26 тамызда Ақтөбегі қоныс колониясында "қаржы пирамидасымен айналысты" деп айыпталғандарға үкім оқылды. Сот айыпталушыларды 7-18 жыл аралығында түрмеге кесті.
Судья үкімнің бір бөлігі 31 тамызда оқылатынын айтты. Онда зат айғақтары мен жәбірленушілердің шағымы бойынша шешім айтылады.
Судья Сейфолла Тасымбетов «Выгодный займ», «Гарант 24 Ломбард», «ESTATE Ломбард», «Нұр-Али Капитал» компанияларының құрылтайшысы әрі жетекшісі» Жанболат Есіркеповке 18 жыл түрме жазасын берді. Сот үкімі бойынша Есіркепов жазасын өтеп болған соң коммерциялық және қаржылық ұйымдарға жетекшілік ете алмайды, жазасын қауіпсіздігі орташа колонияда өтейді.
Бұл іс бойынша 48 айыпталушы бар. Айыпталушылардың бірі 10 жыл түрме жазасына кесілгеннен кейін әйелінің жүрегі қысылып, жедел жәрдем көлігі шақыртылды. Сотта бес минуттық үзіліс жарияланды. Кейін қайта жалғасты.
Судья айыпталушыларға ең көбі – 18 жыл, ең азы 7 жыл түрме жазасын тағайындады.
Тергеу орындары Жанболат Есіркепов бастаған жалпы саны 48 адамды «17 мыңнан астам қазақстандықтың қаржысын алаяқтық жолмен иемденді» деп айыптаған. Оларға "қаржы пирамидасын құрды", "ұйымдасқан қылмыстық топ құрды", "алаяқтық жасады", "заңсыз банктік қызметпен айналысты" деген бірнеше ауыр айып тағылған.
Сотталушылар арасында айыбын ішінара мойындағандар, мүлдем мойындамағандар да бар. Ешқайсысы айыптарды толық мойындамады.
Адвокат Нұрбибі Есмағамбетова сот үкіміне риза емес. Ол тергеудің сапасыздығынан компанияға жалданып жұмыс істеген қарапайым адамдар сотталып барады деп санайды. Адвокат Есмағамбетованың айтуынша, сот тергеуіне 17 мың жәбірленушінің үш мыңы ғана шақырылған. "Өзге жәбірленушілердің кім екені, қайда тұратыны бізге беймәлім" дейді.
Жәбірленушілердің бірі Болатбек Нұрмағамбетов несиеге алған Toyota Camry көлігі мен 300 мың теңге ақшасын Гарант24-ке салып жібергеннен соң отбасында үлкен жанжал болып, отбасымен ажырасып кеткен. Ол 31 тамыз күні оқылатын үкімнің жалғасын асыға күтетінін айтты. Ол сот арқылы шығынымды өтеп аламын деп үміттенеді.
Ақтөбе соты бұл істі 2020 жылғы қараша айынан яғни, 1,5 жылдан астам уақыт бойы қараған. Істе 17 162 адам жәбірленуші танылған. Олар 30 млрд 220 млн теңгеден астам шығынға ұшыраған деп айтылады.
Айыпталушылар қазақстандықтарға микронесие берумен айналысқан. Тергеудің мәліметінше, компания есепшотына 300 мың теңге алғашқы жарна салушыларды олар «ай сайын 35-48 пайыз өсім болады деп сендірген». Айыпталушылар қазақстандықтардан жылжитын және жылжымайтын мүліктерден өзге бағалы зергерлік бұйымдарды да сатып алып отырған.
Қазақстанда кейінгі уақытта қаржы пирамидасына ақша салып алданғандар сан күрт артып, қылмыстық істер көбейді. Қаржы пирамидасына қатысты істермен айналысып жүрген заңгер Юлия Ашихмина Азаттыққа берген сұқбатында "қазақстандықтар тірліктен қажығаннан, қаржылай және әлеуметтік шарасыздықтан қаржы пирамидасына ақша салады" деген.
ПІКІРЛЕР