Accessibility links

Ресейдің Қазақстанмен шекарасында Астрахан облысында бірнеше шақырымдық көлік кептелісі пайда болды


Ресейдің Қазақстанмен шекарасында Астрахань облысындағы өткізу пунктінде кейінгі үш күнде бірнеше шақырымдық көлік кептелісі пайда болды, деп жазды Азаттықтың Татар-Башқұрт қызметі. Куәгерлердің айтуынша, 23 қыркүйекте кешке кезектің ұзындығы жеті шақырымға жеткен. Кезекте тұрудың орташа ұзақтығы шамамен 15 сағат.

Ресейдің өзге елдермен шекарасындағы сияқты мұнда да ұзан-сонар кезек "ішінара мобилизациямен" байланысты. Қараөзек ауылындағы өткізу пунктінен негізінен 18-50 жас аралығындағы Ресей азаматтары өтіп жатыр.

– 24 қыркүйек сағат 16-дағы жағдай бойынша ұзындығы алты шақырымға созылған көлік кептелісі пайда болды, көліктер сағатына он метр ғана жылжып жатыр. Егер қазір кезекке тұрсаңыз, екі тәулікке дейін күтуге тура келеді. Көбірек тамақ, су алып алған дұрыс, себебі өткізу пунктінің маңында ғана дүкен бар. Шекараның Ресей бөлігінде ештеңе сұрамайды, тек паспорт, айыппұлдар мен қарыздар туралы сұрайды. Егер қарызың жоқ болса, жібереді. Қазақстан жағы да еш бөгетсіз өткізіп жатыр, – деді кезекте тұрған ер адамдардың бірінің әйелі.

Куәгерлердің айтуынша, Астрахан облысындағы өткізу пунктінен тек астрахандықтар ғана өтіп жатқан жоқ. Кезекте тұрғандар арасынан Мәскеу, Ростов және өзге қалалардың көлік нөмірлерін байқауға болады. Мобилизациядан қашқандар негізінен жеке көліктерімен немесе облыс орталығынан жалдаған таксилермен келіп жатыр.

21 қыркүйекте құрылған Free Kalmykia және "Свободная Астрахань — Астрахань без войны" белсенділер тобы әлеуметтік желілердегі парақшаларында көрші елге қоныс аударғандарға заңгерлік көмек ұсынып, жолға ақшасы жетпеген азаматтарға ақша да жинап жатыр.

—Бізге көлік жуатын немесе асханада аспаз болып істейтін жұмысшылар хабарласады. Олардың жалақысы төмен, қарызы да көп. Адамдар қаржылай көмекке зәру. Себебі қоныс аудару әрқашан да қымбатқа түседі. Өкінішке қарай, жолға қаражат жинау барған сайын қиындап барады, себебі керек қаржының өзі артып барады. Әу-бастан ақ "таксиді қазақстандық Атыраудан емес, Астраханнан жалдаңыздар және тек шекараға дейін ғана төлеңіздер" деп кеңес беріп жатырмыз. Сол кезде таксист сізден кезекте тұрғаны үшін ақша алмайды. Көлік кезегінен құтылу үшін колоннаның басына жаяу барыңыз. Өткізу пунктінен жаяу өтуге тыйым салынған, бірақ өзге көлік жүргізушілерінен бірге өтуді өтінсеңіз болады. Бастапқыда көбі көмектесіп, өткізетін. Енді қазір жүргізушілер сол арқылы ақша табуды көздеп отыр, ондай адамдардан бір орын үшін мың рубль немесе одан да көп ақша сұрайды, - деді "Свободная Астрахан" тобы еріктілерінің бірі.

Free Kalmykia белсенділерінің айтуынша, кейбір азаматтар ұзын-сонар кезектен қашу үшін велосипедті де пайдаланып жатыр. Шекарашылар оларды еш кедергісіз өткізеді.

Ресейдің Қазақстанмен шекарасындағы өзге пункттерде де осыған ұқсас жағдай қалыптасқан.

21 қыркүйекте Ресейде "ішінара мобилизация" жарияланғалы бері соғысқа барудан бас тартқандардың көрші елдерге ағыны, оның ішінде Қазақстанға да келушілер көбейген. Қазақстан ҰҚК Шекара қызметі жағдай ерекше бақылауда екенін мәлімдегенмен қоғамда мәселеге алаңдаушылар көбейді. Кейбірі Ресеймен шекараны жабу қажеттігін талап етті. 21 қыркүйектен бері Қазақстанға қанша Ресей азаматының өткені айтылмады.

XS
SM
MD
LG