Жамбыл облысында тағы бір жауынгердің "өзіне қол жұмсап, мерт болғаны" хабарланды. Оқиға 19 тамызда болған деп айтылады. Бұл жөнінде белсенді Бибігүл Рамазанның Facebook парақшасындағы ақпаратқа сүйенген жергілікті ақпарат агенттіктері хабарлады. Биыл көктемде әскерге шақырылған 18 жастағы Бекбол Мираш Атырау облысы Қызылқоға ауданы Миялы ауылында туып өскен.
Қорғаныс министрлігі әзірге түсініктеме бермеді.
Марқұмның туыстары Sputnik Қазақстан агенттігіне Бекбол Мираштың мерт болғанын растаған. "Ақ Жайықтың" жазуынша, туыстары Бекбол Мираштың суицидтен мерт болғанына сенбейді.
Екі күн бұрын Атырау облысы Исатай ауданында ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің жауынгері мерт болған. ҰҚК шекара қызметінің хабарлауынша, ҰҚК шекара қызметі сот-медицина сараптама нәтижесі жауынгердің "кенеттен жүрегі тоқтап" өлгенін жазды. Жауынгердің өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалған.
Қазақстанда әскерде қаза тапқандар, мертіккендер жиілеп барады. Марқұмдардың туыстары да, қоғам да негізінен әскер мен оның басшыларына кінә артады. Ал ресми орындар мұның артында әлеуметтік себеп жатыр деген ойда.
Қорғаныс министрлігінің тамыздағы мәліметінше, жыл басынан бері төрт сарбаз өзіне қол салып қаза болған, жеті солдат суицидке талпынған, тағы бір жауынгер "сапта тұрғанда есінен танып, көз жұмған". Әскерде өлім жиілеген тұста қорғаныс министрлігі солдаттар өлімін азайту үшін арнайы бағдарлама жасайтынын айтқан. Ал марқұмдардың жақындары тергеудің нәтижесі мен барысы ашық айтылмайтынына наразы. Әскери психолог пен отставкадағы әскерилер жауынгерлердің өлімін азайту үшін алдымен осыған дейін болған жағдайларды жеке-жеке тексеріп, ашық тергеу жүргізу керек деп санайды.
ПІКІРЛЕР