Қостанай облысында өрттен он адам зардап шеккен. Республикалық трасса мен темір жол қозғалысы қалпына келтірілді, деп хабарлады төтенше жағдай министрлігінің баспасөз қызметі 4 қыркүйекте таңертең.
"Өрт сөндіру кезінде қаза болғандар тіркелген жоқ. 10 адам жеңіл және орта дәрежедегі жарақат алды (5 тұрғын, 1 орманшы, 1 әкімдік өкілі, төтенше жағдай министрлігінің үш қызметкері – министрлік). Олардың төртеуі орталық аудандық ауруханада жатыр, 6-ы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне жіберілді" деп жазылған министрлік хабарламасында.
Бұған дейін Аманқарағай және Қазанбасы станциялары аралығындағы аумаққа өрт жақындағандықтан осы аумақта жүретін пойыздар тоқтағаны хабарланған еді. Ізінше министрлік Аманқарағай ауылындағы мұнай базасы мен Лесное, Озерное ауылында өрт сөндірілгенін хабарлады. Жағдай жақсарғандықтан республикалық маңызы бар Р-36 автожолы мен темір жол қатынасы (№82, 43, 51, 37, 622, барлығы 908 жолаушы) қалпына келген.
"Қазақстан темір жолы" компаниясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, алғашқы контейнер пойызы 4 қыркүйек таңертеңгі сағат 4 шамасында, екіншісі 4:21-де жөнелтілген. Таңғы сағат 6 жарым шамасында Алматы – Орал бағыты бойынша жүретін №51 жолаушылар пойызы (11 сағат 8 минутқа кешіккен), Семей – Маңғыстау бағыты бойынша жүретін № 37 пойызы жүрген.
Қостанай облысында 2 қыркүйекте Қазанбасы ауылынан 20 шақырым жерде орманда өрт шығып, жайыла бастаған. Қазгидрометтің болжамынша, Қостанай облысында алдағы күндері 38 градусқа дейінгі ыстық сақталмақ.
Орман өртіне байланысты 1,8 мыңнан астам адам эвакуацияланған: Озерное (250 адам), Аманқарағай (1000 адам), Калинино (228 адам), Лесное (363 адам).
Сенбі күні сағат түнгі 11-дегі жағдай бойынша, өрт 9,4 мың гектар жерді шарпыған. Төтенше жағдай министрлігі өрт сөндіруге 36 градус ыстық пен жел кері әсерін тигізіп жатқанын айтқан.
Өрт сөндіруге 91 техника, 3 тікұшақ, 5 өрт сөндіру пойызы, жеке құрамның 600 қызметкері қатысып жатыр. Жексенбі күні Қостанай облысына Нұр-Сұлтаннан жүз шақты құтқарушы және Алматыдан екі тікұшақ келеді.
ПІКІРЛЕР