Accessibility links

Bellingcat пен Insider украин тұтқынын азаптаған Ресей азаматының аты-жөнін анықтады


Bellingcat пен Insider зерттеушілері украин тұтқынын азаптап, өлтірген Ресей солдатының аты-жөнін анықтады.

Бұған дейін интернетте Ресей солдатының украин тұтқынын азаптағаны жайлы бейнежазба тараған. Онда орыс солдаты украин тұтқынын пышақпен кастрация жасап та қинайды. Азаттық этика ережелеріне байланысты бейнежазбаны көрсетпейді.

Видеода азаптаған солдаттардың бет-жүзі көрінбейді, бірақ зерттеушілер олардың киімдері мен өзге де көзге түскен заттарға қарап аты-жөнін анықтаған.

Зерттеу авторларының мәліметінше, орыс солдаттары украин тұтқынын Луганск облысы "Приволье" шипажайы аумағында азаптап қорлаған. Оған "Ахмат" батальонының мүшелері қатысқан болуы мүмкін. "Ахмат" - ресейлік "Росгвардияның" бөлімшесі деп айтылғанмен көптеген зерттеу бойынша, ол Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровқа тікелей бағынады.

Insider батальонға мүше 1993 жылы туған тувалықпен сөйлесіп көрді. Телефон әңгімеде ол азаптауға қатысқанын терістеп, бейнежазбаны құрастырылған видео деп атады. Алайда ол Северодонецкідегі "Азот" комбинатында "Ахмат" батальонының қатысуымен түсірілген өзге видеоларда өзі екенін мойындады.

Кадрларға талдау жасай отырып, зерттеушілер "Азоттан" түсірілген видео мен украин тұтқынын азаптаған видеодағы адамның бір екенін анықтады. Insider редакциясы оның аты-жөнін атады.

  • Украин тұтқынын азаптап өлтіру туралы видео халықаралық қауымдастықтың қатаң реакциясын туғызды. Еуроодақтың жоғарғы өкілі Жозеп Боррель украин тұтқынына жасалған хайуандық әрекетті айыптап, азаптағандар мен соған бұйрық бергендерді қатаң жазаға тартуға үндеді.
  • Халықаралық құқық бойынша, әскери тұтқындарды өлтіру және азаптау әскери қылмысқа жатады.
XS
SM
MD
LG