Украина қарулы күштерінің бас штабы Херсондағы Ресей әскері пайдаланып келген маңызды көпірді қиратқанын мәлімдеді. Ал Зеленский соғыс басталғалы Ресей 40 мыңдай солдатынан айырылды дейді. Американың Соғысты зерттеу институты Ресей сепаратистері тамыздың соңына дейін Донецк облысын басып алуды көздейді деп топшылайды.
Украина қарулы күштері оккупацияланған Херсондағы Антонов көпірін америкалық HIMARS ракета жүйесімен атып, жарамсыз еткенін хабарлады. Бұл көпірге Украина өткен аптадан бері шабуылдап келген. Оккупацияланған аймақтың Ресей тағайындаған басшысының орынбасары Кирилл Стремоусов көпірге шабуыл жасалғанын, ондағы қозғалыс толық тоқтағанын хабарлады. Ресей Днепр өзеніндегі Антонов көпірін қару-жарақ жеткізуге пайдаланған.
Ал Ресей қорғаныс министрлігі "Днепропетровск және Херсон облысындағы ракетаға қарсы жүйелерімен Украинаның HIMARS жүйесінен атылған ондаған ракетаны қағып түсіргенін" деп мәлімдеді.
Украина қарулы күштерінің мәліметіне қарағанда, қазір Донбасстағы Бахмут, Северск, Славянск және Краматорск аймақтарында кескілескен шайқас жүріп жатыр. Украина 27 шілдеде Бахмутқа жасалған шабуылдан екі қабатты қонақ үй жартылай бұзылып, бір адам қаза тапқанын хабарлады.
Бұған қоса Киев Ресей әскері Қара теңіз маңындағы Одесса мен Николаев қаласына шабуыл жасағанын хабарлады. Ресей әскери базаларға шабуылдадық десе, Украина тұрғын үйлер мен порт инфрақұрылымы бүлінгенін айтады.
АҚШ-тың Соғысты зерттеу институты (ISW) Ресей әскері Бахмуттың солтүстік-шығысында біртіндеп алға жылжып келе жатқанын айтады. Институт сарапшылары Ресей әскерінің геолокациялық видеоларына сараптама жасап, Ресей Берестовое ауылын басып алды деген тұжырым жасады. Бұл ауыл үшін бірнеше күн шайқас болған. Ресей әскері ауылды артиллериямен атып, қиратқан. ISW Украина жауынгері бұл ауылдан шығып кетті деп санайды.
"Украина әскері 25 шілдеде Херсон облысындағы Ресейдің 11-гвардиялық-десант бригадасының командалық пункті мен қару қоймасын жойды. Украина Херсон облысындағы Ресейдің әскери қоймаларын жоюды жалғастырып жатыр, бұл - Ресейдің логистикалық жағдайын қиындатты" дейді ISW.
Америкалық институт "ДХР" сепаратистері тамыздың соңына дейін Донецк облысын толық басып алғысы келеді, ал Ресей 11 қыркүйекте оккупацияланған аймақтарда референдум өткізуді жоспарлап отыр деп болжайды. ISW сарапшылары қыркүйекке дейін Ресей әскері Украинаның басқа аумақтарын басып ала алмауы мүмкін деп санайды.
Бұдан бөлек, ISW есебінде Ярослав облысында 20-50 жас арасындағы еріктілерді арнайы батальонға жинап жатқаны, облыс басшылығы оларға 120 мың рубль төлем ұсынғаны туралы жазды.
"Орталық Азиядан келген иммигранттарды жоғары айлық пен Ресей азаматтығын береміз деп Мәскеуде құрылған "Собянин полкіне" арбап жатыр" дейді ISW.
Ал Ұлыбритания қорғаныс министрлігі соғыс жайлы 27 шілдеде жариялаған хабарламасында "Ресейдің ЧВК "Вагнер" әскери компаниясы Донбасстағы Углегорск ГЭС-і аймағын және сол маңдағы Новолуганское ауылын басып алуы мүмкін" деп хабарлады. Бірақ "вагнерліктер" ГЭС-ке бақылау орнатқаны жайлы айтқан жоқ.
Украина президенті Владимир Зеленский 26 шілдеде "ақпаннан бері Ресейдің 40 мыңдай солдаты өліп, ондаған мың солдаты жараланды" деп мәлімдеді.
Ресей қорғаныс министрлігі Украинадағы соғыста қанша адам қаза тапқанын ресми түрде жарияламады. АҚШ-тың Орталық барлау басқармасы 24 ақпаннан бері Ресейдің 15 мыңдай жауынгері өлді деп есептеп отыр. ВВС сайтының Орыс қызметі Ресейдің Укрианадағы соғыста қаза тапқан бес мыңдай жауынгерінің аты-жөнін анықтаған.
ПІКІРЛЕР