Өткен тәулікте Қазақстанда 2684 адамнан коронавирус анықталды. Бұл жөнінде үкімет жанындағы коронавируспен күрес жөніндегі ведомствоаралық комиссия хабарлады. Ең көп көрсеткіш Нұр-Сұлтан (864), Алматы (505) және Қарағанды облысында (379) тіркелген.
Пандемия басталғалы бері коронавируспен ауырғандар 1 338 090 адамға жетті.
27 шілде күнгі мәлімет бойынша, 20 958 адам коронавирустан емделіп жатыр. 1386-ы стационарда жатыр. 32 адамның жағдайы ауыр.
Қазір Нұр-Сұлтан қаласы "сары аймақта" тұр. Қалған қалалар "жасыл аймақта"тұр. Бұған дейін министрлік аймақтарды "жасыл", "сары", "қызылға" бөлу критерийлері өзгергенін хабарлаған.
Қазақстанда коронавирустың қайтадан күшейе бастағаны маусым айының басында байқалған. Ол кезде наурыз айынан бері алғаш рет 100 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталған және Қазақстан үкіметі маска тағу режимі қайта оралуы мүмкін екенін мәлімдеген. 14 шілдеден бастап күніне коронавирусқа шалдыққан мыңнан астам адам, 21 шілдеде екі мыңнан астам адам тіркеле бастаған.