"Қазақстанмен тағдыры ортақ ел", "арқа сүйей алатын сенімді дос", "адамзат қозғаушысы". Бұл – Си Цзиньпиннің Нұр-Сұлтанға сапары жайлы жазған қытай ақпарат құралдарындағы тіркестер. Си Цзиньпиннің 14 қыркүйектегі Қазақстанға сапары жайлы Қытай медиасы не жазды?
"ҮЛКЕН ӨЗГЕРІСТЕР КУӘСІ"
"Қазақстанның жоғары сапалы бидай ұнынан жасалған кеспесін аламыз. Қызыл бұрыш себеміз де, қасықпен қазақстандық өсімдік майын құйып жібереміз… П-ш-ш! Майдың мұрын жарар исі тарап, маңайға ыстық бу жайылады. Бәрі Қытайдың Шэньси провинциясында әзірленетін дәстүрлі "бянбян" кеспесіне тән "Жібек жолының жұпарына" айналады…
Қытайдың мемлекеттік "Синьхуа" ақпарат агенттігі 13 қыркүйекте жарияланған видеосын осылай бастайды. Видеода Қазақстан мен Қытайдың экономикалық қарым-қатынасы кейінгі жылдары "қалай жақсарғаны" айтылады. Ақпарат агенттігі "Бір белдеу — бір жол" жобасы іске қосылғалы Қазақстаннан келетін астық пен май қытайлықтардың дастарханын байытты" деп жазады.
"Синьхуа" басылымы "2016 жылы Қазақстанның солтүстігінде Қытаймен бірлесе ашылған ауыл шаруашылық кешені 500-ден аса фермерді жұмыспен қамтығанын" жазады.
Қытай мен Қазақстан "Бір белдеу — бір жол" жобасы аясында бірлесе ашқан жобалардың қалай "сәтті іске асып жатқаны" туралы видео бұл ғана емес.
12 қыркүйекте "Синьхуа" агенттігі Қазақстан мен Қытай шекарасындағы "Қорғас — Шығыс Қақпасы" арнайы экономикалық аймағындағы жұмыс істейтін кран машинисі Галина Осипованың хикаясын көрсетті.
Агенттік машинист әйелдің "портта ұзақ жылдан бері жұмыс істеп, үлкен өзгерістерге куә болғанын" жазады. Осипова ырғақты әуен қойылған видеода "әуелі жұмыс көп болмағанынан, кейіннгі жылдары порт арқылы өтетін жүк көбейгенін, жұмысшылар саны артқанын" айтады.
Агенттік сол күні Жамбыл облысындағы Жаңатас жел электр стансасының жұмысшысы Мақсат Әбілғазиев туралы да видео шығарған. Әбілғазиев жел электр стансасына қарағанда "бала кезде қағаздан жасап алатын ебелек есіне түсетінін" айтады. "Сол кезде желді электр қуатына айналдыруға болады деп ойламаппын" дейді жұмысшы.
Видеода алып жел турбиналары астында қағаз ебелек ұстап жүгіріп жүрген балалар көрінеді. Мұнда да әсерлі әуен қойылған. Бұл жел электр стансасы да Қазақстан мен Қытайдың "Бір белдеу — бір жол" аясындағы бірлескен жоба.
Қытайдың ресми ақпарат агенттігінде мұндай материалдың жариялануы кездейсоқтық емес. Үш видео да Қытай төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға ресми сапарлап келерден бір-екі күн бұрын шыққан.
Пекиннің Қазақстандағы "саяси-экономикалық жетістіктері" туралы екі ел басшысының кездесуі кезінде де көп әңгіме болған сияқты. Бірақ бұл туралы көбіне Қытайдың мемлекеттік басылымдары жазды.
"ТАҒДЫРЫ ОРТАҚ ТАТУ КӨРШІ"
Қытай төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 14 қыркүйекте келді. Бұл — Қытай басшының коронавирус пандемиясы басталғалы шетелге бірінші ресми сапары, ал Қазақстанға төртінші келуі.
Қазақстан — Қытайға металл, мұнай сияқты түрлі шикізат беретін ел. Оған қоса Қытайдың Еуропамен жалғайтын "Бір белдеу — бір жол" инфрақұрылым жобасындағы негізгі серіктесінің бірі. Си Цзиньпин бұл жобасын 2013 жылы Қазақстанда жариялаған. Қытай Қазақстанға ең көп қарыз беретін бес мемлекеттің қатарына кіреді.
2017 жылдың көктемінен бері Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі миллиондаған түркі тілдес ұйғыр, қазақ пен өзге де аз ұлт өкілдерінің қудаланып, жүздеген адамның жазықсыз сотталғаны туралы хабар тарады. Бұл Қазақстанда 2016 жылғы жер митингісінен соң күшейген Қытайға қарсы көңіл-күйді одан әрі арттырды. Туыстарымен хабары үзілген Қытай қазақтары бір жылдан аса уақыттан бері Алматыдағы Қытай консулдығының алдында наразылыққа шығып жүр. Си Цзиньпин сапары қарсаңында екі белсенді 15 тәулікке қамалып, бірнеше әйелді полиция тергеді. Нұр-Сұлтан қудаланған мұсылмандар мәселесін Қытайдың "ішкі ісі" деп санайды. 14 қыркүйекте Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Азаттыққа Си Цзиньпинмен қудаланған мұсылмандар мәселесі "талқыланбайды" деді.
Ресми дерекке сәйкес, Қазақстанның Қытаймен экономикалық қарым-қатынасы жыл сайын артып келеді. Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяоның дерегінше, екі ел арасындағы сауда көлемі былтыр 25,25 миллиард долларға жетіп, 30 жылдан аз уақыт ішінде 70 есе артқан. Биыл жарты жылда Қазақстан мен Қытайдың тауар айналымы 11,26 миллиар долларға жеткен. Ұлттық экономика министрлігі "мұндай көрсеткіш бұрын-соңды болмаған" деді.
Қазір елде Қытай қаржыландыратын мыңнан астам кәсіпорын бар. Пекин Қазақстанның тау-кен өнеркәсібі, энергетика, өнеркәсіп, сауда, көлік және басқа да салаларындағы жұмыс істейді.
Си Цзиньпин отырған арнайы рейс Нұр-Сұлтан әуежайына 14 қыркүйек түсте қонды. Оны, Қытай мемлекеттік "Жэньминь жибао" газетінің жазуынша, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "ыстық ықыласпен" қарсы алған. Әуежайға сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов те барған.
Әуежайға жеткен бойдағы мәлімдемесінде Си Цзиньпин, газеттің жазуынша, "Қытай мен Қазақстан — тауы мен өзені ғана емес, тағдыры да ортақ тату көрші, жақын дос, сенімді серіктес" деген.
АҚОРДАНЫҢ ҮШ ХАБАРЫ
"Жэньминь жибао" газеті Си Цзиньпиннің "Қытай — Қазақстан арқа сүйей алатын сенімді досы әрі серіктесі. Қытай жаңа мәселе мен қатерді лайықты түрде еңсеру үшін, Орталық Азия елдерінің ішкі ісіне араласуға қарсы тұру үшін Қазақстанмен етене қарым-қатынас орнатуға әзір" деген сөзін келтірді.
Қытайдың мемлекеттік басылымы Тоқаевтың "Си Цзиньпин жетелеп, [Қытай] жеткен жетістіктермен ыстық ықыласпен құттықтағанын" жазды. Газет Қазақстан президентінің Қытай төрағасы ұсынған "Бір белдеу — бір жол" жобасын "адамзат үшін тағдыры бір қауымдастық құрудың маңызды қозғаушысына айналды" деген сөзін берген.
"Жэньминь жибао" Тоқаевтың Нұр-Сұлтан бұл жобаны белсенді қолдап, бастамаға қатыса беретінін айтқан. Газеттің жазуынша, Қазақстан президенті Қытай тарабына коронавируспен күрестегі және экономикалық дамудағы "зор көмегі үшін алғыс айтқан".
Басылым Тоқаевтың "Қазақстан біріккен даму стратегияларының нығаярына, барлық деңгейдегі тығыз қарым-қатынасқа, экономика, сауда, энергетика, өндіріс, ғылым мен технология, туризм мен гуманитарлық қатынас сияқты салаларда серіктесіктің нығаярына сенеді" дегенін жазды.
"Жэньминь жибао" екі ел басшылары "Қытай мен Қазақстанды тағдыры ортақ қауымдастық құруға жетелеуге күш салмаққа келіскен" деп жазады.
Қытай басылымдары жазған "тағдыры ортақ қауымдастық құру", "тағдыры ортақ тату көрші" деген тіркестер қазақстандық интернет кеңістікте, қазақстандық сайттардағы ақпаратта кездеспейді. Қазақстандағы мемлекеттік және билікшіл медиалардың көбі Ақорда жариялаған ақпараттар негізінде хабар таратты. Ақордада Тоқаевтың Қытай басшысын күтіп алғаны туралы қысқа хабар, екеуі бірге көрмеге барғаны жайлы үш абзац жаңалық, артынша Си Цзиньпинді "Алтын қыран" орденімен марапаттағаны туралы екі басшының мәлімдемелері бар ақпарат қана жарияланған.
Тоқаев пен Си Цзиньпиннің бірлескен мәлімдемесі де қазақстандық ресми ресурстар мен мемлекеттік БАҚ-тан табылмады. Бірақ мәлімдеме мәтіні "Жэньминь жибао" газеті мен и "Синьхуада" толық жарияланды. Онда "екі ел жан-жақты стратегиялық ынтымақтастық пен әріптестікті дамыту бағытын жалғастырады", оның ішінде "қорғаныс және құқық қорғау органдарының байланысын нығайту үшін ақпарат алмасу саласында серіктестік орнатуға тырысады" деп жазылған.
Мемлекеттік "Егемен Қазақстан" газеті Си Цзиньпин сапары жайлы "Берік достық пен сенімді серіктестік" деген мақалада "екі ел арасындағы экономикалық, достық және дипломатиялық байланыс жайлы" жазған. "Айқын" басылымының "Си Цзиньпин Орталық Азиядан одақтас іздей ме?" деген мақаласында Қытай басшысының жалпы сапарындағы келісімдер мен экономикалық байланыстар жайлы айтылады.
Бұл мақалаларда да "тағдыры бір қауымдастық құру" мен "тағдыры ортақ тату көрші" тіркестері кездеспейді.
Назарбаев университетіндегі Мемлекеттік саясат жоғары мектебінің оқытушысы Жәнібек Арын Қытайдың мемлекеттік медиасы мен Қазақстан тарапының ақпаратың риторикасындағы айырмашылықты былай түсіндіреді:
— Кішкентай мемлекеттер өз халқына өзін үлкен мемлекетке тәуелсіз, онымен тең тұрғандай етіп көрсеткісі келеді. Бірақ Қытаймен қарым-қатынаста екі жақ бір-бірінің қандай позицияда екенін, бір-бірінен не күтетінін, бір-біріне қандай қысым жасайтынын — бәрін жақсы түсінеді. Қытай мен Қазақстанның саяси әлеуеті болсын, экономикалық, мәдени әлеуеті болсын мүлдем салыстыруға келмейді. Қазақстан қоғамында елдің сыртқы саясатына байланысты сұрақ көп. "Қытайға экономикалық жағынан тәуелді болып барамыз ба?" деп халық ереуілге де шықты. Осындай көңіл-күйді басу үшін риторика түрінде "егемен елміз, өз мүддемізді қорғаймыз" деген жиі айтылады. Бірақ ол тек сөз жүзінде ғана.
Си Цзиньпин Нұр-Сұлтанға бір күндік сапарынан соң Самарқанда өтетін Шаңхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне аттанып кетті. Бұл жиынға Қазақстан президенті Тоқаев және Ресей президенті Владимир Путин де қатысады.
ПІКІРЛЕР