бап) қылмысына күдікті деп танылған. Кейіннен іс қайта сараланып, үшеуіне "Жаппай тәртіпсіздік" (272-бап) айыбы тағылды.
Белсенділер тағылған айыпты жоққа шығарады. Сұлтанбек, Досмамбетова мен Аштаев "бейбіт наразылық білдіргенін, бірақ жаппай тәртіпсіздікке қатыспағанын" айтады.
– Біз белсенді ретінде саяси қудалаудағы адам болғандықтан осылай қамауға алынып отырмыз, – деді Досмамбетова сот басталған күні.
Шымкенттің әл-Фараби аудандық соты үш белсендінің ісін қарауды 13 шілдеде бастап, екі күннен кейін судья Еркебұлан Төлешов үкім шығарды.
Соттағы жарыссөз кезінде прокурор Құндыз Қаратаева белсенділер айыбының айғағы ретінде Сұлтанбектің Досмамбетова және Аштаевпен әңгімелерін ұсынды. Жасырын тергеу амалдары кезінде Сұлтанбектің телефоны тыңдалған.
Азаттық тілшісі кейінірек сот үкімін көріп, мазмұнымен танысты. Онда Сұлтанбек пен Досмамбетова Шымкент қаласындағы жаппай тәртіпсіздік туралы сөйлескені, әңгіме барысында екеуінің "адамдарды қаруландыру, ғимараттарды алып қою, өртеу, қирату сияқты заңсыз әрекеттерді талқылағаны" айтылған.
Үкімде "үш белсендінің телефон әңгімесі барысында айтқан сөздері орындалып, жүзеге асқаны" жазылған. Сот үшеуінің әңгімелерінде "жаппай тәртіпсіздікке шақыру белгісі бар" деп тұжырым жасайды. Судья Төлешов "стенограммаларды, сараптамаларды, басқа да құжаттарды зерделеп", Досмамбетова, Сұлтанбек пен Аштаев Шымкентте 4-6 қаңтарда болған жаппай тәртіпсіздікке қатысқан, басқа адамдарды қатысуға шақырған" деп шешім шығарған.
Бір қызығы үкімде үш белсенді мұндай мазмұндағы әңгімелерді 6 қаңтарда айтқаны жазылған. Бұл кезде қалада дүрбелең басылып, ахуал ендігі тыныштала бастаған еді. Азаттық сот аяқталған соң судья Төлешовке "Жаппай тәртіпсіздік өтіп кеткен соң айтылған екеуара әңгіме қалайша бір-екі күн бұрынғы тәртіпсіздікке үндеу болуы мүмкін?" деп сұрақ жолдады. Судья хатқа да, телефонға да жауап бермеді.
– Бұл адвокат, прокурор, судья түгілі жай адамның да ақылына қонбайтын нәрсе, – дейді белсенділердің адвокаты Мұрат Жолшиев. – Үшеуі ешқандай заңсыз әрекетке бармаған, тек телефонмен талқылаған. Оның үстіне бұл әңгімелерді дүрбелең өтіп кеткен соң айтқан.
Адвокаттардың жарыссөз кезінде айтқан уәжі ескерілмеді. Сот Ләззат Досмамбетованы – үш жыл жеті айға, Аштаевты – үш жыл бір айға, Сұлтанбекті үш жарым жылға бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Белсенділер жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтейтін болды.
– Масқара! – деп айқайлады туыстары.
– Ештеңе істеген жоқпын ғой, – деп жылады Досмамбетова.
Жұрт белсенділерді сот залынан әкетіп бара жатқан арнайы күзетті тоқтатуға тырысты. Аштаевтың аяғы ауыр әйелі есінен танып құлады. Айжан сот залынан ентіге жылап шықты. Өкіріп жылаған, бірін-бірі жұбатқан ондаған адамды полиция жарты сағаттай қоршап тұрды.
– Бұл адамдарды қалай соттап жібергенін түсінбедім. Адвокаттық тәжірибемде мұндай болған емес. Судья қателік жіберді, – деді Еркін Қахаров. – Тергеу басталғалы прокурорлардан күнде дәлел сұрап келемін, – бір де бір айғақ жоқ. 272-бап – өте ауыр айып. Кемінде жүз куә болуы керек. Олардың бір куәгері де жоқ. Бұл қылмыстық емес, саяси іс екеніне жүз пайыз сенімдімін.
"САЯСИ ТҰТҚЫНДАР"
Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның дерегінше, Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанда 32 саяси белсендінің үстінен қылмыстық іс қозғалған.
Қазірге дейін төрт адамға сот түрме жазасын кесті, тағы төрт белсенді өз ісі бойынша сот процесі қашан басталатынын күтіп тергеу изоляторында отыр. Қалған белсенділердің бұлтартпау шарасы өзгертіліп, үйқамаққа жіберілген. Олар да ісі сотқа жеткенін күтіп отыр.
Қазақстандық құқық қорғаушылар Қаңтар оқиғасы кезінде бейбіт наразылыққа ғана қатысып, артынша істі болған белсенділерді "саяси тұтқын" деп тани бастады. Қазірге дейін алты адамға осындай статус берілген.
Сарапшылар кеңесі бұл азаматтардың саяси белсенділікпен бұрыннан айналысып жүргенін, Қаңтар оқиғасы кезінде бейбіт наразылыққа ғана қатысқанын ескеріп, олар "саяси белсенділігі үшін қуғын-сүргінге ұшыраған" деп тапқан. Таяуда құқық қорғаушылар тобы тағы бес белсендіні осы тізімге қосу мәселесін қарастырмақ.
– "Саяси тұтқындар" тізімін ойдан жаза салмаймыз, – дейді құқық қорғаушы Төреғожина. – Сарапшылар кеңесінде қаралады. Белсендіні "саяси тұтқын" деп тану үшін оның Қаңтар оқиғасы кезінде заңға қайшы әрекетке бармағанына дәлел керек. Бұл өте қиын. Себебі белсенді қамауда отырған болуы мүмкін, ал туыстары бізге ешқандай құжат бере алмайды. Тізімді толықтыру бойынша жұмыс әлі жалғасып жатыр.
Қазірге дейін "саяси тұтқын" деп танылған алты азаматтың қатарына 15 шілдеде үкімі шыққан шымкенттік үш белсенді – Қайрат Сұлтанбек Жанмұрат Аштаев пен Ләззат Досмамбетова кірген. Тағы үш белсенді – оппозициялық саясаткер Жанболат Мамай, алматылық Дархан Уәлиев пен семейлік Фарид Ішмұхамметов те "саяси тұтқындар" тізімінде бар.
– Саяси белсенділер Қаңтар оқиғасы кезінде бейбіт наразылық білдірудің үлгісін көрсетті. Себебі олар [заң бұзудың] жауапкершілігі қандай екенін жақсы біледі. Ал енді оларға билік жала жауып отыр, – дейді Төреғожина. – Мысалы, Мамай көптің алдында сөйлеп, кейін қайтып кетті. Алаңда оның өзіне шабуыл да жасалды. Уәлиев тіпті жұртты сабырға шақырып жүрген. Ешбірінің мемлекеттік төңкеріске де, жаппай тәртіпсіздікке де қатысы жоқ.
Қазақстан билігі әрқайсы үш жылдан асатын мерзімге сотталған шымкенттік үш азаматтың "саяси белсенді" екенін мойындайды. 18 шілдеде Нұр-Сұлтанда өткен баспасөз жиынында Бас прокуратура өкілі Елдос Қилымжанов Сұлтанбек, Досмамбетова мен Аштаевты "экстремистік ұйым мүшелері" деп атады.
Қилымжанов үш белсендінің "Қазақстанның демократиялық таңдауы", "Көше" партиясы қозғалыстарына белсенді қатысқанын айтты. Бұл ұйымдарды Қазақстан билігі экстремистік деп танып, қызметіне тыйым салған. Бірақ оларды Еуропа парламенті "бейбіт оппозициялық ұйым" деп есептейді.
Үш белсендінің Шымкент әкімдігі алдындағы жаппай тәртіпсіздікке қатысқанына нақты айғақ жоғына қарамастан, Қилымжанов "олар бүлдіріп-қиратуға қатысып, мемлекеттік мүлікке зақым келтірді; қала әкімдігі ғимаратына шабуыл жасады" деп мәлімдеді.
– Билік көзді бақырайтып қойып үш белсендіні соттап жіберді, – дейді құқық қорғаушы Төреғожина. – Жеті айда оларды екі-ақ рет тергеген! Тергеудің қалай жүргенін елестете беріңіз. Бұл сұмдық қой. "Саяси тұтқындардың" болуы елдің демократиялық мемлекет емесін, азаматтардың саяси құқығы сақталмайтынын көрсетеді.
"АҚЫРЫНА ДЕЙІН КҮРЕСЕМІН"
Айжан жеті ай бойы қалалық прокуратура алдына жиі барып, басқа белсенділермен бірге анасын босатуды талап етіп жүрді.
– Мені қабылдағанда прокурорлар "анаңды шығарамыз, шартты жаза береміз, уайымдама" деп қайтаратын. Мен соңғы минутқа дейін сендім. Бізде айқын дәлелдер болды, – дейді ол. – Үкімді естігенде аяқ-қолым тартылып қалды. Үйге қалай келгенімді білмеймін. Інілерім ауыр қабылдады. Кіші екеуінің қызуы көтеріліп, екі күн жатып қалды.
Ләззат Досмамбетова қамауда отырған жеті айда Айжанның өмірі түбегейлі өзгерген.
Биыл желтоқсан айында ол Work and Study бағдарламасымен АҚШ-қа кетуге әзірленіп жүрген. Сонда жұмыс істеп, кейін медицина саласындағы оқуын жалғастырмақ еді.
Бірақ анасы істі болғаннан кейін Айжан жолдамадан бас тартқан. Құжаттар мен жол шығынын өтеу үшін алған бір миллион теңгеге жуық кредитін қамаудағы шешесі мен інілерінің ішіп-жеміне жұмсаған.
Жеті айда төртеуінің күнкөрісі қиындаған. Айжанның айлығы жүз мың теңгеден сәл асады. Университетте оқитын інісі жалдамалы жұмысқа кірісіп, қараса бастаған. Туыстары да көмектесіп тұрады.
Айжан әдеттігей дәріханадағы жұмысына барып жүр. Түнгі ауысымда істеп, күндіз анасының ісімен жүгіреді. Қазір үкімге қарсы апелляцияға шағым беруге әзірленіп жүр. Әлі 15 күні бар.
– Қорқамын. Еш дәлелсіз соттап жіберген адамдардан басқа нәрсе де күтуге болады. Бірақ мен ақырына дейін күресемін. Шетелге айтамын, жар саламын. Мұнда қандай заңсыздық болып жатқанын бәрі білуі керек, – дейді Айжан.
Мақаланы әзірлеуге Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі Дилара Иса атсалысты.
ПІКІРЛЕР