Саяси тұтқындар мен Қаңтар оқиғасының құрбандарын қолдау үшін құрылған "Араша" комитеті биліктен Қаңтар қырғынынан соң ұсталған саяси белсенділерді босатуды талап етті. Комитет 10 тамызда Алматыда өткен баспасөз мәслихатында биліктен саяси тұтқындарды босатуды ғана талап етіп қоймай, бұл талаптың орындалуына барынша ат салысатынын мәлімдеді.
"Араша" жиында билік Қаңтар оқиғасын әділ тергеп, кінәлілерді жазалап, орган өкілдерінің азаптауға қатысы бар-жоғын жіті тексеруі керек деп санайды.
"Тергеу, біздің ойымызша, қару қолданған, адам өлтірген я қызметтік бабын асыра пайдаланып, адам өліміне себепкер болған органдар қызметкерлерінің іс-әрекетін мұқият тергеп жатқан жоқ. Ал "Қаңтар оқиғасына қатысты" деген желеумен зорлық-зомбылық істегені туралы ешқандай да дәлелдер келтірместен, саяси оппозиция мен белсенді азаматтар жауапкершілікке тартылып жатыр" деп жазылған "Араша" комитеті жиыннан соң таратқан мәлімдемеде.
Мәлімдемені қоғам қайраткері Мұрат Әуезов, құқық қорғаушы Евгений Жовтис, тарихшы Марат Қатайұлы Сембі және журналист Әсем Жәпішева таратты. Олар биліктен Қаңтар оқиғасынан соң істі болып жатқан Жанболат Мамайды (тіркелмеген "Демократиялық партияның" лидері), азаматтық белсенділер Фарид Ишмухаметов, Абылайхан Бекеев, Азиз Жолатовты; "жаппай тәртіпсіздік" бабымен сотталған белсенділер Ләззат Досмамбетова, Жанмұрат Әштаев, Қайрат Сұлтанбек, Молдабай Сәдібеков, Айдар Байсағатовты "саяси тұтқын" деп танитынын мәлімдеп, биліктен оларды босатуды талап етті.
- Жанболат Мамай босатылуы керек. Жанболат – президент Тоқаевқа сынақ. Егер ол мынадай қарапайым әрекетті жасай алмаса, егер ол қоғам үшін пайдалы, конструктивті істерді атқаруға дайын адамдарды ажырата алмаса, онда Тоқаев үшін көптеген істер шешімін таппастан сол күйі қалады, - деді Мұрат Әуезов.
Журналист Әсем Жәпішова те Жанболат Мамай мен басқа да белсенділерді босатып, саяси партиялардың тіркелуін талап етіп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасады.
- Осы талаптар орындалғанда ғана біз сіздің Жаңа Қазақстан жайлы сөзіңіздің нағыз шындық екенін көреміз, - деді Жәпішова Тоқаевқа үндеуінде.
Қазақстан билігі елде саяси тұтқындар жоқ дейді.
- Биыл қаңтардың басында Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсы бейбіт наразылық елдің басқа аймақтарында да қолдау тапқан еді. Кейін 5 қаңтарда әлеуметтік мәселе айтылған наразылық соңы қантөгіске ұласып, ресми дерек бойынша 238 адам қаза тапқан. Билік 5 қаңтардан кейінгі оқиғаны "мемлекеттік төңкеріске талпыныс", "бандиттердің ісі" деп мәлімдеді. Бірақ "мемлекеттік төңкеріске талпыныс жасағандарды да", "бандиттерді" де атамады.
- Қаңтар оқиғасынан кейін ондаған белсенді ұсталып, "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" я "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деген айыппен істі болып жатыр.
Жаңалықты жазуға Жарас Жайлыбай атсалысты.
ПІКІРЛЕР