"Назарбаев қоры" экс-президентпен байланысты төрт қор туралы зерттеу жасаған Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығының үстінен (OCCRP) шағым түсірген болып есептелмейді, себебі олар журналистік ұйымға тиісті құжаттарды жібермеген. Бұл туралы Азаттыққа OCCRP негізін қалаушылардың бірі Дрю Салливан хабарлады.
"Техникалық тұрғыдан OCCRP-дің үстінен әзірге шағым түскен жоқ. Олар ("Назарбаев қоры" жекеменшік қоры -ред.) екі нәрсе жасауы тиіс: алдымен сотқа шағым түсіріп, сосын бізге құжаттарды жіберуі керек. Шағым [сотқа] түсті, бірақ ["Назарбаев қорының" мүддесін қорғайтын] заңгерлік ұйым OCCRP-ге тиісті құжаттарды жібермеді. Құжаттарды бізге жібергенде ғана бізді сотқа тартқан болып есептеледі" деді Дрю Салливан Азаттыққа берген сұхбатында.
Соған қарамастан, бұл туралы көп жазылып жатқаны - "ақпарат құралдарының назарын бұру үшін жасалған PR қадам" деп бағалайды Саллииван.
"Сіз біреудің үстінен сотқа шағым түсіріп, "олар көпе-көрнеу жалған ақпарат таратты, олардың жазғаны өтірік" десеңіз, мұны көп ақпарат құралы жазады. Іс жүзінде солай болды да. Бірақ шын мәнінде бізді соттау қиын, өйкені судья мен сот алқасы талаптарын қарауы керек. Олардың жеңіске жетуге еш мүмкіндігі жоқ. Мақаламыз жан-жақты жазылған. Сондықтан басылымдардағы жарияланымдар әсерін берген соң істі ақырын ғана жаба салса таңғалмаймын" дейді Салливан.
Азаттық бұл мәселе бойынша "Назарбаев қоры" жекеменшік қорының коммуникация бойынша кеңесшісі Жанет Тұрарбековаға хабарласты. Оның айтуынша, "Назарбаев қоры" OCCRP-ді сотқа тартып жатыр деген сөз қате, "Назарбаев қоры" OCCRP-ден жарты жыл бұрын шыққан мақаланы түзетуді талап етіп отыр.
"Мақаладағы деректерді түзетіп, біздің қорды басқа қорлардан бөлуді сұрадық. Өйткені бізде ұшақ та, үлкен активтер де жоқ. Біз тек университет пен мектептермен айналысатын білім беру қорымыз" деді Жанет Тұрарбекова.
"Назарбаев қоры" OCCRP-ге шағым жібермегенімен, АҚШ-тағы сотқа талап арыз түсірді ме?" деген сұраққа Жанет Тұрарбекова кесімді жауап бере алмайтынын, "Назарбаев қорының" заңгерлері кейінірек жауап беретінін" айтты.
Courthouse News Service сайты 29 шілде күні "Назарбаев қоры" жекеменшік қорының АҚШ-тың Балтимор қаласында орналасқан OCCRP-ді басқарушы коммерциялық емес ұйым – Journalism Development Network-ті сотқа бергенін хабарлаған. Шағымға қарағанда, "Назарбаев қоры" OCCRP зерттеуінде баяндалған жайттар, атап айтқанда "қордың активтері экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі және толықтай оның бақылауында" деген тұжырым мен мақаланың тақырыбы, тақырыпшасы мен зерттеудің нәтижелері шындыққа сәйкес келмейді және қордың беделіне нұқсан келтіреді деп отыр. Шағымда "Назарбаев қорының" "Назарбаев университеті" мен Назарбаев зияткерлік мектептерін қаржылай қолдау үшін құрылғаны айтылған.
OCCRP биыл 19 қаңтар күні Қазақстанды ұзақ жыл басқарған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевпен байланысты төрт қайырымдылық қоры ("Назарбаев қоры" жекеменшік қоры, "Нұрсұлтан Назарбаев қоры", "Демеу қоры" және "Елбасы" қоры) жайлы зерттеу жариялап, Назарбаев қорларына тиесілі активтерде кемі 7,8 миллиард доллар барын анықтады. Зерттеуге сәйкес, 2019 жылы Назарбаев отставкасынан кейін қор инвестициямен белсенді түрде айналыса бастаған. Сол мақсатта қор президент әкімшілігінің бұрынғы жетекшісі Әділбек Жақсыбековтің отбасы бақылауындағы "Цеснабанкті" сатып алған. Бұған қоса, онлайн-саудамен айналысатын платформа, қоймалар мен сауда орталықтарын иеленген. Журналистердің мәліметінше, "Нұрсұлтан Назарбаев" қоры швейцариялық компаниядан құны 100 млн доллар тұратын Airbus ACJ320neo лайнерін сатып алып, Қазақстанға импорттаған. "Нұрсұлтан Назарбаев" қорының Жерорта жағалауындағы Rixos Beldibi қонақ үйіне қатысы бары да айтылады. Бұл нысан түрік үкіметі Қазақстанға туризмді дамытуға арнап бөлген жерге салынған. Азаттық былтыр бұл жөнінде өз зерттеуін жариялаған.
ПІКІРЛЕР