Алматы облысы Райымбек ауданы Сарыжаз ауылындағы орта мектепке саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының есімі берілді. Бұл шешімді Алматы облыстық мәслихаты қабылдады.
– 23 депутаттың 20-сы қатысты. Қарсылық болмады, барлығы бір ауыздан қолдады. Министрлікпен, ономастикалық комиссиямен келісілген. Менің және облыс әкімінің қолы қойылған қаулыны жіберіп жатырмыз, – деді облыстық мәслихат хатшысы Дәулет Жарасбаев.
Жарасбаевтың сөзінше, мектепке Алтынбек Сәрсенбайұлының атын беру ұсынысы Сарыжаз ауылының тұрғындарынан түскен. Саясаткердің ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы бұл жаңалыққа қуанғанын, жергілікті биліктің Алтынбек қаза тапқаннан кейін айтылған бастаманы түрлі сылтаумен қабылдамай келгенін айтты.
– Бұл сол ауылдағы жұртшылықтың қалауы болатын. Бұрынғы мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев қайтыс болғаннан кейін 5 жыл өтуі керек деген былжырақ қаулы шығарып, соны сылтау қылып, көп уақыт атын бермей келді. Ауданы да, облысы да Назарбаевтан сескенді ме, мәселені дұрыс шеше алмай жүрген. Соны түзеп, мектепке атын беріп жатқанына рахмет айтамыз, – дейді Рысбек Сәрсенбайұлы.
Алтынбек Сәрсенбайұлы өзі туған Сарыжаз ауылындағы мектепті бітірген. Еңбек жолын журналистика саласында бастаған саясаткер кейін үкіметте қызмет атқарды. 1993-2001 жылдар аралығында қоғамдық келісім және ақпарат министрлігін басқарды. Кейін Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, Қазақстанның Ресейдегі елшісі болды. 2003 жылы оппозицияға өтіп, билікті сынады.
2006 жылдың 11 ақпанында Алтынбек Сәрсенбайұлы мен екі көмекшісін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің "Арыстан" арнайы жасағының офицерлері ұрлап әкетіп, екі күннен кейін үшеуінің мәйіті Талғар ауданындағы Көктөбе ауылының маңындағы сайдан табылды. Қастандыққа тапсырыс беруші ретінде әуелі Сенат аппаратын басқарған Ержан Өтембаев айыпты деп танылды. Кейін бұл қылмыс экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеубаласы, марқұм Рахат Әлиев пен ҰҚК-нің экс-төрағасы Әлнұр Мұсаевқа таңылды.
Биыл Алтынбек Сәрсенбайұлының 60 жылдығы аталып өтілмек. Журналист Сағатбек Медеубекұлы Facebook парағында саясаткердің атына Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында көше беру мәселесі қаралып жатқанын хабарлаған.
ПІКІРЛЕР