Тәжікстан билігі соңғы алты айда 22 жас жұбайға той өткізуге рұқсат бермеген. Себебі, қалыңдық не күйеу баланың бірінен ВИЧ-инфекциясы анықталған.
Дәрігерлер жас жұбайлар тек толық тексеруден өткеннен кейін ғана той өткізе алады дейді. 1991 жылдан бері Тәжікстанда ВИЧ-инфекциясын жұқтырған 15 мың адам тіркелген. Бүгінгі күнге дейін олардың 3,5 мыңы қайтыс болған.
"Мен сегіз жылдан бері зардап шегіп келемін. Адамдар әртүрлі қарайды, көбі айыптайды", - дейді 31 жастағы Мухсиба (аты-жөні өзгертілген).
Ол шетелде жұмыс істеген күйеуінен ВИЧ жұқтырған. Ол мұны екінші баласына аяғы ауыр кезде бір-ақ білген.
"2015 жылы күйеуім Мәскеуден келген. Сол кезде қатты ауырдым. Дәрігерге барғанда, ВИЧ жұқтырғанымды білдім. Алғашқыда өмір тоқтап қалғандай болды", - дейді Мухсиба. Қазір оның күйеуі қайтыс болған. Екі баласын жалғыз тәрбиелеп отыр.
Ресми мәлімет бойынша, биыл алғашқы жарты жылда 548 адамнан ВИЧ-инфекциясы анықталған. Олардың 196-ы әйел.
ПІКІРЛЕР