Accessibility links

Жасарал Қуанышәлин президент сайлауына түсуге ниетті екенін жариялады


Жасарал Қуанышәлин
Жасарал Қуанышәлин

Оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин биыл күзде өтетін кезектен тыс президент сайлауына түсуге ниетті екенін жариялады.

Ол Facebook парақшасындағы мәлімдемесінде "ел бойынша кемі 9 филиалы бар республикалық қоғамдық бірлестіктер ғана ұсына алады. Мен осындай ұйымдардың басшылығына менің қандидатурамды ұсыну мәселесін талқылау үшін маған хабарласуды өтінемін" деді.

Қуанышәлин - күзге жоспарланған президент сайлауына түсуге ниет білдірген екінші адам. Бұған дейін елдің қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауға қатысатынын мәлімдеген.

73 жастағы саясаткер Жасарал Қуанышәлин 1994-95 жылдары Жоғарғы кеңес депутаты болған. Кейін оппозицияға өтіп, түрлі оппозициялық ұйымдардың қатарында билік саясатын ашық сынап жүр. Ол бірнеше рет партия құруға тырысқанымен, билік оның партияларын тіркемеді. Мәселен, биыл Қуанышәлин "Алға, Қазақстан" партиясын құрмаққа әділет министрлігіне құжат тапсырмағанымен ведомство тіркемеді.

Қуанышәлин бұған дейін де президент сайлауларына түсуге ниет білдіргенімен, түрлі себеппен кандидаттар тізімінде болмаған.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйектің басындағы жолдауында биыл кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялап, оған өзі де түсетінін айтқан. Ол жолдауында Конституцияны өзгертіп, президентті жеті жылға бір рет сайлау туралы ұсыныс жасаған еді. Бүгін, 16 қыркүйекте парламент Тоқаевтың бұл ұсынысын мақұлдап, президентті 7 жылға бір рет сайлауға келісті.

Сарапшылар Тоқаев сайлау өткізу арқылы билігін күшейтуге тағы бір қадам жасап жатыр деп санайды. Депутаттардың өзі де бұл сайлауда Тоқаевтың жеңіске жететініне кәміл сенеді.

Депутаттар мен министрлер Астана атауын қайтару мен 7 жылдық мерзім жайлы не дейді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:36 0:00

Тәуелсіз Қазақстан тархиында бұған дейін болмаған үлкен қантөгіске әкелген биылғы Қаңтар оқиғасынан кейін экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың билікке ықпалы азайып, Тоқаевтың билігі күшейген.

Назарбаев бұрынғы атақ- мәртебесінен айырылды, оның туыстары жоғары лауазымды қызметтерден шеттетіліп, кейбіреуі қаржы жымқыру, өзгенің мүлкін тартып алу қылмыстарына күдікті ретінде қамауға алынды. 5 маусымда өткен референдумның ресми қорытындысы бойынша, дауыс беруге қатысқан қазақстандықтардың басым көпшілігі Назарбаевқа ерекше мәртебе мен артықшылар беретін баптарды Конституциядан алып тастауды қолдады. Бұған қоса, парламент депутаттары Нұр-Сұлтан қаласының атын қайтадан Астана деп атауға келісті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG