Тамыздың екісіне қараған түні Ресей Федерациясы қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведевтің "ВКонтакте" әлеуметтік желісіндегі парақшасында "Қазақстан - жасанды мемлекет", "Солтүстік және Оңтүстік Осетия, Абхазия мен Грузияның қазіргі жері Ресей туы астына бірігуі мүмкін" дейтін пост пайда болған. Он минуттан кейін пост жойылған. Кейін Медведевтің көмекшісі бұрынғы президенттің парақшасы "бұзылғанын" мәлімдеді.
Дмитрий Медведевтің парақшасындағы постқа Ресейдің белгілі блогерлері назар аударып, скриншотын жариялаған.
Медведев "постына" қарағанда, "1801 жылға дейін Грузия дейтін ел болмаған, ол кейіннен Ресей империясы тұсында ғана пайда болған. Пост авторының пікірінше, Қазақстан "жасанды мемлекет және орыстың бұрынғы жерлері. Қазір Қазақстан билігі ол жерлерге түрлі этникалық топтарды орналастырып жатыр, оны орыстарға жасалып жатқан геноцид" деуге болады.
“Біз бұған көз жұмып отыра алмаймыз. Ол жерге орыстар қайта бармайынша, тәртіп болмайды”, — дейді пост авторы.
“Бір кездегі үлкен де құдыретті Совет одағын мекендеген барлық халық тағы да бірге өмір сүретін болады”, — дейді пост авторы.
Посттағы пікірге қарағанда, “Киев пен Малороссияның барлық жері ұлтшыл бандиттерден азат етілген соң қайтадан бірге өмір сүреді.”
“Отанымыздың еш жерде бітпейтін шекарасын қалпына келтіру үшін тағы да жорыққа шығамыз”, — дейді Ресейдің бұрынғы президентінің "посты".
Пост көшірмелері БАҚ-тарда жарияланған соң бірнеше сағаттан кейін Дмитрий Медведевтің көмекшісі қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасарының парақшасын әлдекімдер бұзғанын, Медведевтің соңғы посты Ресейдің әскери теңіз флоты туралы екенін хабарлады. Оның сөзінше, бұрынғы президенттің парақшасын бұзғандарды "әлеуметтік желі әкімшілігі мен тиісті адамдар анықтайды".
Қазақстан сыртқы істер министрлігі Медведевтің "постына" байланысты әзірге ешқандай реакция білдірген жоқ.
Медведевтің көмекшісі хабар таратқанға дейін парламенттегі "оппозициялық Ақ жол" партиясының жетекшісі Азат Перуашев сыртқы істер министрлігіне ресми түрде сауал жіберетінін мәлімдеген.
Медведев постының скриншоттары әлеуметтік желіде жылдам тарап, ол туралы Қазақстан қоғамында сын пікір мен Ресей саясаткеріне қарата айтылған сарказм күрт көбейгені аңғарылды. Кейбір авторлар оны Қазақстан жерін даулап, мәлімдеме жасап жүрген Ресейдің кейбір депутаттарының сөздерінен кейінгі тағы бір белгі деп болжағаны байқалды.
ПІКІРЛЕР