Accessibility links

Орталық Азия елдерінің басшылары достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа қол қойды


Солдан оңға қарай: Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Түркіменстан басшысы Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев. Қырғызстан, 21 шілде 2022 жыл.
Солдан оңға қарай: Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Түркіменстан басшысы Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев. Қырғызстан, 21 шілде 2022 жыл.

Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан басшылары 21 шілдеде Орталық Азия елдері басшыларының төртінші консультативтік кездесуі кезінде достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров құжатқа қол қоюды тарихи сәт деп атады.

"Бұл маңызды құжат аймақ елдерінің өзара тығыз қарым-қатынасын дамыту процесіне және қиындықтар мен қауіп-қатерді бірігіп еңсеру ісіне оң әсер ететініне сенімдімін" деді Жапаров.

Тәжікстан және Түркіменстан басшылары өз елдеріндегі бірқатар процедураларды аяқтағаннан кейін құжатқа қол қоймақ.

Мемлекет басшылары сонымен бірге "Аралды құтқару" қоры президентінің өкілетін ұзарту туралы шешімге және ортақ мәлімдемеге қол қойды. Одан бөлек, Орталық Азия елдерінің өзара іс-қимыл концепциясын мақұлдап, 2022-2024 жылдарға арналған аймақ ынтымақтастығын дамыту жөніндегі жол картасын бекітті.

Осыған дейін Қазақстан сыртқы істер министрлігінің сайтында достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы президент жарлығының жобасы жарияланған.

Келісімде өзге жайттармен қатар "тараптар бір-біріне қарсы күш қолданбау міндеттемесін растайды, аймақ және ғаламда бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында өзара әрекет етеді, қазіргі заманғы мәселелер мен қауіп-қатерлермен бірігіп күреседі" деп жазылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG