Accessibility links

Алматы облысында Ұлттық ұлан жауынгері дауылда опат болған


Ұлттық ұлан жауынгерлері әскери дайындықтан өтіп жатыр. Көрнекі сурет. Ұлттық ұланның ресми сайтынан алынған.
Ұлттық ұлан жауынгерлері әскери дайындықтан өтіп жатыр. Көрнекі сурет. Ұлттық ұланның ресми сайтынан алынған.

Алматы облысында Ұлттық ұланның бір жауынгері дауыл кезінде опат болды. 10 тамызда Ұлттық ұланның баспасөз қызметі осындай ақпарат таратты.

Ақпаратқа қарағанда оқиға 9 тамызда Алматы облысындағы 5574 әскери бөлімінің жаттығу алаңында болған. Бұл жерде Алматыдағы 5571 әскери бөлімінің бірінші батальонының жеке құрамы әскери дайындықтан өткен.

"9 тамызда шамамен сағат 20:55-те қатты дауыл басталып, соның салдарынан палатка қалашық құлай бастады. Қатардағы жауынгер А.Н.Шахимов әріптестеріне қауіпсіз жерге көшуге көмектесіп жүріп, палаткадан шыққан кезде палатканың металл қаңқасы басына тиіп, жарақат алды" деп жазылған баспасөз хабарламасында.

Хабарламада оған бірден алғашқы медициналық көмек беріліп, Қонаев қаласындағы ауруханасына жеткізілгені жазылған. Әскери қызметкер сол жерде көз жұмған.

"Өзінің жанкешті әрекетімен қатардағы жауынгер А.Н.Шахимов жолдастарын құтқарып қалды, бірақ өзі ауыр бас жарақатын алды" деп жазды Ұлттық ұланның баспасөз қызметі.

Опат болған жауынгер 2003 жылы туған. Ұлттық ұланның құрамына биыл көктемде Ақмола облысы Көкшетау қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаменті арқылы алынған.

Оқиғаға байланысты қызметтік тексеріс басталған. Жай-жапсары анықталып жатқаны хабарланды.

Кейінгі кезде әскери қызметкерлер мен жауынгерлердің қазасы жайлы ақпарат жиіледі. 31 шілдеде Ұлттық ұлан Маңғыстау облысы мен Степногорск қаласында екі қызметкерінің "өзіне қол жұмсағанын" хабарлаған. Сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғаны айтылды.

Әскери қызметкерлер өлімінің жиілегені қоғамда жиі талқыланып жатыр. Бірнеше күн бұрын Alash.online сайтында ең жас депутат Мәди Ахметовты әскери қызметке жіберуді талап ететін петиция жарияланған. Петиция авторы "әскери борышын өтемеген" депутатты армияға жіберу арқылы биліктің назарын осы мәселеге аударта аламыз деп сенеді. Соңғы мәлімет бойынша, петицияға 7,6 мыңнан астам адам қол қойған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG