Accessibility links

"30 жылда екінші президентке зорға жеттік". Парламент астана атауын өзгертіп, президентті жеті жылға бір мерзімге сайлауды қолдады


Қазақстан парламенті палаталарының бірлескен отырысы. Нұр-Сұлтан, 16 қыркүйек 2022 жыл.
Қазақстан парламенті палаталарының бірлескен отырысы. Нұр-Сұлтан, 16 қыркүйек 2022 жыл.

Қазақстан президенті жеті жылға бір мерзімге сайланады, ел астанасына бұрынғы атауы қайтарылып, Конституциялық сот судьясы сегіз жылға тағайындалады. Бұл туралы заң жобасын 16 қыркүйекте парламенттің қос палатасы кезектен тыс бірлескен отырысында едел-жедел екі оқылымда қарап, қолдап дауыс берді.

РЕФЕРЕНДУМСІЗ ЕНГІЗІЛЕТІН ӨЗГЕРІСТЕР

Заң жобасында Қазақстан Конституциясының бес бабына өзгерістер енгізу және жаңадан бір бап қосу қарастырылған болатын.

1 қыркүйекте парламентте жариялаған жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл күзде Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауын өткізу қажет деп мәлімдеп, сайлаудан кейін президентті жеті жылдық бір ғана мерзімге сайлау туралы өзгеріс енгізуді ұсынатынын айтқан. Қазіргі заң бойынша, бір адам бес жылдық екі мерзімнен артық кезеңге президент болып сайлана алмайды.

Тоқаевтың жолдауынан кейін билікті қолдайтын депутаттардың "Жаңа Қазақстан" тобы президентті жеті жылдық бір ғана мерзімге сайлау туралы өзгерісті Конституцияға кезектен тыс сайлауды күтпестен енгізуді ұсынды.

"Депутаттар тиісті түзетулерді президент сайлауына дейін енгізіп, қабылдауды тездетуді ұсынды, өйткені, олардың пікірінше, қазіргі Конституциядағы ережеде биыл күзде президент болып сайланған тұлғаға алда жеті жыл мерзімге қайтадан сайлауға түсуіне заңды жағдай жасалған" деді жұма күні парламентте сөйлеген әділет министрі Қанат Мусин.

Депутаттар мен министрлер Астана атауын қайтару мен 7 жылдық мерзім жайлы не дейді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:36 0:00

Ал заң жобасындағы өзгерістер бойынша, болашақта бір адамның екінші мерзімге президент болып сайлануына жол берілмейді деп түсіндірді ол.

"Президент мандатын бір мерзіммен шектеу туралы норма Конституцияның ажырамас бөлігіне айналады және кейін қайта қарауға жатпайды" деді министр.

Мусин мемлекет астанасы Нұр-Сұлтан қаласына Астана деген бұрынғы атауын қайтару мәселесі "қоғамда көптен бері талқыланып, референдум кезінде азаматтардан тілек-ұсыныстар түскендіктен" заң жобасына енгізілгенін айтты.

"Жаңа Қазақстан" тобы мемлекет астанасы Нұр-Сұлтан қаласына Астана атауын қайтаруды да ұсынған. Бұл ұсыныспен президент Тоқаев та келіскен. Қазақстанды отыз жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы наурызда президенттіктен кетіп, орнына уақытша президент етіп қалдырған Тоқаев Астана қаласының атауын Нұр-Сұлтан деп өзгертуді ұсынған. Сол кезде бұл ұсынысты жаппай қолдаған депутаттардың кейбірі бүгін де парламенттің жалпы отырысына қатысып, ескі атауды қайтаруды мақұлдады.

Бұдан бөлек, негізгі заңға Конституциялық сот судьясының өкілет мерзімін оны қызметке тағайындайтын лауазым иесінің, яғни президенттің өкілет мерзімінен ұзақ уақытқа – сегіз жыл етіп ұзарту туралы да өзгеріс енгізу ұсынылған.

"ОТЫЗ ЖЫЛДА ЕКІНШІ ПРЕЗИДЕНТКЕ ЗОРҒА ЖЕТТІК"

Бірлескен отырыста сөйлеген депутаттар Конституцияға енгізуге ұсынылған өзгерістер мен толықтыруларды қолдауға үндеді.

Депутат Қазыбек Иса президент Тоқаевтың өз билігін созуға мүмкіндігі бар еді, бірақ ол "азаматтық ерік-жігер" танытып, "бір мерзімдік президенттікті ұсынып, демократиялық қадамға жол ашты" деді.

"Отыз жылда еліміз екінші президентке зорға жетіп отырған жоқ па? Өзіміз екінші президентті көре алмай кетеміз бе деп едік, құдайға шүкір көрдік" деді Қазыбек Иса. Жеті жыл – қандай жетістікке жетуге де жеткілікті мерзім екенін айтқан депутат "қазақта 7 саны қасиетті санға жататынын да ұмытпайық" дейді.

2019 жылғы 9 маусымда мерзімінен бұрын өткен даулы сайлаудың ресми қорытындысына сай Қазақстан президенті болып сайланған Қасым-Жомарт Тоқаев биыл күзде өтетін кезектен тыс сайлауға түсуге ниеті барын айтқан. Бұл сайлауда жеңіске жетсе, ол билік басында жиынтығы 10 жыл отырмақ. Егер Конституцияға мұндай өзгеріс енгізбей, сайлау да мерзімінде өтіп, бұрынғыдай бес жыл мерзімге қайта сайланғанда да сол он жыл болар еді.

Жұма күні бірлескен отырысқа қатысқан депутаттар түгелге дерлік Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші және екінші оқылымда мақұлдап дауыс берді. Ешкім қарсы пікір білдірген жоқ.

Құжат мақұлданғаннан кейін мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов өзгерістерді "демократияға қарай нық басу" деп атап, осы өзгерістер арқылы "Тоқаевтың маңайына топтасып, әділетті қоғам құрып, ел байлығының теңдей бөлінуіне жағдай жасап отырмыз" деді.

Конституцияға өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы заң жобасы енді президентке қол қоюға жіберіледі.

НАЗАРБАЕВ КЕЗІНЕН ҚАЛЫПТАСҚАН ДӘСТҮР

Қаңтар оқиғасынан кейін мемлекеттік телеарнаға берген сұхбатында президент Тоқаев "президенттік лауазым үшін негізгі заңды өзгертпейміз" деп мәлімдеген.

"Конституция өзгермейді" деп уәде берген Тоқаев негізгі заңға бір жылда екі рет өзгеріс ұсынды
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:49 0:00

Конституцияға өзгерістер енгізу – бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсынан жалғасып келе жатқан дәстүр. Оппозиция мен сарапшылар 1995 жылы 30 тамызда қабылданған негізгі заңды елде президенттің авторитар билігіне негізделген саяси жүйе құруға жағдай жасаған құжат деп сипаттайды.

Биліктегі алғашқы жылдары Назарбаев "Конституцияны қайта-қайта өзгертпеуге, билікке жармаспауға" уәде еткенімен, кейін негізгі заңды бірнеше рет өзгертіп, өзіне бірқатар артықшылық, соның ішінде шексіз мерзімге президент болып сайлануға құқық беретін баптар қосқан.

Тәуелсіз Қазақстан тархиында бұған дейін болмаған үлкен қантөгіске әкелген биылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаев бұрынғы атақ- мәртебесінен айырылды, оның туыстары жоғары лауазымды қызметтерден шеттетіліп, кейбіреуі қаржы жымқыру, өзгенің мүлкін тартып алу қылмыстарына күдікті ретінде қамауға алынды. 5 маусымда өткен референдумның ресми қорытындысы бойынша, дауыс беруге қатысқан қазақстандықтардың басым көпшілігі Назарбаевқа ерекше мәртебе мен артықшылар беретін баптарды Конституциядан алып тастауды қолдады.

Тоқаев пен Назарбаев өз араларында келіспеушілік жоғын айтып жүргенімен, Қаңтардағы қантөгістен кейін екеуі көпшілік алдында бұрынғыдай бірге шықпайтын болған. Тоқаев өзіне дейінгі билік кезінде орныққан кейбір келеңсіздіктерді сынағанымен, "тұңғыш президенттің тарихи еңбегін лайықты бағалау" қажетін оқта-текте айтып қояды.

Алайда кейбір сыншылар Тоқаев та Назарбаев кезінде қалыптасқан авторитар жүйені өз билігін нығайтуға пайдаланғысы келеді дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG