Қостанай облысында Аманқарағай ауылында өртенген үйлердің бірінен ер адамның мәйіті табылды. Бұл жөнінде төтенше жағдай министрі Юрий Ильин жексенбі күні таңертеңгі брифинг кезінде хабарлады.
"Түнгі сағат 12-дегі жағдай бойынша зардап шеккендер мен қаза болғандар жайлы ақпарат болмаған. Бүгін таңертең Аманқарағай ауылында үйінділерді аршу кезінде бір адамның өлгені анықталды. Бұл 1936 жылы туған мүгедек адам. Учаскелік инспектор эвакуация кезінде оған хабар берген, бірақ ол басқа жаққа кетуден бас тартқан. Бірақ соған қарамастан адам өлімі фактісіне қатысты тергеу амалдары жүргізіледі" деді министр.
Бұған дейін министрлік өрттен он адамның зардап шеккенін, төртеуі ауруханаға жатқызылғанын хабарлаған.
Министрліктің хабарлауынша, өрт аумағы 43 мың гектардан асқан. Сенбі күні түнде оның аумағы 9 мың гектар деп айтылған еді.
Әлеуметтік желіде кейбір қолданушылар Қостанай облысында өрттен зардап шеккен тұрғындарға көмектесу үшін арнайы есепшот та ашқан. Кейбір еріктілер де жолға шыққан.
4 қыркүйекте премьер-министр Әлихан Смайылов үкімет мүшелеріне үйлері өртеніп, далада қалған тұрғындарға жаңа үй салып беру ісіне дереу кірісуді тапсырды.
- Қостанай облысында 2 қыркүйекте Қазанбасы ауылынан 20 шақырым жерде орманда өрт шығып, жайыла бастаған. Кейін өрт аумағы ұлғайып, жақын маңдағы бірнеше елді мекенді өрт шалды. 1,8 мыңнан астам адам эвакуацияланды: Озерное (250 адам), Аманқарағай (1000 адам), Калинино (228 адам), Лесное (363 адам). Төтенше жағдай министрлігі өрт сөндіруге 36 градус ыстық пен жел кері әсерін тигізіп жатқанын айтқан.
- Жексенбі күні таңертең министрлік Аманқарағай және Лесное, Озерное кентіндегі өрт сөндірілгенін хабарлаған. Көлік және темір жол қозғалысы тоқтап, қайта қалпына келтірілген.
- Өрт сөндіруге 91 техника, 3 тікұшақ, 5 өрт сөндіру пойызы, жеке құрамның 600 қызметкері қатысып жатыр. Жексенбі күні Қостанай облысына Нұр-Сұлтаннан жүз шақты құтқарушы және Алматыдан екі тікұшақ келетіні хабарланған.
ПІКІРЛЕР