Accessibility links

Украина Харьков облысында алға жылжығанын, Ресей шегінгенін мәлімдеді


Балаклея орталығында Украина туы көтерілді. 10 қыркүйек 2022 жыл.
Балаклея орталығында Украина туы көтерілді. 10 қыркүйек 2022 жыл.

Украина Харьков облысында алға жылжығанын, Ресей шегінгенін мәлімдеді.

10 қыркүйек күні ресми Киев Балаклеяда Украину туы көтерілгенін, әскері Купянск қаласына кіргенін, Лисичанск пен Лиман сыртында шайқас жүргізіп жатқанын хабарлады.

Ресей қорғаныс министрі Украинадағы соғыс басталғалы алғаш рет екі жерде шегінгенін мойындады.

Министрліктің баспасөз хатшысы Игорь Конашенков Ресей әскері Балаклея мен Изюм аймағынан Донецк облысына қарай шоғырланады деп мәлімдеді.

Конашенков Ресей күштері бұл қадамға "арнайы әскери операциясының мақсатына жету үшін" барғанын, ал бұл "Донецк облысындағы талпыныстарды күшейтуді қажет ететінін" айтады.

Соның алдында ғана Украина қауіпсіздік қызметі ел әскерінің Харьков облысындағы стратегиялық маңызы бар Купянск қаласына кіргенін хабарлаған.

Харьков қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 120 шақырым қашықтықта орналасқан Купянск Украинаның шығысындағы транспорттық хаб қызметін атқарған. Қала Ресей әскері үшін де стратегиялық маңызға ие болған, олар бұл қаланы Донбастағы әскерін жабдықтауға пайдаланған.

Бұл аймақты Ресей ақпанда басқыншылық соғыс бастағаннан кейін басып алған. Осы айдың басында Украина қарымта шабуылды бастаған.

Украина президенті Владимир Зеленский Украина күштері қарымта шабуылды бастағалы барлығы 2000 шаршы шақырым аумақты қайтарып алғанын мәлімдеді.

"Осы күндері Ресей әскері өзінің ең керемет жағын – артқы жағын көрсетті" деді Зеленский. "Олар үшін қашу – дұрыс шешім".

Бұқараға жарияланбаған сапармен Киевке келген Германия сыртқы істер министрі Анналена Бербокпен кездесуден соң Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба кейбір одақтас елдердің Ресей президенті Владимир Путиннің ашуын тудырып алудан қауіптеніп қару жіберуде екі ойлы болып келгенін айтты.

"Қазір құдайға шүкір, бұл уәжді естімейтін болдық... Біз Ресей әскерін жеңе алатынымызды көрсеттік" деді ол. "Тағы да қайталаймын: неғұрлым көп қару алсақ, соғұрлым жылдам жеңеміз, соғұрлым соғыс та тез аяқталады".

Харьков облысының Мәскеу тағайындаған ресми өкілі Виталий Ганчев Ресей бақылауында болған аумақтардың тұрғындарын эвакуациялануға шақырды.

"Харьков облысының барлық тұрғынына тағы да қайталап айталамын. Өміріңіз бен денсаулығыңызды сақтау үшін бұл аймақтан көшіңіздер" деп келтіреді Ганчевтің сөзін ТАСС агенттігі.

"Біз Изюм, Шевченко, Балаклея, Купянск секілді қалалардан адамдарды эвакуациялап жатырмыз" деді Ганчев Ресей телеарнасына. "Шекара бекеттерінде адам қарасы көбейді, қазір оларды қайда жіберетінімізді, қайда орналастыратынымызды анықтап жатырмыз".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG