Ақтау қаласының №2 соты жедел жәрдем қызметкерлерін жұмыстан шығаруға рұқсат берді. Енді ондаған ереуілші жұмыстан айырылуы мүмкін, деп хабарлады КТК сайты.
15 қыркүйекте сот фельдшерлер мен жүргізушілердің митингісін заңсыз деп таныды.
Шешімді оқыған судья Рақымжан Бейсенов ереуілді заңсыз танып, сот шешімі бірден орындалуы қажет екенін атап өтті. Шешім орындалмаған жағдайда жұмыс беруші қызметкерлермен еңбек келісім-шартын үзуге дейін шара қолдана алады деді.
Соттың айтуынша, ереуілшілер наразылық бастамай тұрып, мекеме басшысына талаптарын жеткізіп, митингінің уақыты мен орнын, қатысушылар санын көрсетуі тиіс болған. Бұған қоса, медицина қызметкерлері шағын құраммен болса да жұмысқа шығуы тиіс болған.
Телеарнаның хабарлауынша, қызметкерлердің бір бөлігінің жұмысқа шықпағанына алты күн болған. Наразылар жалақыны өсіруді, әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етуді және жедел жәрдем бригадасы мен фельдшерлер санын ұлғайтуды талап етіп отыр. Басшылық оларға қоқан-лоқы жасаса да, көндіруге тырысса да қызметкерлер жұмысқа оралмаған, деп хабарлады телеарна. Жұмысқа Мұнайлы ауданы, Жаңаөзен және Ақтау қаласындағы жедел жәрдем қызметінің үш станциясы шықпаған.
Маңғыстауда жедел жәрдем станциясы қызметкерлерінің жалақы дауы жалғасып келе жатқанына жарты жылдай болды. Биыл тамыздың 10-ында Маңғыстау облысының жедел жәрдем қызметкерлері видеоүндеу жариялап, орташа жалақыны 350 мың теңгеге дейін өсіруді талап еткен. Сол жолы олар тамыз айындағы жалақының 40 мың теңгеге азайғанына шағымданып, наурыз айындағы наразылықтан соң келісілген үстемақыны төлеуді сұраған.
Жедел жәрдем жүргізушілері биыл қаңтарда Ақтауда жиналып, жалақысына 23 пайыз үстемақы қосуға қол жеткізген еді.