Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының үстінен қозғалған қылмыстық іске байланысты өтіп жатқан соттың 21 қыркүйектегі отырысында жәбірленуші тараптың бірі "Көлік сервисі орталығы" компаниясы бұған дейін ұсынған медиация келісімін қайтарып алатынын мәлімдеді.
"Компания екі тараптың сот медиациясы арқылы келісімге келетіні туралы 2022 жылдың 8 қыркүйегінде қойған қолын қайтарып алды, келісімнің күші жоқ деп есептеуді сұраймыз", — деді КСО өкілі Жандосов.
Компания өкілі мұнысын "медиациямен келісімге келу жөнінде басшылық толық шешім қабылдамады" деп түсіндірді.
Судья сұрағына жауап берген ол "компанияға келген шығын өтелгенін, ақшаны компания шотына түскенін" растады.
Бұған дейінгі сот отырысында Қайрат Сатыбалды КСО-ға келтірген 28 миллиард теңге, "Қазақтелеком" компаниясына келтірген 12 миллиард теңге залалын өтегені хабарланған.
Кеше, 20 қыркүйекте өткен сот отырысында сотта жәбірленуші тарап - "Қазақтелеком" және "Көлік сервис орталығы" Қайрат Сатыбалдыға медиация келісімін ұсынған. Екі компанияның өкілдері сотта Сатыбалды "айыбын толық мойындап, бүкіл шығынды өтегенін" мәлімдеген. Осыдан соң судья Нұрлан Баяхметов прокурор Жангелді Есебаевқа медиация келісімі бойынша жедел шешім шығаруды сұраған.
Жәбірленуші тараптың Қайрат Сатыбалдыға медиация келісімін ұсынғанына сот отырысынан кейбір кейбір заңгерлер таңырқаған. Адвокат Абзал Құспан әлеуметтік желідегі парақшасына "медиативті келісім тек қана онша ауыр емес және орташа санаттағы істер бойынша жасалуы мүмкін, ал Қайрат Сатыбалдыға аса ірі көлемде қаржы жымқырды" деген айып тағылып отыр" деп жазған еді.
Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды "Қазақтелекомнан" 12,7 млрд теңге, "Қазақстан теміржолы" компаниясына тиесілі "Көлік сервисі орталығынан" 28,6 млрд теңге жымқырған деп айыпталған.
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды наурызда қамауға алынған еді. Оның үстінен "алдау жолымен мүліктік залал келтірді", "сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салды" деген айыппен қылмыстық іс қозғалған.
Бұдан бөлек Сатыбалды "салықтан және кеден төлемдерінен жалтарды", "қылмыстық жолмен тапқан табысын заңдастырды" деген күдікпен де тергеліп жатыр. Ол Forbes Kazakhstan есебі бойынша Қазақстандағы ең ықпалды бизнесмендердің тізіміне кірген. Оның әйелі Гүлмира Сатыбалды да "бизнесті рейдерлік жолмен тартып алды" деген айыппен қамауға алынған.
Сарапшылар Қаңтар оқиғасынан соң экс-президент туыстарының қамауға алынып, отбасы мүшелерінің жоғары лауазымдардан шеттетілгенін бұрынғы кланның әлсірегені ретінде бағалайды.
ПІКІРЛЕР