АҚШ жексенбі, 31 шілдеде Кабулда Усама бен Ладеннен кейін "Әл-Қаида" террор тобын басқарған Айман әл-Зауахириді әскери дронмен өлтірген. АҚШ барлауының мәліметінше, әл-Зауахири 2001 жылы 11 қыркүйекте АҚШ-қа жасалған аса ірі террорды ұйымдастыру үшін "Әл-Қаиданың" лидері Усама Бен Ладенге көмектескен. Бұдан бөлек, әл-Зауахири АҚШ-тағы террорлық шабуылдан кейін "Әл-Қаида" ұйымының идеологиясын әріқарай таратушы негізгі адам болған. АҚШ әл-Зауахириді 21 жылдан бері ұстай алмай жүрген еді.
ӘЛ-ЗАУАХИРИ КІМ?
2001 жылы 9/11 терактісі жайлы естіген америкалықтар бәлкім әл-Зауахиридің есімін ұмытып қалған болар, бірақ оның жүзі жиырма жыл өтсе де көпке таныс. Бен Ладеннің жанында көзілдірік киіп, жымиып отырған әл-Зауахиридің мына суреті әлемге тарап кеткен еді. Дәл осы екеу 11 қыркүйекте тарихтағы ең ірі терактілердің бірін ұйымдастырған.
Египеттік әл-Зауахири 1951 жылы 19 маусымда Каирда ауқатты отбасында дүниеге келген. Бала кезден діншілдігімен көзге түскен. Египеттегі және басқа да араб елдеріндегі билікті тайдыруды көздеген сунниттердің маңында болып, исламның қатаң ережелеріне мойынсұнған.
Ол жас кезінде көз хирургы болып жұмыс істеген, бірақ Орталық Азия мен Таяу Шығысқа барып, Ауғанстандағы Совет одағының басқыншылығына куә болған. Бұдан бөлек сапарлары кезінде совет әскерін Ауғанстаннан қуып шығуды көздеген саудиялық Усама бен Ладенмен және басқа да араб содырларымен кездескен.
1981 жылы Египет президенті Әнуар Садат кісі қолынан қаза тапқан соң ұсталған жүздеген содырдың арасында әл-Зауахири болып, ол түрмеде азаптау көрген. Биографтардың айтуынша, түрме әл-Зауахириді тіпті радикалдандырған. 1988 жылы бен Ладен "Әл-Қаиданы" құрғанда әл-Зауахири бұл ұйымға мүше болып, Египеттегі ұйымын "Әл-Қаидаға" қосты. Ол Египетте тығылып жұмыс істеп, осы елде "Әл-Қаиданың" бөлімшелерін құрды. Ұйымның Египеттегі бөлімшелері кейін әлемде бірнеше теракт ұйымдастырды.
ӘЛ-ЗАУАХИРИ НЕ ҮШІН МАҢЫЗДЫ АДАМ БОЛДЫ?
11 қыркүйектегі терактіден кейін әл-Зауахири мен оның маңындағылар террористер мен жанкештілерді жинап, әлемді дүр сілкіндірген бірнеше теракт ұйымдастырды.
2011 жылы 11 қыркүйектен кейін әл-Зауахири қашып жүріп, Ауғанстан-Пәкістан шекарасының маңындағы "Әл-Қаида" бөлімшелерінің жұмысын жандандырып, ұйымның Ирак, Азия, Йемен және басқа елдердегі лидеріне айналды.
"Әл-Қаида" 9/11 терактісінен кейін Индонезияның Бали мен Джакарта, Үндістанның Момбаса, Сауд Арабиясының Эр-Рияд, Түркияның Стамбул, Испанияның Мадрид, Британияның Лондон қалаларында ірі теракт ұйымдастырды.
2005 жылы 52 адамның өмірін қиған Лондондағы теракт "Әл-Қаиданың" батыстағы ең соңғы әрекеті болды. Осыдан кейін АҚШ пен басқа елдердің антитеррорлық рейдтері мен операциялары ұйымды әлсіретіп жіберді.
АҚШ ОНЫ ҚАЛАЙ ӨЛТІРДІ?
Америкалық барлаушылардың сөзінше, әл-Зауахири жексенбі кеш бата Кабулдағы үйінің балконына шыққан. Сол сәтте америкалық әскери дрон екі рет Hellfire ракетасын атқан.
Сарапшылар біраз уақыт бойы оның Ауғанстанда жүргеніне күдік келтірген еді. Бірақ биыл АҚШ-тың ресми өкілдері әл-Зауахири мен оның отбасы Кабулда құпия жерге көшкенін анықтаған, кейін "Әл-Қаида" лидері де отбасы тұрып жатқан жерге барған.
АҚШ президенті Джо Байден бастаған америкалық лидерлер бірнеше ай бойы әл-Зауахиридің тұратын жерін зерттеп, оның күнде кешкісін үйінің балконына шығатынын анықтаған.
Байден әл-Зауахиридің өлімінен кейін "талай америкалықтардың өмірін алған террорист енді жоқ, әділдік орнады" деді.
ОНЫҢ ӨЛІМІ "ӘЛ-ҚАИДАҒА" ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТЕДІ?
Бұл әл-Зауахиридің орнына кім келетініне байланысты болмақ. "Әл-Қаида" бойынша сарапшы Әли Суфан ұйым басына египеттік Саиф әл-Әдла келуі мүмкін деп болжайды. Сарапшы басқа да топтарды біріктіруге қауқары жететін Әл-Әдланың статусынан Батыс елдері сескенетінін айтады.
Бірақ қазір "Әл-Қаида" лидер кризисін бастан өткеріп жатыр және ұйымның болашағы да бұлыңғыр. Бұған қоса, Ауғанстандағы түрлі топтар арасында да қатты бәсекелестік жүріп жатыр. Экстремистік ұйымдар бойынша сарапшы Чарльз Листер "қазір Таяу Шығыстағы, Африкадағы және Оңтүстік Азиядағы жихадист топтар әлемдік емес жергілікті жерлерге назар аударып жатқанын" жазды.
"Әл-Қаиданың" келесі лидері ұйымның орталық аппаратынан бөліне бастаған басқа жерлердегі бөлімшелеріне өзінің маңыздылығын дәлелдеуі тиіс" дейді Листер.
"ТАЛИБАН" ӘЛ-ЗАУАХИРИДІҢ АУҒАНСТАНДА БОЛҒАНЫН БІЛДІ МЕ?
АҚШ-тың ресми өкілдері "Талибан" әл-Зауахиридің Ауғанстанда жүргенін білген деп мәлімдеді. Америкалық барлаушылардың сөзінше, әл-Зауахири Кабулда отбасымен тұрып жатқан үй "Талибан" лидері Сираджуддин Хакканидің көмекшісіне тиесілі болған.
Бәлкім тәліптердің бірі әл-Зауахири мен оның отбасы тұрып жатқан жерін америкалықтарға айтуы да мүмкін. Бұған қоса, 1990 жылдардың ортасында тәліптер "Әл-Қаиданың" лидерлерін Ауғанстанда тұруға мүмкіндік берген. "Әл-Қаида" 2011 жылы 11 қыркүйектегі терактіні де осы Ауғанстанда отырып жоспарлаған еді. Кейін АҚШ билігі Ауғанстанға әскер кіргізіп, 20 жылдық соғыс басталған.
Айман әл-Зауахиридің өлімінен кейін АҚШ Ауғанстаннан әскерін алып кеткен соң да тәліптер бұл елде экстремистік топтардың лидерлерінің жасырынуына мүмкіндік беріп отырғаны белгілі болып қалды.
ПІКІРЛЕР