Украина мен Түркия БҰҰ-ның ара ағайындығымен жасалған келісімнен кейін Одесса портынан Украина астығын тиеген алғашқы жүк кемесі жолға шыққанын хабарлады.
Украинаның инфрақұрылым министрі Александр Кубраков Сьерра-Леоне туын көтерген Razoni жүк кемесі Одесса портынан 1 тамыздың таңында шыққанын әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған.
Түркия қорғаныс министрлігінің мәліметіне қарағанда, жүк кемесі Стамбул жағасына 2 тамызда жетуге тиіс.
Стамбулдағы біріккен үйлестіру орталығы Razoni жүк кемесінде 26 мың тоннадан астам жүгері бар екенін айтып отыр.
БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш "бұл жаңалықты жылы қабылдады" деп хабарлады оның баспасөз қызметі.
22 шілдеде Украина БҰҰ және Түркиямен, Ресей де БҰҰ және Түркиямен келісім жасасып, Украина порттарынан астық алып кетуге кедергі жасалмайтыны жөнінде уағдаласқан.
Алайда ертеңіне, 23 шілдеде Ресей Одессаның теңіз портын "Калибр" қанатты зымыранымен атқылаған.
.
ПІКІРЛЕР