Аннексияланған Қырым түбегіндегі Ресейдің әскери әуежайда бірнеше жарылыс болған соң, Киев шенеуніктері Батыс басылымдарына мұны "алты айға созылған соғыстың жаңа кезеңі, Украинаның оңтүстігіндегі көптен күткен қарымта шабуылдың басы" деді.
9 тамызда шабуыл туралы айтқан шенеуніктер жарылысқа Украина күштерінің тікелей қатысы бар деп есептейді. Олар аты-жөнін жарияламауды сұрады. Ал ресми Киев "әуежайдағы жарылысқа қатысымыз жоқ" дейді.
2014 жылы Қырым түбегін Ресей аннексиялап алған.
11 тамызда Украина президенті Владимир Зеленский шешенуніктерді әскери тактика туралы ақпарат жарияламауды сұрап, ондайлар жауапқа тартылатынын мәлімдеді.
Дегенмен бұл жарылыстар Украинаның қарсы шабуылға шығып, Ресей басып алған жерін, соның ішінде Херсон қаласын қайтаруға кіріскелі жатқанын білдіретіндей.
Әскери сарапшылар мен Батыс барлау қызметі Украина шенеуніктерінің сөзінен кейін осындай тоқтамға келген. Бірақ кей мәліметтер Украина әскерінің негізінен өз позициясында екенін, оларды әлі де Ресей артиллериясы атқылап жатқанын көрсетеді.
Қарсы шабуыл сәтті шықса, Кремльдің Украина жөніндегі кеудемсоқ мақсаттары күл-талқан болуы мүмкін. Өйткен Ресей Украинаның оңтүстігі мен оңтүстік-батысын да аннексиялағысы келеді.
Сарапшылар соғыс ұзаққа созылса, Киевтің оккупацияланған жерлерді қайтару мүмкіндігін азайтуы мүмкін деп те ескертіп жатыр.
Азаттық RAND сараптама орталығының бас зерттеушісі Дара Массикодан сұхбат алды. Ол бұрын Пентагонның бас сарапшысы болып, Ресей әскерінің мүмкіндіктерін зерттеген.
Азаттық: Украина күштері таяуда Ресейдің бірнеше ұшағын жойғанын айтып, Қырымдағы әуе базасындағы жарылысты ұйымдастырғанын меңзеді. Қырымдағы бұл жарылыстар соғыс барысын қалай өзгертуі мүмкін?
Дара Массикот: Бұған не себеп болғанын анықтауға тырысып жүрмін. Бұл - Ресейдің теңіз авиациясына жасалған ең ірі шабуыл болды, сондықтан расымен динамиканы өзгертеді деп ойлаймын. Ал жедел әсеріне келсек, Ресейдің бұл ұшақтары Украинаға шабуыл жасауға арналғанын, оның Қырымдағы көп базаның бірі екенін ескеру керек.
Бірақ [Ресей үшін] шығын болғанымен, аса ауыр жағдай емес. Мұны Ресейдің шамына тиетін және символикалық мәні бар шығын болды деп ойлаймын.
Азаттық: Кейінгі бірнеше аптада Украина оңтүстікте қарсы шабуылға шығуға дайындалып жатқаны көп айтылды. Қырымдағы жарылыс соның басы ма?
Дара Массикот: Бұл - Украина таратқан сыбыс. Олардың жоспарын білмеймін, бірақ қарсы шабуыл жөнінде айтып жүргендеріне бірнеше апта болды.
Қырымдағы жарылыстың психологиялық сипаты бар. Ресей қорғаныс министрлігі бұл туралы үндемей отыр. Олар әрі қарай не істейтінін ойласырып жатса керек.
Азаттық: Қазір Ресей Украинаның оңтүстігін күштерін шоғырландырып жатқанға ұқсайды. Бұл әрекет оқиғаның шарықтау шегіне қалай әкелуі мүмкін?
Дара Массикот: Жаз басталғалы Ресей әскерінің әрекетін бақылаумен болдым. Херсонда әлсіздеу көрінді. Бірақ олар Донбасстағы өзге әсери бөлімдерден алып алып, сол жаққа күш жіберді.
Ресей бұл соғыста айтарлықтай күш жоғалтқанын білеміз. Оның орнын үлкен дайындықтан өтпеген адамдармен жылдам толтырды. Әрине, цифрмен "толтыра салған оңай, бірақ оны сапа мәселесі де бар. Ресейдің бұл күштері соғыс алаңында сынға түскенде қалай болары белгісіз.
Украина жауынгерлерінің қазіргі жағдайы туралы да ақпарат аз.
Азаттық: Күзгі салқын мен қысқы суық соғыс қимылдарын біршама тежейтіні туралы пікірлер айтыып жатыр. Ресей табиғи газын Батыс елдерінің, әсіресе, Еуропаның батылдығын бәсеңдетуге пайдаланады деген де қауіп бар. Мұның бәрі Украинаның стратегиясы әсер етпей ме??
Дара Массикот: Мұның бір-біріне қарама-қайшы екі жағы бар.
Ресей Украина жерінің бір бөлігін аннексиялауға тырысып жатыр. Олар бұған жалған сайлау ұйымдастыру арқылы қол жеткізгісі келеді. Қыркүйекте [сайлау] болады деген сыбыс тарап жатыр. Яғни, Ресейде стратегия бар. Бұрын Қырымда да сөйткен еді. Жерді аннексиялап, Украинаны қолдауды немесе декларацияға қарсы шығуды тоқтату үшін халықты үркітіп ұстауға үміттенген болатын.
Украинада бұған жол бермеуге барлық негіз бар. Киев шабуылға шығып, оккупацияланған жерлеріне Ресейдің орнығып қалуына жол бергісі келмейді. Херсон қаласына айрықша назар аударып отыраны сондықтан. Херсон облысының қалған бөлігі ауылды жерлер, сондықтан украиндар расымен қаланың өзін бақылауға қайта алуға тырысып жатыр.
Азаттық: Алға жылжуда ең маңызды фактор бола алатын не бар деп ойлайсыз? Адамдар не нәрсеге көңіл бөлуі керек?
Дара Массикот: Мені Ресей аннексиясы алаңдатады. Ресей тарапынан қарасақ, олардың әскери әрекеттерді тоқтатып, күшін қалпына келтіру үшін неліктен үзіліс алу керек екенін түсіндіретін бірнеше фактор [бар].
Олар аннексияны бұл мақсатқа жетудің ең жылдам жолы деп есептейді.
Украина әскері қарсы шабуылға аннексия болмай тұрып шықса, көп нәрсе ұтады. Сондықтан бұл мақсат шабуылды шешуші мәселеге айналдырады.
Азаттық: Ресейдің бұған қол жеткізуіне аннексия қалай әсер ететінін түсіндіріңізші.
Дара Массикот: Қырым Ресейге қосылған соң, оны мойындаған ел болмады. Бұл әлі күнге заңсыз аннексия саналды. Бірақ де-факто Қырым түбегі Ресей бақылауында.
Киев Ресей Украинаның жерін тағы да аннексиялауына қол қусырып отыра алмаймыз деп мәлімдеді.
Ресейдің стратегиясы мынандай: олар басып алған жерлерін Ресей жері деп жариялайды, содан кейін Ресей халқы "Ресей жерін" қорғауға көбірек ынталы болады.
Олардың жоспары осындай. Өткен күнге көз салып, [2014 жылғы] Қырымға қарасаңыздар, олардың неге солай бағалап отырғанын түсінесіз.
Азаттық: Украина оңтүстік пен оңтүстік-шығыстағы жерлерін қайтарып ала алады деп ойлайсыз ба?
Дара Массикот: Оларда орыстарға көп проблема туғызатын әдістер бар.
Олармен артиллерия жекпе-жегіне арналған ашық жолда кездесу Украинаның оң жамбасына келмейді дер едім [және] олар солай етуге тырысады деп те күтпеймін. Орыстар белгілі бір кезеңдерде, қозғалыс кезінде немесе қару-жарақ тасымалдаған кезде әлсіз болады. Украинада бұған ықпал етуге мүмкіндік бар деп ойлаймын. Бірақ екі жақта да қиян-кескі ұрыс жүргізетіндей көп күш қалғанын көріп отырған жоқпын.
Азаттық: Қазір тығырыққа тірелдік деп отырсыз ба?
Дара Массикот: Соған келе жатырмыз деп ойлаймын. Дегенмен украиндар жаңа қарумен расымен де жойқын соққы жасай алды. Сондықтан жағдай үнемі өзгеріп жатыр. Бірақ осы күзге қарай соғыс қимылдарының бәсеңдей беретінін көріп отырмын.
(Сұхбат ықшамдалып аударылды - Ред.)
ПІКІРЛЕР