Accessibility links

Қытай президентінің сапары қарсаңында Алматыда Шыңжаңда туысы қамалғандар Тоқаевтан көмек сұрады


Шыңжаңда туысы қамалғандар Алматыда жиын өткізіп, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады. 5 қыркүйек 2022 жыл.
Шыңжаңда туысы қамалғандар Алматыда жиын өткізіп, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады. 5 қыркүйек 2022 жыл.

Бүгін, 5 қыркүйек күні Шыңжаңда туысы қамалғандар Алматыдағы Республика сарайының жанында акция өткізіп, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан туыстарының босап шығуына ықпал етуді сұрады.

Байболат Күнболат, Ақиқат Халиолла және Халида Ақытхан бастаған топ осыған ұқсас наразылықтарын 1,5 жылдан астам уақыт бойы өткізіп келеді.

Республика сарайының маңындағы саябақта өткен жиында қатысушылар Тоқаевтан Қытай президенті Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары кезінде Шыңжаңдағы туыстарының мәселесін қозғауды сұрап отыр.

70 жастағы Халида Ақытханның үш ұлы мен одан тараған он төрт немересі Шыңжаңда қалған. Алматы қаласында жалғыз тұратын кейуана ұлдарының жазықсыз сотталғанын, немерелері Қытайда қалып қойғанын айтады.

– Кенже балам Оразжан мен jртаншы ұлым Сатыбалдыны 22 жылға, үлкен ұлым Ахметжанды 10 жылға соттап жіберді. Бар кінәсі – мешітке барып, намазға жығылғаны. Қазір он төрт немерем мен үш келінім тамақ таппай аш отыр. Жағдайы өте ауыр. Сондықтан, президент сотталып кеткен балаларымның шығуына көмектесе алмаса да, немерелерімді Қазақстанға жеткізіп беруге көмектессе, – дейді.

Халида Ақытханмен бірге консульдық алдына шығып жүргендердің бірі Ақиқат Халиолла да "екі інісі мен анасының екі жылдан бері хабарсыз кеткенін, әкесінің түрмеде азаппен өлгенін" айтып, Си Цзиньпиннің Орталық Азияға сапары кезінде арызымызды Қазақстан президентіне жеткізсек деген үмітпен шықтық дейді.

– Біздің мәселемізді билік бәлкім естіп те отырған шығар. Мүмкін президент Тоқаев білмейтін де шығар. Сондықтан осы жолы Қазақстан президентіне үлкен үміт артамыз. Біздің арызымызды Қытай коммунистік партиясының төрағасына жеткізіңіз, – дейді Ақиқат.

Жиналғандардың айтуынша, қойған талаптарына екі жылға жуық уақыт ішінде Қытай билігі тарапынан бірде-бір рет жауап болмаған.

Қытай президенті Орталық Азияға сапары кезінде Қазақстанға да соқпақ. 15-16 қыркүйек күндері Самарқандта Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде болатын Си Цзиньпин содан бір күн Қазақстанға келмек.

  • Қытайдың Шыңжаң өлкесінде байырғы кезден бері тұратын қазақ, ұйғыр, қырғыз және өзге мұсылман ұлт өкілдерінің "саяси лагерьлерге" жаппай қамалғаны жайлы халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары мен әлемдік баспасөз жиі жазып келеді.
  • БҰҰ есебінше, Қытай билігі Шыңжаңда 2017 жылдан бері лагерьлер ашып, бір миллион ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарды қамаған. Оларға Қытай заңдары мен коммунистік партияны дәріптейтін өлеңдерді жаттатқызып, қытай тілін оқытқан.
  • Кейін зерттеушілер Пекин Шыңжаңдағы халық санын азайту үшін әйелдерді стерилизациялап, түсік жасатқанын мәлімдеген. Лагерьден шыққан әйелдер ол жерде сақшылар зорлағанын, ал ер адамдар қамауда азапталғанын айтқан. Адам құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Пекинді Шыңжаңдағы мұсылмандарға "геноцид" жасады деп айыптады. Жақында Батыс зерттеушілері Шыңжаң полициясының компьютер желісіне сырттан кіріп алынған "Шыңжаң полициясының файлдары" атты құпия құжаттар саяси лагерьлердегі азаптаулар жайлы тың деректерді жария етті.
  • Саяси лагерьлерді "кәсіпке баулу орталығы" деп, ал Шыңжаңда жүргізіп отырған саясатын "экстремизммен күрес" деп атайтын Қытай билігі әлгіндей айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарғысы келеді. Батыс елдері мен БҰҰ өкілдерін Шыңжаңға кіргізуден бас тартқан Пекин мемлекеттік ақпарат құралдарынан Шыңжаңдағы "бақытты өмірді" көрсетуге тырысады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG