Шахматтан Өзбекстан ерлер құрамасы Ченнаида (Үндістан) өткен 44-шахмат олимпиадасында жеңімпаз атанды. Ал әйелдер арасындағы бәсекеде Қазақстан құрамасы 5-орыннан көрінді.
Өзбекстан ерлер құрамасы 9 тамызда өткен 11турдағы шешуші ойында Нидерланды құрамасын 2,5:1,5 есебімен жеңді. Өзбекстан құрамасы сапында 20 жастағы Нодирбек Якуббоев, 16 жастағы гроссмейстер Жавохир Синдаров және 17 жастағы гроссмейстер Нодирбек Абдусатторов және 27 жастағы Жахонгир Вахидов ойнады. Өзбекстан шахмат олимпиадасында алғаш рет топ жарды.
Қазақстан ерлер құрамасы шахмат олимпиадасында 18-орын алды. Күмісті Армения, қола жүлдені Үндістанның екінші құрамасы иеленді.
Ал әйелдер арасындағы жарыста 5-орын алған Қазақстан әйелдер құрамасы олимпиада кезінде 11 ойын өткізіп, Гватемала, Бельгия, Перу, Куба, Вьетнам, Словакия, Болгария, Үндістанның екінші құрамасын жеңді, Моңғолиямен тең түсіп, Әзербайжан және Үндістанның бірінші құрамасынан жеңілді.
Қазақстан әйелдер құрамасы сапында олимпиадада блицтен әлем чемпионы Бибісара Асаубаева, гроссмейстер Жансая Әбдумәлік, Ксения Балабаева, Гүлісхан Нахбаева, Назерке Нұрғали ойнады.
Чаннеидегі олимпиадада әйелдер арасында Украина чемпион атанса, Грузия күміс, ал АҚШ қола медаль иеленді.
ПІКІРЛЕР