26 тамызға қараған түні Түркістан облысы Жетісай қаласындағы «Күлпаршын ана» базары өртенген соң жұма күні күндіз ондаған саудагер наразылыққа шықты. Олар өртенген заттарына өтемақы талап етті.
Саудагерлердің жиналып, наразылық білдіріп тұрғаны Facebook желісінде жарияланды. Саудагерлер өртенген базар орналасқан Әуезов көшесін жапқан. Наразыларды полиция күзетіп тұрғаны байқалады.
Саудагерлер әуелі базар басшысының келуін талап етті. Олардың алдына шыққан облыстық мәслихаттың депутаты Қайрат Балабиев жиналғандарды тыныштандыруға тырысты. Осы кезде оның қолында тұрған дауыс зорайтқышты алған саудагердің бірі «Біздің шығынымызды өтеп берсін. Сауда орнын қалпына келтірсін. Қайтадан сатылмасын» деді. Наразылардың тағы бірі «алған кредитімізді қалай төлейміз?» деп уайымдады.
Көп кешікпей саудагерлер көшені босатып, аудандық мәдениет үйінің алдына тұруға келісті.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, базардың жалпы аумағы екі жарым гектар жер. Өрт түнгі сағат 3 шамасында төбесі жабылған сауда орындарынан шыққан. Таңертең бір-ақ өшірілген. Осы уақыт аралығында 900 шаршы метр аумақ өртенген.
Өрттің шығу себебі мен келген шығынды анықтау үшін комиссия құрылған.
Саудагерлер өртенген заттарының шығынын ауызша емес, құжатпен рәсімдеп беруді сұрайды.
Облыстық полиция департаменті оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бабымен іс қозғағанын, адам шығыны жоқ екенін хабарлады.
ПІКІРЛЕР