Accessibility links

Бішкектің "Қазақстанға су береміз" дегені Қырғызстанда қарсылыққа ұшырады


Талас өзені.
Талас өзені.

Бішкек Қазақстанға егістік суару үшін қосымша су береді деген ақпарат Қырғызстанда қарсылыққа ұшырады. Қазақстан экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешов Қырғызстаннан алатын су көлемін көбейту үшін жұмыс жасалып жатқанын хабарлаған еді.

Апта басында Қырғызстанның Талас облысындағы диқандар Талас өзенінен Қазақстанға су көп кетіп жатқандықтан өздеріне су жетпей қалғанын айтып, наразылық білдірген.

Ал осы тұста Қазақстан экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешов 21 шілдедегі баспасөз мәслихатында биыл Қырғызстаннан қосымша су алу туралы келісімге келгендерін айтты.

"Биыл Шу мен Талас өзенінен келіп жатқан судың көлемі туралы екі тарап келісімге қол қойды. Қырғызстанмен тауар алмасу аясында біз оларға электр энергиясын бергенбіз. Олар бізге СЭС арқылы электр энергиясын өндіру үшін су жібереді. Бұл су біздің диқандарға керек болып жатыр. Қосымша 330 млн метр куб су алуға екі тарап келісімге қол қойдық" деді Брекешов.

Осыдан соң Қырғызстанда Қазақстанға артық су берілмесін деген талап күшейді. Қырғызстан су ресурстары қызметі басшысының орынбасары Абдыбай Жайлообаев Азаттықтың Қырғыз қызметіне су беру Қазақстаннан қарызға алған электр энергиясын қайтару жолы деп түсіндірді.

"Бұл жерде Шу мен Талас өзендерінің қатысы жоқ. Былтыр Токтогулда су азайып, қыста электр энергиясы жетпей қалады деп энергетика министрлігі Қазақстанмен келісімге келген. Оған сай, Қазақстан Қырғызстанға 900 млн кВт/сағат электр энергиясын береді дегенбіз. Біз мұны үш жылда төлеп құтыламыз, жыл сайын 300 млн кВт/сағат электр энергиясы беріледі деген шарт болған. Осы 300 млн кВт/сағат электр энергиясын алу үшін Токтогулдан 330 млн куб метр су шығарылады. Жыл сайын сол 300 млн кВт/сағат электр энергиясын Қазақстанға қайтару керек. Энергия өндіру үшін де су қажет, сусыз ештеңе істей алмаймыз. Сол 330 млн куб метр су Қазақстанға ағып кетеді. Сөз сол туралы болып жатыр. Олар бізден барған судың бәрін диқандарға береді" деді ол.

Қазақ-қырғыз шекарасындағы Талас өзені.
Қазақ-қырғыз шекарасындағы Талас өзені.

Ал Қырғызстан ауыл шаруашылық министрі Азаттықтың Қырғыз қызметіне "Қазір суаруға қажетті су бойынша еш шектеу жоқ. Қазақстанға келісімде көрсетілген су көлемін ғана береміз. Бізге қырғызстандық диқандардың мүддесі артық" деді.

Қырғызстан су ресурстары қызметі басшысының орынбасары Абдыбай Жайлообаев Қазақстан мен Қырғызстан Шу және Талас өзендерінің суын Совет одағында қабылданған құжат бойынша реттетелінін айтады.

"Совет одағынан бері су бөлісу туралы құжат бар, сонымен жұмыс істейміз. Оған сай, Шу өзенінің 52 пайызы біздікі, қалған 48 пайызы қазақтардікі. Талас өзені 50 де 50 шартымен бөлінеді. Біз Қазақстанға су беруге міндеттіміз. Себебі қазақтар бізге де жәрдем беріп жатыр. Былтыр Талас өзеніндегі Киров су қоймасында апат болған еді, соны Қазақстан тарабы жөндеп жатыр. Біз оларға, олар бізге көмектесіп жатыр" деді Жайлообаев.

Былтыр Орталық Азияда қуаңшылық болып, су тапшылығы Қазақстан мен Қырғызстанның ауыл және мал шаруашылығына кесірін тигізген. 2021 жылы да Токтогул ГЭС-інде су азайып, қиыншылық болуы мүмкін деген сөз күшейген еді. Диқандар су тапшылығы болып жатыр деген тұста Қазақстанға қосымша су берілетіні туралы мәлімет шығып, жұрт үкіметті сынаған еді. Сол кезде де Қырғызстан үкіметі Қазақстанға су беру электр энергиясы бойынша қарызды қайтару деген еді.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 21 шілдеде Шолпан-Атада өткен Орталық Азия президенттерінің саммитінде аймақта су пайдалану мәселесін көтеріп, суды сақтау және пайдалану бойынша ортақ механизм жасауды ұсынды.

"Су пайдалану бойынша екі тарапқа тең пайдалы механизмдерді бірлесіп жасап шығуды тағы да ұсынамын. Біз 1998 жылғы Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан арасындағы Нарын-Сырдария өзендерінің су-энергетикалық ресурстарын пайдалану келісімі бойынша жұмыс істеуді жандандыруды және дамытуды ұсынамын. Бұл келісімде су және энергетикалық ресурстарды тең алмасу қарастырылған" деді Жапаров.

Орталық Азия елдерінің басшылары Шолпан атадағы президенттер саммитінде. 12 шілде 2022 жыл.
Орталық Азия елдерінің басшылары Шолпан атадағы президенттер саммитінде. 12 шілде 2022 жыл.

Ал Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтағы су ресурстарын тиімді пайдалану шартын түзуге ерекше мән берілетінін айтып, "Қамбар Ата-1" ГЭС-інің жоспарын қолдайтынын білдірді.

"Біз үш президент бұл мәселені жіті талқылап, алдын ала нақты, өте пайдалы келісімге келдік. ГЭС Орталық Азия елдерінің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ауыл шаруашылығын дамытуға жәрдемдеседі" деді Тоқаев.

Қырғызстан көршілері Өзбекстан мен Қазақстанға жыл сайын су береді. Ресми Бішкек бұған дейін су тауар деп бағалап, шығынды төлеу әдісі деп мәлімдеген.

Қырғызстан мен Қазақстанда кейінгі жылдары егістік суаратын су тапшылығы сезіле бастаған. Маусымда Шуда диқандар су жетпей жатқанын айтып, наразылық білдірген.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің мақаласы аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG