Еуроодақ Ресей және ресейшіл күштердің Украинадағы айуандығын айыптайды. Бұл жөнінде Еуроодақ дипломатиясының басшысы Жозеп Боррель мәлімдеді. Ол кінәлілерді жазаға тартуға уәде берді.
Бір күн бұрын Донецк облысы Еленовка поселкасындағы колонияға шабуыл жасалып, кемінде 53 украин тұтқыны опат болған. Боррельдің айтуынша, Ресей әскерінің қолынан қаза болды деп айтылатын ондаған украин тұтқыны халықаралық гуманитарлық құқық аясында оның құқықтық қорғауында болған.
Колонияны кімнің атқалағаны белгісіз. Ресей қорғаныс министрлігі тергеу изоляторына украин күштері HIMARS ракетасымен соққы жасады десе, Украина Ресей күштерінің "түзету мекемесін қасақана артиллериямен атқылағанын" айтты.
Боррель сонымен бірге Ресей солдаттарының "украин тұтқындарын қинап, азаптап жатқаны жайлы адам шошырлық видеоларды" еске салды.
Боррель "мұндай қатігез, жабайы әрекеттер Женева конвенциясы мен оған қосымша хаттама шарттарына қайшы және әскери қылмыспен пара-пар" деді.
"Әскери қылмысқа кінәлілер және жауапты мемлекеттік шенеуніктер мен әскери өкілдер жауапқа тартылады" деп жазылған Боррель мәлімдемесінде.