Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынған Дархан Уәлиев шарты жазамен бостандыққа шықты. Бұл жөнінде адвокаты Жанар Балғабаева хабарлады.
Жанар Балғабаеваның айтуынша, Дархан Уәлиев тергеу органдарымен процестік келісімге келген соң Алматы қаласы Бостандық ауданы қылмыстық істер сотының шешімімен бостандығы 4 жыл 2 айға шектеліп, қамаудан шыққан.
Дархан Уәлиев – биліктен саяси тұтқындарды босатуды, азаматтық құқықтардың бұзылмауын үздіксіз талап етіп жүрген белсенділердің бірі. 2021 жылы қазан айында Қазақстан қоғамында резонанс тудырған "13 белсендінің ісі" бойынша оның бостандығы бір жылға шектелген.
Биыл Қаңтар оқиғасынан кейін "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деген күдікпен қамауға алынған. Белсендінің туыстары мен құқық қорғаушылар оның ауыр бап бойынша күдікке ілінгенін, тергеу кезінде азапталғанын айтқан.
Әйелі Бұлбұл Бердіқожанова оған "жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды", "қарулы топпен шабуыл жасады", "тұтқындарды заңсыз босатты" деген айып тағып отыр деп мәлімдеген.
- Оның бәрі ойдан шығарылған. Полиция бөлімінде ұрып-соғып, 12 сағат бойы азаптап, үстінен қылмыстық іс қозғаған. Ол ешқандай террорист емес. Ол әкімдік алдындағы оқиға кезінде (5 қаңтар Алматы әкімдігінің маңында – ред.) ғимаратқа тығылған курстант балаларға көмектесті. Бір емес, бірнеше адамды шығарған. Ол кезде әскерилердің, арнайы жасақтың бәрі қашып кеткен еді. Ол тәртіпсіздікке емес, керісінше тыныштыққа шақырған, – дейді Бұлбұл Бердіқожанова.
Бұған дейін қоғам белсенділері Алматы прокуратурасының алдына барып Дархан Уәлиевті босатуды талап еткен.
Қазақстандағы Қаңтар оқиғасында ресми мәлімет бойынша 238 адам қаза болған. Мыңдаған адам қамауға алынып, түрлі жауапқа тартылған.
Биыл 1 қыркүйектегі жолдауында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасы бойынша жауапқа тартылғандарға рақымшылық жариялаған.
Тоқаевтың сөзінше, бұл рақымшылыққа тәртіпсіздік ұйымдастыруға қатысқан басты күдіктілер, мемлекетке опасызсыздық жасағандар және билікті күшпен басып алуға талпынғандар ілінбейді.
ПІКІРЛЕР