Қырғыз-тәжік шекарасында жағдай ушықты. Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) Баткен және Лейлек аудандарында қызу шайқас жүріп жатқанын хабарлады.
Ведомствоның хабарлауынша, Баткен қаласы маңындағы нысандарды тәжік жағы дүркіндетіп ататын зымыран жүйесімен атқылаған. Баткенде азаматтық инфрақұрылым нысандары қираған.
Бұған дейін Қырғызстан мен Тәжікстан бір-бірін ауыр қару қолданды деп айыптаған.
Қырғызстан жағы 31 адамның зардап шеккенін хабарлады. Эвакуацияланған азаматтарға психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Reuters агенттігі Тәжікстан жағынан бір бейбіт тұрғын мен бірнеше адамның жараланғанын хабарлады. Қаза болғандар мен жараланғандар саны туралы ресми ақпарат жоқ.
16 қыркүйекте таңертең қырғыз-тәжік шекарасында жағдай қайта ушыққан еді. Тараптар жағдайға бір-бірін кінәлады.
Қырғызстан төтенше жағдай министрлігі Баткен облысындағы шекараға жақын аудандардан тұрғындарды эвакуациялап жатыр. Халықты уақытша қоныстандыратын бірнеше пункт ашылған.
ПІКІРЛЕР