Accessibility links

Роскомнадзор Ratel.kz сайтынан соғыс жайлы мақаланы өшіруді талап етті


Қазақстандық Ratel.kz сайты Роскомнадзордың соғыс туралы мақаланы өшіруді талап еткенін хабарлады.

24 шілдеде жарияланған "Ресей азаматтары Украинадағы соғысты қашанға дейін қолдай береді?" атты мақалада Ресей қоғамының соғысты қолдауы Кремльге Украинада әскери қимылын жалғастыра беруге орасан мүмкіндік береді деген тезис айтылады. Мақалада "Левада-центр" және ВЦИОМ сауалнамасының қорытындысы талданған.

Ratel.kz сайтының жазуынша, ресейлік реттеуші орган Ресей бас прокурорының талаптарына сүйенген. Роскомнадзордың пікірінше, аталған мақала "азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді, қоғамдық тәртіптің бұзылуына ықпал етуі мүмкін, өте маңызды нысандардың жұмысына бөгет жасауы да ықтимал".

Ratel.kz хабарлауынша, Роскомнадзор сонымен бірге жергілікті провайдерге де хабарлама жіберіп, егер мақала бір күн ішінде сайттан алынбаса, сайтты жабу қажеттігін ескерткен.

"Біз Қазақстанның мемлекеттік органдарынан ешқандай ескерту хабарлама алмадық" деп жазды Ratel.kz 11 тамыз күнгі хабарламасында.

Басылымның бас редакторы Марат Асипов ресейлік реттеуші органның талабын "Қазақстанның ішкі ісіне араласу" деп бағалады. Ол Қазақстан сыртқы істер министрлігін оқиғаға реакция білдіруге үндеді.

"Қазақстан сыртқы істер министрлігі дауға реакция білдіріп, Роскомнадзорға Қазақстан азаматтары Қазақстан заңымен өмір сүретінін еске салуы тиіс" дейді Асипов.

"Сайт оқырмандарының біраз бөлігі Ресейде екенін білеміз. Алайда бізге Қазақстан оқырмандары маңыздырақ" деді ол.

Жоғарыда аталған мақала қазір Ratel.kz сайтында ашылып тұр. Онда Ресейде соғысты қолдамағандар әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екені және қазірдің өзінде орыс армиясының "беделіне нұқсан келтіргені үшін" түрме жазасына кесілгендер бар екені айтылған. Мақала авторының пайымдауынша, бұл сауалнамаға қатысқан азаматтардың жауабына әсер етуі мүмкін, себебі "соғысты қолдамаймын" деп жауап беру үшін де "жүрек керек".

Ақпан айында Роскомнадзор қазақстандық Newtimes.kz сайтынан да Украинадағы соғыс туралы жаңалығын алып тастауды талап еткен. Редакция "Ресейдегі оқырмандарынан айырылып қалмас үшін" талапты орындаған. Ол кезде Қазақстан билігі Роскомнадзордың талабына реакция білдірмеген.

Видео: Ресей қазақстандық сайтқа құқай көрсетті (28 сәуір 2022 жыл).

Ресей қазақстандық сайтқа құқай көрсетті
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:14 0:00

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров 12 тамызда Азаттық тілшісіне "бұл техникалық мәселе" деп мән-жағдайды Ақпарат министрлігінен сұрау қажеттігін айтты.

Мұның "сыртқы саясатқа қатысы жоқ. Бұның алдында да бірнеше рет болған жағдай. Біздің де билік ресейлік сайттарды Қазақстан аумағында бұғаттаған" деді Айбек Смадияров.

Сарапшылар Қазақстанда интернет-трафиктің кемінде 95 пайызы Ресей арқылы өтеді дейді.

XS
SM
MD
LG