23 қыркүйекте Алматы халықаралық әуежайына “Россия” әуе компаниясының Мәскеуден ұшқан рейсі қонған сәтте алматылық студенттер Қарагөз Қасым мен Айсұлтан Құдайберген пикет өткізді. Олардың плакаттарында «Отқа айдағанын енді ұқтыңдар ма?» («Че, поняли что вы мясо?»), «Сыйламасаң, кете бер» («Уважай или уезжай») деген мәндегі жазу бар.
Пикет басталған соң көп өтпей оларды әуежайдың полиция қызметкерлері кезекші бөлімге алып кеткен. «Менің негізгі мақсатым – украин халқын қолдау» деді Қарагөз Қасым полиция бөлімінде отырып.
– Ресей азаматтарының қазір Қазақстанға келуіне қарсымын. Бұл тек менің ғана ойым емес. Осы әрекет арқылы қоғамда болып жатқан резонансты көрсеттім. Ертең олардың сепаратистік қозғалыстарды қорғап, елімізге қауіп төнген кезде пышақ сұқпасына ешкім кепіл емес, – дейді ол.
Екі азамат полиция бөлімінде жарты сағаттай отырған соң босады.
– Бұл кісілермен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Басқа ештеңе емес. Не мақсатпен келгенін сұрадық. Ауызша түрде ескерту жасалды, – деді полиция өкілі Ернар Тасқын Азаттық тілшісіне.
Алайда Қарагөз Қасымның айтуынша, полиция «ұсақ бұзақылық» бабымен немесе рұқсат етілмеген пикет өткіздіңдер деген айыппен жазаға тартамыз деген. Журналистер келген соң ол туралы әңгіме қайта қозғалмады дейді.
Ол пикет кезінде жолаушылардың реакциясы әртүрлі болғанын айтады. «Кейбірі қарсы пікір білдірді, бірақ көпшілігі қолдады. Адекват адамдар басым екен» дейді.
Ресей президенті Владимир Путин 21 қыркүйекте елде ішінара мобилизация жариялаған соң сыртқа кетуге ұмтылғандар көбейген. Қазақстан-Ресей шекарасында ұзын-сонар кептеліс пайда болған.
Қазақстан шекара қызметі Ресейден келіп жатқан азаматтардың саны артқанын, ахуал ерекше бақылауда екенін мәлімдеді. Қоғамда бұл мәселеге қатысты алаң күшейіп, шекараны жабу талабы айтыла бастады. Ведомство «халықаралық шарттарды, елдің ішкі заңын басшылыққа аламыз» дейді.
Биыл жыл басынан бері Қазақстанға 1,6 миллион Ресей азаматы келген.
ПІКІРЛЕР