Күйеуін көру үшін күн сайын жүз шақырым жер жүреді. Оның бостандығын талап етіп, наразылыққа шығады. Балаларын "әкең жақында келеді" деп жұбатады. Журналист, құқық қорғаушы Инга Иманбайдың кейінгі бес айдағы өмірі осылай өтіп жатыр. Оның жұбайын — оппозициялық саясаткер Жанболат Мамайды билік төрт баппен айыптап отыр. Инга "билік қысқан сайын мен күшейе түсем" дейді.
АЛМА
Инга есік алдындағы аласа ағаштан үлкен қызыл алманы жұлып, пакетке салды. Бұл ағашты күйеуі Жанболат екі жыл бұрын еккен. Биыл алғаш салуы. Жанболат оның гүлдегенін көрген жоқ. Ақпан аяғында полиция саясаткерді көшеден күштеп әкетіп, содан бері қамауда ұстап отыр. Инга алманы түрмедегі күйеуіне апармақ.
Жанболат Мамайдың үйінде қарбалас таңғы жетіде басталды. Үйдегі қарт әкесі Мамай ата, шешесі Менизат апа, адвокаты Ернар, туыс ағасы Нұрбол, Инганың үш жасар ұлы Төлеген ояу жүр. Сенбі-жексенбі күндері тергеу изоляторына азық-түлік кіргізбейді. Сондықтан жұма күні Инга міндетті түрде тамақ апарады.
Үйдегілерге шай беріп, Инга жолға қамдана бастады. Екі үлкен көк пакетті қабаттап, нан, екі шұжық, тауық еті, ірімшік, көкөніс пен жеміс салды. Кәмпиттердің сыртын біртіндеп ашып шығып, бөлек қорапқа жинады. "Әйтпесе түрме қабылдамайды". Екі литр сусын салды. "Одан артық кіргізбейді". Газет пен кітап салды: "Новая газета. Казахстан", "Нельсон Мандела. Долгая дорога к свободе".
Инга көйлегін ауыстырып алды. Жейдесінде Жанболаттың суреті мен ол құруды көздеген "Демократиялық партияның" белгісі бар. Шешесінің кетіп бара жатқанын сезген Төлеген жылай бастады. Инганың жұбатқанына көнбеді.
— Мама, алып кет! Мені де алып кет!
— Күнде осылай жылап шығарып салып, жылап қарсы алады, — дейді Инга. — Кешке неге жалғыз келетінімді әлі түсінбейді. "Папаны қайда тастап кеттің? Неге келмеді?" деп сұрайды. "Осыдан папа келсін, төбелесемін" деп жұдырығын көрсетеді. Екеуі алысып ойнайтын. "Иә, келсінші, ұр" дейміз.
Нұрбол мен Ернар Жанболаттың сәлемдемесін екеулеп көтеріп, үйден шығып барады. Инга баласының бетін сүйіп, көлікке беттеді. Жылаған Төлегенді әжесі алып қалды.
ҚАҢТАР
ЛА-155/18 тергеу изоляторы Жанболат Мамайдың үйі тұрған Алматы облысы Қырғауылды ауылынан 50 шақырымдай жерде. Жолға бір сағаттан аса уақыт кетеді. Инганы Жанболаттың туыс ағасы әрі партия белсендісі 49 жастағы Нұрбол Қасымбеков тасиды. Екеуі күнде 200 шақырымдай жер жүреді.
Биыл 26 ақпанда оппозициялық саясаткер, "Демократиялық партия" құру бойынша бастамашыл топ жетекшісі Жанболат Мамайдың үстінен "Билік өкілін қорлау" және "Жалған ақпарат тарату" баптарымен іс қозғалып, қамауға алынды. Кейін Қаңтар оқиғасына байланысты оған "Жаппай тәртіпсіздік" және "Төтенше жағдай кезінде жалған ақпарат тарату" деген тағы екі айып тағылды. Кінәлі деп танылса, Мамай он жылға дейін сотталуы мүмкін.
Қамау түріндегі бұлтартпау шарасын сот үш рет созды. Саясаткер қамауда отырған кейінгі бес айда өзі — 34-ке, тұңғышы Ақмарал — жетіге, кенжесі Жәңгір екіге келді.
Биыл отбасы түгел тойлаған жалғыз мереке — 3 қаңтарда үшке толған Төлегеннің туған күні. Бір күн бұрын Жанболат пен Инга балаларды қалаға қыдыртуға алып шығады.
— Сол күні біздің артымызға мәшине еріп, аңдып жүрді. Ол кезде Жаңаөзенде не болып жатқанынын әлі білмейміз. Сөйтіп қалаға жеттік. "Москва" сауда үйіне кірдік, — дейді Инга. — Сосын Жанболат "Төлегенге сыйлық қарап келейін" деп, бізді балалармен ойнайтын жерге қалдырып кетті. Бір кезде Жанболат келді де: "Бірдеңе боп жатыр, Инга" деді. "Бала қарап отырған сенің артыңнан төрт адам аңдып жүр" деді. Бір кезде Жаңаөзеннен "Алаңға мың адам жиналды", "Екі мың адам жиналды" деген видеолар келе бастады.
2 қаңтардан бастап Жаңаөзенде сұйытылған газдың күрт қымбаттауына наразы жұрт орталық алаңға жиналған. Олар көшені жауып, облыс пен қала әкімдерінің халық алдына келуін талап етті. Кешке алаңда ондаған мың адам тұрды.
3 қаңтарда Мамай мен бір топ жақтасы "Жаңаөзенді қолдаймыз!" деген плакат ұстап, Алматыдағы Республика алаңына келді.
— Тоқаев Twitter-де жазба жариялағанша, үкімет мүшелерімен бірге Жаңаөзеннен табылуы керек еді. Олар мереке тойлап жүр. Жаңа жыл тойлап жүр. Себебі қарны тоқ. Ал ашынған халық бір тәулік бойы алаңда тұрып, шындық үшін күресіп жатыр! — дейді қолына дыбыс ұлғайтқыш ұстаған саясаткер.
— Жаңаөзенді қолдаймыз! Жаңаөзенді қолдаймыз! — деп айқайлады жақтастары.
— Бірақ бұл акция сәтсіз болды, — дейді Инга. — Алаңды полиция қоршап алып, бізге қосылғысы келгендерді ұстап, ешкімді жолатпады. Көп адам қатыса алмады. 4 қаңтарға дейін не істерімізді білмей жүрдік. Кейінірек Жаңаөзенді қолдауға Атырау қосылды, Ақтау қосылды. Ақтөбе мен Орал қосылды. Жанболат "Алматы шыға ма, шықпай ма, не істейміз?" деді.
Сол кезде "Демпартия" жақтастары — Аружан Дүйсебаева мен Дәурен Достияровты қала белсенділері түрлі чаттарға қоса бастайды. Орталық алаңдарды полиция қоршап тастаған соң жұрт қала шетінен жиналатын орын іздей бастаған. Аружан мен Дәурен Жанболат пен Ингаға "Адамдар қаладағы "Жетісу" базарына бармақшы" деп хабар береді. Артынша Жанболатты үйінен әкетіп, үшеуі базарға қарай кетеді. Инга нақты жиналатын орын туралы хабар күтіп, үйде қалады.
— Сағат төрт болып қалған. Үшеуі базарға жеткенше жиналғанның бәрін полиция ұстап әкетіпті. Жаңаөзендіктерді қолдап, Шымкент қосылды, Қызылорда қосылды. Жанболат маған хабарласты. "Не істейміз?" деді. "Білмеймін, Алматыда біреудің жариялағанын күтіп отырған шығар" дедім. Сағат бестерде Жанболат көлікте отырып, тікелей эфирге шықты. "Алты жарымда “Алматы Арена” алдында жиналамыз" деді.
Эфирді көріп, Инга да жолға шығады. Алтыдан бастап алаң алдына адам ағыла бастады. Мыңнан аса адам жиналғанда мегафон ұстаған Жанболат Мамай сөз алды.
— Полиция қызметкерлеріне айтамыз: Осы жерде тұрғанның бәрі — бейбіт халық. Ешкімнің қолында қару жоқ. Ешкімнің зәбір көрсетейін деген ойы жоқ. Сондықтан халыққа күш қолданбаңдар! — дейді саясаткер.
— Дұрыс! Дұрыс! — деп шулады жиналғандар.
— Шал, кет! Шал, кет!
— Екі шал да кетсін!
Бір сағаттан соң арнайы жасақ жиналғандарға лап қойып, әуелі Мамайға ұмтылады.
— Жасақтың бір жігіті Жанболатты ұрмақ болды, — дейді көлік жүргізіп бара жатқан Нұрбол. — Қолыммен тосып қалдым. Екінші рет тура алдында тұрған жасақ Жанболаттың бетінен бір ұрды. Үлгермей қалдым. Қорғап тұрғанымды көрген төрт жігіт мені жатқызып, жерге басып тұрды. Тұрсам, Жанболатты әкетіп қалыпты.
Жасақ 150-ге жуық адамды ұстаған. Инга полицияның Жанболатты қайда әкеткенін білмей, біраз әуре болады. Ол "Алматы Арена" маңында адвокаты Жанар Балғабаеваға хабарласып, Жанболатты іздеуге кетеді.
Инга түнгі он шамасында Наурызбай аудандық полиция басқармасының алдына барып, "Жанболат жоғалып кетті" деп Facebook-та тікелей эфирге шығады. Бірақ эфир шорт кесіледі. Сол кезде қала бойынша интернет өшірілген екен.
— Бір кезде маған журналист Есдәулет Қызырбекұлы хабарласты. "Инга, сіз қайдасыз? Мына жақта бес мың адам жиналып тұр" деді. "Бірақ ешкім не істейтінін білмей тұр, каша боп жатыр" деді. Жанболатты табуды Жанарға тапсырдым да, "Алматы Аренаға" қарай кеттім.
Жол бойы Есдәулет хабарласып тұрады. "Мына жерге жетті", "Енді мына жерге жетті" дейді. Шеруге Абай-Саин қиылысынан қосылдым.
Жан-жағымда жиырма мыңдай адам! Бәрі бейбіт түрде "Шал, кет!" деп айқайлап барады. Ақыры мен ойлаған көтеріліс! Абай-Өтеген батыр көшелеріне жеткенде телефоныма белгісіз нөмірден хабарласып тұр. Алсам — Жанболат. Ол кезде он бір жарым болып қалған. "Қайдасың?" дейді. "Ойбай, жиырма мың адам көтеріліп кетті, сен қайдасың?" дедім.
Жанболаттың айтуынша, оны әуелі Әуезов аудандық полиция басқармасына апарған. Саясаткер отырған көлікті экстремизмге қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері күтіп алады да, өздерімен әкетеді.
— Трассаға түскен. Қаскелеңнен өтеді, Шамалғаннан өтеді. Жанболат "Қайда апара жатсыңдар?" деп сұрайды. "Біз сені Таразға жабамыз. Алматыға қалдыруға болмайды сені" депті. Біраздан соң қызметкердің біреуіне хабарласады. Ол көлікті тоқтатып, сыртқа шығып сөйлеседі. Өңі бұзылып кірді де, жүргізушіге "артқа" дейді. Сөйтіп Жанболатты қайтадан Алматыға әкеледі. Әуелі Жанболатты Қарасай аудандық полиция басқармасына апарады. Қабылдамайды. Бостандық ауданына апарады. Олар да есігін ашпай қояды. Қызметкерлер ана жаққа бір, мына жаққа бір хабарласып, ақырында "Шығыңыз" деп, Жанболатты көліктен түсіріп жіберіпті. А-ха-ха!
Жанболат бір әйелден телефон сұрап, маған хабарласқан екен. Ол Инга мен серіктеріне Абай-Сейфуллин қиылысынан қосылады.
Инга мен Жанболат серіктерімен бірге алаңға жетіп, жағдайды бақылап тұрады. Кенет полиция көзден жас ағызатын газ шашып, шулы граната атады. Полиция алаңда атқылағанда төменгі көшелерге қарай қаша жөнеледі. Ащы газ тарқағанда қайта барады. Осылай алаңда таңғы алтыға дейін болады.
— Сол түні Жанболатқа біртүрлі күмәнді көрінген ашулы адамдар жақындағысы келіп, айналсоқтап жүрді. Бірақ ол кезде бейбіт адамдар көп болды да, тиісе алмады. Таңғы төрт-бесте арандатушылар көптеп қосыла бастады. Өзінен-өзі бір көлік өртеніп кетті. Мені көлік қаға жаздағанда, Нұрбол аға құтқарып қалды. Таңғы жетілерде үйге жеттік. Жанболаттың көзі көгеріпті. Ол әбден шаршап, жатып қалды. Мен ұйықтай алмадым. Балаларды орнына жатқызып, теледидар қостым. Qazaqstan арнасы жаңалық көрсетіп жатыр екен:
"Алаң тазартылды. Наразылар жоқ. Бәрі бақылауға алынды".
ШАБУЫЛ
Инга таңды ұйқысыз атырады. Таңғы он шамасында үйдегілерді оятып, шай береді.
Он бірден асқанда Мірболат Мырзатайұлы есімді белсенді хабарласып: “Жанболат, алаңда бес мың адам жүр, сен қайдасың? дейді. Жанболат пен Инга өзге серіктерімен бірге алаңға барады.
— Адам көп. Бір жігіттер әкімдікті өртеп жатыр екен. Әкімдікке жақындаған кезде "Мамай келді! Мамай келді!" деп жігіттер Жанболатты әкімдіктің ішіне ай-шай жоқ сүйрей бастады. "Әкімдікті алдық! Ішкі кір" дейді. Жанболат: "Әкімдікті алдығы" несі? Қойыңдар. Билік халықтікі болсын. Дұрыс, жігіттер. Бірақ өртемеңдер. Халықтың билігіне де әкімдік керек қой" деді. "Жоқ-жоқ, кір" деп күштеп ішке сүйрей бастады. Мен айқайлап, Жанболатты бері қарай тартам. Бір уақытта әлгі жігіттердің бірі "Мамай! Мамай!" деп айқайлады. Бір кезде кастет киіп, күрек ұстағандар жүгіріп келіп, Жанболатты ұра бастады. Басын жарды. Мына жақта басқа белсенділер жүгіріп келіп, аналарды итеріп, Жанболатты әзер дегенде шығарып алдық.
Бізді бір топ жігіт Фурманов көшесі (қазіргі Назарбаев даңғылы — ред.) жаққа әкеліп, бір көлікті қорқытып тоқтатты. Мен жүргізушіге "күйеуім жаралы, үйге апарып тастаңыздаршы" деймін. "Жарайды-жарайды" деді.
Жанболат жартылай есін білмейді. Қатты қорықтым. Ауруханаға апармадым. Жанболатқа биліктен басқа кім шабуыл жасайды? Ауруханада да пышақ сұғып өлтіре салады ғой. Жол-жөнекей Төлеген ағаға хабарласып, "бинт пен дәрілер алыңыз" дедім. Белсенділер арасында медбике бар еді. Оған "Тез үйге келіңіз" дедім.
Үйге өзім бірінші кірдім де, ата мен апаға "балаларды алып, басқа бөлмеге бара тұрыңыздар" дедім. Жанболаттың үсті-басы қан. Ваннаға кіргізіп, қатқан қанын жудым. Жанболат есін жиды. Алғашқы көмек көрсетіп, басына бинт орап, білгенімше жарақатын сүртіп шықтым. Кейін медбике қарап, төсегіне жатқыздық. Сол арада маған белсенді Қайрат Ердебаев хабарласты:
"Сен Жанболатты әкетіп бара жатқанда біреу қалтасынан тапанша шығарды. Мен онымен алысып, мылтыққабын тартып алдым. Қарасам "ментовский" екен. Оғы бар. Жанболатты тық. Өлтіреді. Олар мұны жай ұру үшін істеген жоқ" деді.
Сөйтіп ақылдасып, Жанболатты бір танысымыздың үйіне жасырып қойдық. Сонда бір аптадай болып, емделді.
11 қаңтарда Алматыда интернет пайда болды. Ал 12 қаңтарда Жанболат Мамай тікелей эфирге шықты.
— Әкімдік алдына халықтан бөлек ұйымдасқан түрде жиналған арандатушылар болды, — дейді көзінің көгергені әлі кетпеген саясаткер. — Олар ешқандай да митингіге қатысып жүрген, бейбіт түрде пікірін айтып жүрген, "қазағыма болсын, халқыма болсын" деп жүргендер емес, олар — нағыз арандатушылар. Міне, солар маған шабуыл жасады. Өлтіруге де тырысты. Мұны ұйымдастыруға бір ғана топтың шамасы келеді. Ол — Назарбаев пен оның айналасы.
14 қаңтарда Мамайдың үйіне полиция келеді. Бұл кезде France 2, CNN, BBC шетелдік арналары саясаткерден сұхбат алып жатқан. Журналистерді көріп, полиция "сасып қалады". Не дерін білместен "Әйгерім Тілеужанды іздеп жүрміз" дейді. Инга "Қайдағы Әйгерім? Бұл үйде Әйгерім тұрмайды, менің үйім ғой" дейді. Полиция ештеңе деместен кетіп қалады.
— Полиция шын мәнінде кімге келгенін бірден түсіндік, — дейді Инга. — Бүгін болмаса, ертең Жанболатты ұстайды деп күтіп жүрдік.
ҰСТАУ
Саясаткер шабуылдан ес жиып алған соң күн сайын әлеуметтік желідегі парақтарында тікелей эфирге шығып жүрді.
— Ондаған мың, тіпті жүздеген мың адам осы елде жақсы өзгеріс болсын деп армандап, соған ұмтылып, бейбіт қарсылық білдірді. Ал енді сол азаматтардың талабына құлақ асып, шынайы реформа жүргізбесе, нақты өзгерістер жүзеге аспаса, мұның арты жақсылыққа апармайды, — дейді Мамай 13 қаңтардағы эфирінде. — Қазір оларды түрмеге қамаймыз, ұрамыз, соғамыз, азаптаймыз, жертөледе кез келген қылмысты мойнына алғызамыз десе, билік қатты қателеседі. Осындай саясат жүргізген Назарбаев жүйесі үш-ақ күнде тас-талқан болды. Осыны билік анық түсінуі керек.
5 ақпанда Мамай жұртты бір аптадан соң, 13 ақпан күні Алматыдағы Республика алаңында "боздақтарды еске алу жиынына" шақырды. Жиын күні алаңды полиция қоршап, аумақта байланыс нашарлады.
— Қаншама адамды осы алаңда қырып салды, — дейді дыбыс ұлғайтқыш ұстаған Мамай алаңда. — Қазақтың шыбын құрлы құны жоқ па? Неге биліктің бірде-бір өкілі келмей жатыр? Азаматтар өлімі олардың жанына батпай ма? Келсін халықтың алдына! Ешкім оларға тиісейін деп тұрған жоқ! Осы жерде тұрғанның бәрі — бейбіт, қарапайым адамдар! Дұрыс қой?
— Дұрыс! — деп айқайлады жүздеген адам қолдап.
— Арамызда ешқандай террорист жоқ. Дұрыс қой?
— Дұрыс!
— Ешқандай қылмыскер жоқ. Дұрыс қой?
— Дұрыс!
Қаралы жиын алты сағатқа жалғасты. Мамай Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты отставкаға жіберуді, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевты жауапқа тартуды талап етті.
Саясаткер Талдықорған, Тараз, Шымкент қалаларына барып, Қаңтардан соң туысы қамалған, тергеуде азапталған азаматтармен кездесті. 22 ақпанда Жаңаөзенге барып, жалақы аз деп қиналған жұмысшы әйелдерге қолдау білдірді. Бұл сапардан саясаткер 25 ақпанда оралды.
— Жанболат пен Абзалды әуежайдан Қазбек есімді партия белсендісі күтіп алды, — дейді Инга. — Түскі ас дайындап, күтіп отырдым. Жанболат келіп, киімін ауыстырып, тамақ ішіп алды. Дәурен, Жанболат үшеуміз жұмысқа шықтық. Сол кезде-ақ артымызға мәшине ілескен. "Жүрсе, жүре берсінші" дедік. Абзал хабарласты. "Артымда мәшине жүр" деді. "Демпартияға" видео дайындап, күні бойы бюродағы жұмысымды істедім.
Кешке Дәурен, Жанболат пен Инга үшеуі Абзалды жұмысынан алып кетеді. “Үнемі Абзалды бірінші қамап тастаушы еді. Үйіне аман-есен апарып тастайықшы дедік”.
— Өзіміздің үйге қарай шыққанда артымызда көлік көбейе бастады. Оларға сосын патруль көліктері қосылды. Он шақты көлік болды. Бізді қысып, жол шетіне тоқтатты. Сол сәтті сыртынан түсірсе, кино болар еді. А-ха-ха! Алдымызда — бес мәшине. Артымызда — бес мәшине. Бізді тап бір ұйымдасқан қылмыстық топ, террорист не мафия ұстағандай ұстап жатыр. Әуелі Жанболатқа ештеңе демеді. Дәуренге соқтықты. "Шық!" деді. "Шықпаймыз" деп қырсығып алдық. Біраздан соң эвакуатор әкелді де, мәшинені бізбен бірге тиеді. А-ха-ха! Ойлашы: эвакуатор, оның үстінде — біздің мәшине, мәшиненің ішінде — біз! Сөйтіп бізді Наурызбай аудандық полиция басқармасына әкелді.
Ішіне кірген соң прокурор көліктің жанына келіп, Жанболатқа: "Мамай мырза, сізге заңсыз митинг ұйымдастырды" деген айып тағылды" деді. “Бағанадан бері солай айтпайсыңдар ма?" деп, Жанболат көліктен түсті. Хаттамамен танысты.
Жанболат "Үйде балаларым күтіп отыр, әйеліме тағатын айып бар ма?" деді. "Жоқ" деп еді Жанболат маған: "Үйге бара бер, Инга, қайтесің" деді. Мен сыртқа шықтым да, журналистер мен құқық қорғаушыларды шақыра бастадым.
26 ақпанға қараған түні Алматы соты Жанболат Мамайды 15 тәулікке әкімшілік қамауға жіберді. Сот 13 ақпанда Қаңтар құрбандарына арнап өткізген қаралы митингісі үшін ол “бейбіт жиын тәртібін бұзды” деп шешкен. Белсенді Дәурен Достияров “полицияның заңды талабына бағынбау” бабымен 5 тәулікке қамалған.
— 15 тәуліктен асқанға дейін мен Жанболатты одан әрі ұстайды дегенге сенбедім, — дейді Инга. — Екі апта ішінде елшіліктер мен құқық қорғау ұйымдары реакция білдіре бастады. "Реформа болады, анау-мынау" деп халықты әрең сендіріп жатқан Тоқаевқа мұндай абырой керек емес шығар дедім. Соңына дейін олар ондай ақымақ емес деп ойладым. Кейін екі айға қамағанда мұның оңай бітпейтінін түсіндім ғой.
Жанболат Мамай 12 наурызда он бес күндік әкімшілік қамаудан шығуы керек еді. Бірақ сол күні "Жалған ақпарат тарату" бабымен қозғалған қылмыстық істе саясаткердің статусы қорғануға құқығы бар куәгерден күдіктіге ауыстырылды. Екі күннен соң, 14 наурызда сот өтіп, Мамай осы іс бойынша екі айға қамалды.
Саясаткерді куәгер деп тану туралы құжат Азаттық қолына түсті. Қаулыны Алматы қаласы арнайы прокуратура басқармасының басшысы Қанат Күнғожинов 6 маусымда мақұлдаған.
Онда "Мамай Ж. көпшіліктің көңіл-күйіне әсер етіп, әлеуметтік шиеленіс тудыру үшін Қазақстанға әділ үкімет, әділ сайлау мен саяси реформа керегі туралы айтып, парламентті таратып, саяси партияларды тіркеу туралы талап қойды" деп жазылған. Қаулыда Мамайдың "жиналған халық алдына билік өкілдері келмесе, Алматы әкімдігі мен Республика алаңына баруға шақырғаны" айтылады. Тергеушілер "Мамай Ж. шақырған адамдар Республика алаңына барып, Алматы әкімдігін басып алды" дейді.
— "Парламент таратылсын! Әділ сайлау өтсін! Партиямызды тіркесін!" деген сөздері үшін "Жаппай тәртіпсіздік" бабымен күдікті деп таныды. Мұның несі заңсыз? Кейінгі тәртіпсіздікке Жанболаттың да, басқа бейбіт белсенділердің де еш қатысы жоқ, — дейді Инга. — Ал "Жаңаөзенде алаңда 10 мың адам жиналып тұр" деген сөзі үшін "Төтенше жағдай кезінде жалған ақпарат таратты" деп айыптаған. Алаңда онша адам болмағанын қалай дәлелдейді? Оның үстіне 4 қаңтарда әлі төтенше жағдай жарияланбаған да еді. Бұдан бөлек былтыр қозғалған істер бойынша тағы екі айып тағып отыр. Кредит амнистиясына ілігу үшін кімге қандай формада арыз жазу керегін түсіндіріп бергені үшін "Жалған ақпарат таратты" дейді. Сосын 2021 жылы қыркүйектегі митингіде жасақ наразыларды күштеп ұстап әкеткенде полицияға "қарабет" дегені үшін "Билік өкілін қорлады" деп жатыр.
— Жанболатқа заң тұрғысынан ешқандай претензия жоқ, — дейді көлік алдында отырған адвокат Ернар. — Оның үстіне Жанболат алғашқы үш ай қамауда заңсыз отырды. Күдіктіні қандай жағдайда тергеу изоляторына отырғызуға болады? Егер оның үстінен қозғалған бап бойынша жаза мерзімі бес жыл не одан көп болса ғана отырғызуға болады. Ал бастапқыда оған айып тағуға негіз болған екі бап бойынша ең ұзақ жаза мерзімі үш жыл еді.
— Бұл туралы шағым түсірдіңіздер ме?
— Түсіріп жатырмыз, айтып жатырмыз. Реакция — нөл. Прокурор не айтса, сот сонымен жүреді. Прокурор сотқа бастық сияқты.
ПЛАКАТ
Инга күйеуі әкімшілік қамауға алынған күннен бері-ақ "Жанболатқа бостандық!" деген ұранмен қарсылық акцияларын өткізіп келеді. Онысы үшін белсенді мен жақтастарына миллион теңгеден аса айыппұл салынған. Инга оны әлі төлеп жүр.
Сәуір аяғында Инга 7 мамыр күні митингіге шығатынын хабарлады. Қаңтар оқиғасын жан-жақты зерттеуді, ұсталғандарды босатуды, Жанболатты қамаудан шығаруды талап етпек болады.
— Бірақ билік жоспарымның быт-шытын шығарды. Бүкіл партия белсенділерін ұстап әкетті. Шетінен он күн бұрын ұстап, бірнеше тәулікке қамап тастады, — дейді Инга. — Кейін Жанболатқа: "Сен митинг жариялағанда бұлай қорықпайтын. Менен көбірек қорқады-ау осылар!" деймін. А-ха-ха!
Содан кейін билік митингіге жол бермейтінін түсіндім. Ақылдасып отырып, үлкен плакат ілейік деген ой келді. "Плакат барынша үлкен болуы керек, біраз уақыт ілініп тұруы керек" дедік. Аружан Алматының шетіндегі бір ауылда плакатты жасатып, таксимен алдырдық. Ұзындығы — он, ені екі жарым метр. Қызылмен "Тоқаев, Жанболат Мамайды босат!" деп жазылған.
3 маусымда таңғы бесте Саин көшесіне қарай шықтық. "Ешкім аңдып жүрген жоқ па" деп, артымызға қарадық. Ешкім жоқ. Көлікте бесеуміз — мен, Гүлнар апай, Нұрбол аға, Аружан мен адвокат Ернар.
Плакатты ұстап, Саин-Әл-Фараби қиылысындағы көпірге жүгірдік. Шыға сала төменге қарасам, бірінен кейін бірі келіп, бес мәшине тоқтады. 24 сағат аңдып жүр екен ғой сөйтсем. Ішінен жай киім киген адамдар шықты. Біздің не істеп жатқанымызды түсінбей, аңқиып қарап тұр. "Плакат қанша тұрса да, суретке түсіріп үлгерсек болды" дедім. Аружан төменде телефонын ұстап дайын тұр. Үшеуміз үш жағынан ұстадық та, плакатты жайып жібердік. Аружан түсіріп алды.
Сол кезде әлгілер бір-біріне "Ей, плакат екен, плакат екен! Жүгір!" деп көпірге ұмтылды. Мен Аружанға жүгірдім. Бар ойым — телефонды алып, Ернарға беріп үлгеру. Аружан маған қарай жүгірді. Телефонды аламын да, Ернарға беремін. Оның адвокат куәлігі бар ғой, телефонды тартып ала алмайды.
Бәрімізді әлгі бесеу, кейінірек келген полиция күштеп ұстап әкетті. Бізді көлікке отырғызып, әкетіп бара жатқанда плакатты шешіп жатқанын көрдім. Он бес минуттай ғана тұрды.
Бізді Бостандық аудандық полиция басқармасына апарды. Аружан екеуміз әжетханаға барамыз деп сұранып, туалеттің ішінде Ернарға жазамыз. "Фото-видеоларды жібер" деймін. Дереу жүктеп аламын да, Facebook-ке плакат ілгенімізді, бізді ұстап әкеткенін саламын. Телефонды қалтаға салдым да, енді не болса ол болсын дедім. Жариялап үлгердім. Уф! Көңілім жайланды. Акция біз ойлағандай іске асты. Шу болды. Олар референдум алдында маған түк істетпейміз деп ойлаған, бірақ абыр-сабыр болды. Әрине, қуанасың!
3 маусымда Бостандық ауданы ішкі істер басқармасы тіркелмеген "Демократиялық партия" белсенділері Инга Иманбай, Аружан Дүйсебаева, Нұрбол Бәйтереков пен Гүлнар Мирмамбетованың әрқайсына 61 260 теңге (20 АЕК) айыппұл салды. Белсенділерге "Қала мен елдiмекен аумағын абаттандыру қағидасын бұзу" бабымен айып тағылған. Бұл туралы адвокат Ернар Кенжебаев хабарлады.
РЕФЕРЕНДУМ
Кемінде 238 адам қаза тапқан Қаңтар оқиғасынан соң Тоқаев саяси-әлеуметтік реформа уәде етіп, оны Конституцияның үштен бірін өзгертуден бастауды ұсынды. Билік 5 маусымға референдум белгіледі.
Инга референдум уақыты таяғанда өзі тіркеуде тұрған Алматы облысындағы учаскеден шығып кетеді.
— Орталық алаңға жақын бір учаскені іздеп тауып, осыған "барып дауыс беремін деп жаза" салдым. Сәтпаев университеті жақтағы учаске еді.
Сөйтсем ол жерде қатар тұрған екі учаске бар екен. Мен басқа учаскеге барып алыппын. Аружан айтты: "Сіз барамын деген учаскеде мереке сияқты дайындалып отыр. Әкімдік қызметкеріне дейін жүр". Арандату болатынын түсіндім де, онда оған бармаймыз деп, екіншісіне кеттім.
Кірсем комиссия мүшесі "Инга, вы же хотели в тот участок пойти?" дейді. А-ха-ха! Маған бәрібір ғой. Мына жақтағылар дайын болмай шықты. У-шу болып кетті.
— "Жаңа Қазақстан" боламыз деген, демократияға жол ашамыз деген президент Тоқаев саяси тұтқындарды босатсын. Онсыз бүгінгі референдумның мәні жоқ! "Жаңа Қазақстан" бұлай басталмайды! — деп айқайлады Инга учаскеде дауыс беру парағын ұстап тұрып.
Комиссия төрағасы кедергі келтіруге тырысқан сайын, Инганың даусы күшейе түседі.
— Тоқаев, Жанболатты босат! — деп Ингамен бірге Аружан да айқайлай бастады. Дауыстары жаңғырып шығады. — Тоқаев, Жанболатты босат! Тоқаев, Жанболатты босат!
— Жарты сағаттан сыртқа соң шықтым. Шетелдік журналистер де келіп алған екен, — дейді Инга. — Жанболаттың ісіне көбірек назар аударту үшін маған полицияның мені ұстап әкеткені керек болды. Ал билікке ол керек емес. Учаскені басыма көтеріп айқайладым! Шығып алып тағы айқайладым. Айқайлап, шерулетіп, алаңға барамыз! Түк істемейді бізге! А-ха-ха!
— "Жаңа Қазақстан" басталып кетті ме деп қоямын, — дейді Ернар. Ұстау үшін бәрін істеді ғой. Ұстамады. Ха-ха-ха!
— Жанболатқа заңдық тұрғыдан тағатын айып жоқ. Бұл — саяси іс. Сондықтан назар аудартуымыз керек, — дейді Инга. — Біз осының бәрін сол үшін істейміз. Жанболатты күн тәртібінен түсірмеу керек. Түсірсек Жанболатты соттап жібереді. Билік түсінуі керек: Жанболат қанша уақыт қамауда отырса, сонша уақыт біз оларға тыным бермейміз. Мұның бәрі жаман мінезден, қырсықтықтан емес, еріккеннен емес. Мұның бәрі билікті Жанболатты босатуға итермелеу үшін жасалады. Жанболатты ұстап отырып, береке таппайтынын түсінуі керек.
ТҮРМЕ
Жанболат Мамай саяси өмірге студент кезінен араласқан. Әуелі саяси тақырыпқа өткір жазатын журналист ретінде көрінді. 2009 жылы 21 жастағы Мамай "Жас Алаш" газетінің журналисі ретінде Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы сыйлықпен марапатталды. Оның мақалалары "журналистика саласындағы үздік еңбек" деп танылған.
2011 жылы кемінде 17 адам қаза тапқан Жаңаөзен оқиғасынан соң Мамайға "әлеуметтік араздық қоздыру" бабымен айып тағылды. Бірнеше ай түрмеде отырып шықты.
Ал 2017 жылы "Трибуна. Саяси қалам" оппозициялық газеті арқылы "қылмыстық жолмен табылған қаржыны заңдастырған" деген күдікпен оның үстінен іс қозғалды. Жеті ай қамауда отырды. Сот оны кінәлі деп тауып, үш жыл мерзімге шартты жаза кесті. Үш жыл журналистік қызметпен айналысуына тыйым салды. Жанболат айыпты мойындамай, істің "саяси астары бар" деген.
— Жанболат осымен үшінші рет "саяси тұтқын" атанып отыр, — дейді Инга. — Әр бес жыл сайын қамауда отырады. "Тәжірибелі рецидивист".
2019 жылы қазанда Жанболат Мамай бастаған белсенділер “Демократиялық партия” құратынын жариялады. 2019 жылы желтоқсанда әділет министрлігі бастамашыл топты тіркеді. Бірақ белсенділер "билік құрылтай съезін өткізуге бөгет жасап, қысым көрсетті" деп мәлімдеген.
— Бұған дейін Жанболат журналист болды. Саяси партия құрамын деп жариялағалы оны танитындар көбейді. Саяси салмағы артты. Оның ісін халықаралық ұйымдар мен елшіліктер ерекше бақылап отыр. Билік мұны біледі, — дейді Инга. — Жанболатты тергеу изоляторына алып келген күні осында жеттім. Қызметкердің бірі "Сізді бастық күтіп отыр" деді. Кіремін деген жоқ едім. Бірақ "Жарайды" дедім. Барсам, түрме бастығы прокурорды, дәрігерді шақырып алыпты. "Жанболатты кеше өзіміз қабылдадық. Прокурор көрді, дәрігер қарады. Денсаулығы жақсы, құлағы аздап ауырып тұр екен" дейді. "Дәрігерге неге қаратасыңдар? Ауырып тұр ма?" дедім. "Жо-жоқ, бір тексеріп қояйық дедік" деп тұр.
Тергеу изоляторына келе сала Инга мен Ернар Жанболатпен кездесуге өтініш жазуға кіріп кетті.
21 шілдеге дейін Инга күйеуімен қоғамдық қорғаушы ретінде кездесіп жүрген. Бірақ сол күні Алматы прокуратурасы оны бұл статустан айырды. "4 қаңтар күні Жанболатпен бірге митингіге шыққан мен іс бойынша куәгер екенмін-мыс".
Инга "наразылық білдіріп, халықаралық ұйымдарға дабыл қағып, шу шығарған соң" оған Жанболатпен арнайы статуссыз-ақ кездесе беруге рұқсат еткен.
— Бәрі шулап кеткен соң Адам құқығы жөнінде уәкіл Эльвира Әзімова реакция білдірді. Сөйтіп маған ешбір заңда жоқ бір дүбәра статус берді, — дейді Инга. — Басқа тұтқындардың туыстарын олай кездесуге еркін кіргізбейді. Бірақ мен бұл мүмкіндікті пайдаланамын, әрине. Жанболатты көруім керек. Бұрынғы статусым "защитник" еді ғой. Ернар қазір мені "полузащитник" дейді. А-ха-ха!
Түрме әкімшілігі Жанболатқа: "Шағымыңыз болса, адвокатыңызға айтыңызшы, әйеліңізге емес” дейді екен. А-ха-ха! Өткенде Жовтиспен сөйлескем. Оған "Блин, адвокат говорит, что начальник тюрьмы меня не любит" десем, "Пусть Жанболат любит, этого достаточно" дейді. А-ха-ха!
Осы кезде Ернардың телефонына хабарлама келді. Инга екеуі Жанболатпен кездесуге кіріп кетті.
Кездесуден Инга бір сағаттан кейін жалғыз шықты. Адвокат іс бойынша сөйлесу үшін іште қалған.
— Қалай екен?
— Жақсы. Бәрі орынша. Кеше де келдім ғой. Кездесе алмау қаупі болған соң күнде келетін болдым.
Нұрбол пакетті көтеріп, Инга екеуі түрме жанында тұрған сәлемдеме қабылдайтын жерге беттеді.
Төбесінен су аққан, қабырғалары сөгілген қапырық бөлмеде қатар-қатар бірнеше есік тұр. Бұл есіктердің ішінде түрме қызметкерлері қамаудағылардың туыстары әкелген азық-түлікті біртіндеп тексереді. Кейбір тамақты өткізбей қоюы мүмкін. Инганың да Жанболатқа пісірген бауырсағы мен бір жақтасы әкелген тұшпарасын қабылдамай қойған. "Туыстары ішіне бірдеңе тығып жіберуі мүмкін екен".
Инга бос тұрғаны бар ма деп, есіктерді бірінен соң бірін тартып көреді. Біреуіне кіріп, он бес минуттан соң сәлемдемесін түгел өткізіп шықты.
— Мына жақта мені танымайтын адам жоқ, — дейді Инга кезек күткен басқа адамдарды нұсқап. — Көбі — Қаңтар оқиғасы бойынша қамалғандардың туыстары. Жанболаттың парақшасы арқылы кейбірінің баласының оқуына, пәтерінің жалдау ақысына ақша жинап бердік. Көшеде апалар қолыма "Жанболат тезірек шықсын, бір тамағын менің атымнан апарып бер" деп, ақша ұстатып жатады. Мақтауды да, даттауды да салқынқанды қабылдаймыз. Күресте де ұстамдылық керек.
Кейбіреулер менің эмоцияға толы акцияларымды көріп, даукес адам деп қалуы мүмкін. Бірақ олай емес. Назарбаевтың отыз жылғы қылмысын эмоциясыз айту мүмкін емес, Жанболатқа қиянат жасап жатқанын эмоциясыз айту мүмкін емес. Неге эмоциямды сақтауым керек? Неге өзімді ұстап тұруым керек? Менде қырсықтық та бар. Билік Жанболатты қамап тастап, "бәрі тыныш болады, митинг, эфирлер болмайды, күндіз-түні біреу бізді жамандап отырмайды" деп үміттенеді ғой. Жоқ, олай болмайды. Жанболат қамауда болғанымен, біз бармыз.
Жанболат бойынша билікке қысым өте жоғары. Халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық миссиялар үндеуі бар. Халық та қолдап отыр. Біздің бір үмітіміз — сол. Қазақстан билігіне бұл тиімсіз. Бір жағынан билік ішкі тұрақтылық деп, Жанболатты ұзаққа қамап тастай ма деген күдік те бар. Жанболат өлімнен аман қалған соң маған бәрібір болып кетті. Аман болса болды. Соттатқызып қойып, қарап отырмаймыз.
Мен Жанболаттың жолын да, күресін де қолдаймын. Әйелі ретінде емес, серіктесі ретінде қолдаймын. Себебі бізде бірінші отбасы болған жоқ. Бізде бірінші күрес болды.
Жарты сағаттан соң изолятордан Ернар шықты. Инга, Нұрбол мен Ернар көлікке беттеді.
Сағат түскі бір. Инга жұмысына барады.
БУФЕТ
33 жастағы Инга Иманбай — журналист, құқық қорғаушы, тіркелмеген "Демократиялық партия" қозғалысының белсендісі. Ол Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі халықаралық бюрода жұмыс істейді.
"Демократиялық партия" құру бойынша бастамашыл тобы отыратын ескі ғимараттың тар кабинетіне кіріп, Инга компьютерінде мәтін жазуға кірісті. Жанболат Мамай мен елдегі саяси жаңалықтар туралы видео түсірмек.
— Мәтінді кеше түнде бастап қойғанмын. Қазір аяқтау ғана қалды, — дейді.
Жиырма минуттан кейін мәтінін аяқтап, ұзын дәліз бойындағы басқа бір кабинет ішіне қолдан жасалған студияға кірді. Боянып, микрофон тақты. Оператор басын изеп, белгі берген соң Инга сөйлей бастады.
"Қайырлы күн, құрметті көрермен, жақтастар! Сіздермен Инга Иманбай. Бүгін — Жанболат Мамайдың түрмеде отырғанына 153 күн. Өзіне алғаш кесілген он бес тәулікті он рет отырып тастады десек те болады. Биліктің қолында Жанболат қылмыс жасады дейтіндей еш дәлел де, дерек те жоқ. Тек жала жауып, оның қамау мерзімін ұзартып келеді.
Жанболат — саяси тұтқын. Ал біздегі авторитар жүйені қорғайтын саясат біржақты. Яғни халықтың ой-мүддесіне, талабына қарама-қайшы. Жанболат сынды сол халықтың мұң-мұқтажын ойлайтын адамды еркін жүргізіп қоя алмайды. Ашық саяси тартысқа бара алмайды".
Он минуттай сөйлеп, көрерменмен қоштасты.
Сағат үштен асқанда Инга түскі асқа шықты. Бірінші қабаттағы буфетке кіріп, картоп қосылғаш бір бәліш пен тез дайындалатын кофе алды. Таңғы сегізден бері нәр татып отырғаны — осы.
Қоғамдық қорғаушы деген мәртебесі бар кезде Инга Жанболаттың ісі бойынша соттың бәріне қатысатын. Бұл статустан айырылған соң не болғанын адвокат арқылы ғана біліп отыр.
— Сот еш уәжімізді қабылдамай қояды. Сосын аргументім таусылған кезде судья, прокурор мен тергеушіге қарап: "Сендер саяси тапсырыс орындап жатсыңдар. Бірақ тарихта олар емес, сендердің аттарың қалады. "Мен орындаушымын" деп ақтала алмайсыңдар. Иә, сен — бұйрық орындаушысың, оны білеміз. Бірақ бұл сылтау емес. Құжатта сенің қолың тұрады. Болашақта Жанболатқа жасаған қиянатың алдыңнан шығады" деймін. Түрлері бұзылып кетеді, — дейді Инга. — Мені сотқа қатыса алмайтындай қылып тастады ғой. "Құртыңдаршы мынаны" деген шығар. А-ха-ха!
Менің ешкімге бет қаратпайтынымды, батыл сөйлегенімді "мынаның артында біреу тұр ғой" дегендей түсінеді. Бізді "биліктің жобасы" дегендей пікір айтады. Бірақ оған бірде-бір дәлелі жоқ. Адамда мінез деген болады. Менің мінезім бұрыннан — сол. Мені қысқан сайын күшейе түсем. Кейінгі он жылда бізге істемегені жоқ. Тұншықтыра алды ма? Тұншықтырмады ғой.
Маған әлсіз болып көрінген ұнамайды. Түрме басшылығы, прокурорлар мен полицейлер сескеніп, қорқып, тартыншақтап тұрғанын көрген көбірек ұнайды. Сондықтан көп нәрсені білдірмеймін. Етегімді жасқа толтырып отырсам, Жанболатқа білгендерін істейді ғой.
Кейбіреулер мені балаларын ойламайтын ессіз әйел деп те ойлайды. Бірақ балаларым мен үшін бірінші кезекте тұрады. Иә, қазір оларға қиын шығар. Біздің ата-анамыз, бізден үлкен буын біздің болашағымыз үшін күрескен жоқ. "Шүкір" деді. Қорықты. "Соғыс болмаса болды" деп жүрді. Ақырында, міне, жиырма жасар балаларды кеше қырып тастады.
Ақмаралдың мен сияқты жүргенін қаламаймын. Екі ұлым Жанболат сияқты отыз жасына дейін үш рет түрме көрмесе екен деймін. Қазір бар өмірім ана ретіндегі күрес, әйел ретіндегі күрес, сосын күрескер ретіндегі күреспен өтіп жатыр. Бұл Жанболаттың ғана таңдаған жолы емес. Менің де жолым.
Мен оптимиспін. Бұл күресім бір күні аяқталарына сенемін. Қаңтар болады деп ешкім ойламады. Назарбаев жүйесі әлі салтанат құрып тұрғанымен, Назарбаевтың өзі құлады ғой. Тоқаев сол жүйені сақтап отыр. Бұл жүйені құлатса, Тоқаев өзі де кететінін біледі. Қаңтардағыдай қан төгілгенін қаламаймын. Сондықтан дұрыс демократиялық өзгерістер керек, реформалар керек. Онсыз келесі Қаңтар тағы қайталануы мүмкін.
Өзгеріс боларына сенемін. Қаңтар көрсетті: жүйе мәңгі емес, ал қазақ түбі өзінікін алады.
Инга бәлішін жеп, кофесін ішіп, кеңседен шықты. Ол Жанболаттың ісі бойынша құқық қорғаушымен кездеспек.
Сосын үйіне қайтады. Алдынан Төлеген шығып, әкесін сұрайды.
ПІКІРЛЕР