Accessibility links

"Ноу-Сұлтан?" Астана атауын өзгерту ұсынысы шетел журналисінің көзімен


Қазақстанның астанасы
Қазақстанның астанасы

Мәжілістегі "Жаңа Қазақстан" депутаттық тобы астананың осыған дейінгі атауын қайтаруды ұсынды. Күзде сайлауға түскелі тұрған Қасым-Жомарт Тоқаевқа бұл – жайлы ұсыныс болмақ дейді Азаттықта жұмыс істейтін британиялық журналист шетел аудиториясына арнап жазған мақаласында. Осы мақаланы қазақ тіліне аударып, назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Төрт жыл бұрын Астана қаласы Нұр-Сұлтан деп өзгертілген еді. Қазақстандықтардың көбі бұған қарсы болды. Десе де билік дегенін істетіп, авторитар басшы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басына табынудың ерекше үлгісін көрсетті. Бірақ күзде мерзімінен бұрын өтетін президент сайлауы қарсаңында қала аты тағы өзгеруі мүмкін.

Бұл өзгеріске президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қоюы керек. 2019 жылы билікке келе сала Астана атын Нұр-Сұлтан деп өзгертуді ұсынған да өзі еді. Бұл – 82 жастағы Назарбаевтың беделі қаншалық түскенін көрсететіндей.

Бірақ ол кезде жағдай басқа болатын.

Назарбаев отставкаға кеткен соң президент болған Тоқаев бұл ұсынысты парламент ғимаратында бірінші президент пен басқа да шенеуніктердің алдында айтқан еді.

Сонымен қатар ол "стратегиялық маңызы бар шешім қабылдағанда" Назарбаевтың ойы ескерілетінін айтты.

"Астана атын өзгерту ұлы замандасымыздың атын тарихта қалдыру үшін керек" деген еді Тоқаев сол кездері.

Назарбаев президенттіктен кетсе де, өзі де, туыстары да негізгі қызметтерін сақтап қалған еді. Бұл Тоқаевтың билігін шектегендей болды. Ал бұған наразылық білдіріп, көшеге шыққандарды билік бірден қамауға алып отырды.

Қазақстан президентінің міндетін атқарушы Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге Астана экономикалық форумында. 16 мамыр 2019 жыл.
Қазақстан президентінің міндетін атқарушы Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге Астана экономикалық форумында. 16 мамыр 2019 жыл.

Астана атауын қайтару ұсынысын "Жаңа Қазақстан" депутаттар тобы айтты. Бұл Назарбаевтың саясаттан кеткенін растағандай болды. Бұл топ Қаңтар оқиғасынан кейін Тоқаев жариялаған реформаларды ерекше құлшыныспен қабылдаған еді.

"Адамның көзі тірісінде қалаға оның есімін берген дұрыс деп есептемейміз" деді 2 қыркүйекте қала атауын өзгерту туралы ұсынысты оқыған депутат Еділ Жаңбыршин. "Қаланың жаңа атауын халықта қабылдамады. Сондықтан тұңғыш президенттің өзі ұсынған Астана атауын қайта қалпына келтіру тарихи әділдік болар еді".

Енді бұл ұсынысты Мәжіліс қарастырады. Парламенттің төменгі палатасы мемлекет заңдарын бекітеді. Тоқаев әзірге бұл бастама туралы пікір білдірген жоқ.

"ОНЫҢ ИМИДЖІ ӘЛСІРЕДІ"

Нұр-Сұлтан атауын халықтың қабылдамағаны рас.

Танымал кинорежиссер, блогер Ринат Балғабаев 3 қыркүйекте Facebook-те "[қала атауын өзгерту] халықтың бетіне түкірумен бірдей" болғанын, бұл шешім саясатқа араласпайтын адамдардың да белсенділігін тұтатқанын жазды.

Тоқаев ұсыныс айтқан күні Азаттықтың Қазақ қызметі алған вокс-поп сауалдар да осыны көрсетті.

"Шынымды айтсам, мұны қолдамаймын. Тым артық сияқты. Астана үйреншікті" дейді бір әйел.

Азаттық жуырда алған пікірлер де қаланың бұрынғы атауын қайтаруды жақтайтындар көп екенін көрсетті.

"Қоғам талабын ескеру керек". Депутаттардың Астана атауын қайтару ұсынысына министрлер не дейді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:04 0:00

Солардың бірі "Назарбаевтың жаман жолмен кеткенін" айтты. Ол он мыңдаған адам наразылыққа шығып, бұрынғы президенттің саясатқа араласуын тоқтатуды сұраған, кемінде 238 адам қаза тапқан Қаңтар оқиғасын айтып отыр.

"Оның имиджі әлсіреді" деді ер адам.

Тағы біреуі Астана атауын қолдайтынын, бірақ бұл шешімнің қаржы мәселесіне алаңдайтынын айтты. Билік қала атауы Нұр-Сұлтан болып өзгергенде қанша шығын кеткенін айтқан емес. Экономика министрі Әлібек Қуантыров З қыркүйекте журналистерге қала атауын өзгертуге қанша шығын кететінін шамалап болсын айта алмайтынын жеткізді. "Бұл ұсыныс кеше ғана айтылды" деді Қуантыров.

САЯСИ ОҚИҒА

1997 жылы Қазақстанның астанасы болған қала атауы саяси өзгерістерге байланысты ауысып отырды.

Ресей империясы кезінде қала алдымен Ақмола, кейін орысша Акмолинск деп аталды.

Қазақстан тәуелсіздік алған соң қала атауы қайтадан Ақмола болды. 1961 жылдан бастап отыз жыл бойы Целиноград деп аталды. Бұл атау сол кездегі Совет басшысы Никита Хрущевтың тың игеру бастамасынан шыққан.

1994 жылы Назарбаев ел астанасын Алматыдан Ақмолаға ауыстыру жоспарын жариялады. Сол кездің өзінде қала атауы өзгеретіні түсінікті болды.

"Елбасы жолы: Астана" фильмінде Назарбаевты қаланы өзінің құрметіне атауға қарсы болған адам ретінде көрсеткен.

"Мұны бәрі талқылап жүр. Сіздің құрметіңізге атау ұсынысы бар" дейді Әділбек Жақсыбековты сомдайтын актер. Жақсыбеков Назарбаевтың сенімді серігі, 2018 жылғы фильм авторларының бірі, 1997-2003 жылдары қала әкімі болған.

"Рахмет. Бірақ бұл жөнінде менің өз ойым бар" дейді Назарбаевтың рөліндегі Мұрат Ахманов. "Ұшақта бір идея келді. Бәлкім, Астана болар?"

Нұр-Сұлтан деп аталмай тұрып-ақ бұл қала жеке басқа табынудың маңызды бөлігіне айналды. "Бәйтерек" монументіне келушілер Назарбаев қолының ізіне алақанын қойып, биіктен қалаға көз тастайды. Ал Теміртаудағы музейде Назарбаевтың индустриалды өмірден [Теміртаудан] постиндустриалды болашаққа [астанаға] қадам жасап жатқаны көрсетілген картина бар.

Қала атауын Назарбаевтың құрметіне өзгерту оның айналасындағылардың бірінші президентке сый тарту тенденциясының өршігенін көрсетеді дейді Азаттыққа құқық қорғаушы Сергей Дуванов.

Сол кездері шенеуніктер бұл өзгерісті ақтап алу үшін АҚШ президенті болған, көзі тірісінде есімі қала атауына берілген Джордж Вашингтонды айтатын. Бірақ қоғам мұны қабылдаған жоқ дейді Дуванов.

"Вашингтон көп жетістікке жеткен адам болды. Меніңше, Назарбаев бұл елді жаман жағдайға түсірді" дейді ол.

Назарбаев отыз жыл билікте болғанда шынымен танымал болды. Бірақ кейінгі он бес жылда отбасы мен өзінің байлығы артып, елдегі экономикалың жағдайдың нашарлауы соның бәрін құрдымға кетірді.

2011 жылы Жаңаөзен қаласында наразылыққа шыққан мұнайшыларға оқ ату да шешуші оқиға болды. Осы жылдың басында дәл осы қаладан басталған жаппай наразылық оның саяси мансабының соңы болғандай.

Қаңтар оқиғасына дейін Назарбаевтың Қауіпсізідк кеңесінің төрағасы, партия төрағасы болып қалуы, Конституция бойынша ерекше статусқа ие болуы Тоқаевтың қолын байлайтын.

Алматы мен басқа қалаларда наразылық болып, қарулы қақтығыс басталғанда Назарбаев ел алдына шыққан жоқ.

5 қаңтарда Тоқаев халыққа Қауіпсіздік кеңесі төрағасы болғанын хабарлады.

Екеуінің арасында билікке тартыс болып жатқаны туралы әңгіме расталмағанымен, негізді көрінді.

18 қаңтарда жарияланған видеода Назарбаев қызметінің бәрінен кететінін, Тоқаевтың қолдайтынын айтты. Кейін референдумда Конституцияға енетін өзгерістерді қолдап дауыс беретінін мәлімдеді. Сол кезде негізгі заңнан оның атын алып тастаған еді.

Тоқаевтың сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де билікті қолға алуын Ресейдің қолдауы бекіте түсті. Мәскеу жетекшілік ететін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Қаңтар оқиғасы кезінде Тоқаевтың өтінішімен әскер жіберген еді.

Ресей бітімгер әскерінің сарбазынан қорқа өтіп бара жатқан қыз. Алматы, 11 қаңтар 2022 жыл.
Ресей бітімгер әскерінің сарбазынан қорқа өтіп бара жатқан қыз. Алматы, 11 қаңтар 2022 жыл.

Тоқаев ұйым көмегіне жүгінгені үшін сынға қалды. Бірақ осы шешім оның билігін нығайтқаны сөзсіз.

Кейін мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деген айыппен Назарбаевтың негізгі серігі, ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов ұсталды. Оның отбасының кемінде екі мүшесі жемқорлық айыбымен тергеліп жатыр.

Кезінде Назарбаевты мақтаған мемлекеттік баспасөз құралдары қазір ол туралы сирек айтады.

Саясаттанушы Ақбота Кәрібаева Азаттыққа Қаңтар оқиғасы ішкі әлеуметтік-экономикалық проблемаларды көрсеткенін, адамдар дауысын естірту үшін көшеге шығуға дайын болғанын айтты.

Тоқаев әкімшілігі "нағыз реформа керек, адамдар бұл реформаларға сеніммен қарауы керек" деген ой түюі керек деді Кәрібаева. Ол Тоқаевтың мерзімінен бұрын сайлау өткізу шешімін оппозиция шықпай тұрып билігін нығайту амалы санайды.

Осының бәрін ескерсек, Тоқаевта бірінші президенттен алыстайтын қуатты стимул бар.

Бірақ бір кездері өзі өзгерткен қала атауын қайта қайтару шешімі ше?

Қазір бұл премьер-министр орынбасары Роман Скляр сияқты лауазымды тұлғалардың алдында тұрған проблема.

Үкімет отырысынан кейін Роман Склярдан Азаттықтың Қазақ қызметінің "Жаңа Қазақстан" тобының бастамасы Тоқаевтың алғашқы ұсынысының қате болғанын білдіре ме?" деген сұрағына жауап бере алмады.

"Аздап күтейік. Уақыт өтсін, сонда қоғамның қалай қарайтынын көреміз" деді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG