Accessibility links

Іс-қимыл алгоритмі жоқ. Қазақстанда Украина азаматтарына босқын мәртебесін алу неге қиын?


Ресейдің Украинаға басқыншылығына қарсы акция. Алматы, 6 наурыз 2022 жыл.
Ресейдің Украинаға басқыншылығына қарсы акция. Алматы, 6 наурыз 2022 жыл.

Ресей бастаған соғыстан бас сауғалаған Украина азаматтары Қазақстанға пана іздеп келді. Бірақ олар елде бейбіт өмір сүрудің орнына депортацияға ілікпеу жолын іздеуге мәжбүр.

24 ақпаннан бастап миллиондаған украин азаматы Ресейдің бомбалауынан қашып, елден кетуге мәжбүр болған. Босқындардың негізгі бөлігі Еуропа елдеріне, оның ішінде Польша, Венгрия мен Германияға ағылған. Украинамен ортақ шекарасы болмағандықтан, Қазақстанға келушілер қатары әлдеқайда аз. Олар елге көбіне Еуропа арқылы жетеді, ал бұл көп шығынды қажет етеді. Қазақстанға бірінші кезекте, осында туып-өскен, достары мен жақындары бар украиндар келген. Қазақстанда туған украин азаматтары тұрғылықты мекенжай анықтамасын ала алады. Ал достары мен туыстарын паналап келген украиндар елде қалу мәселесін шеше алмай отыр.

"БӘРІ ЗАҢДЫ БОЛҒАНЫН ҚАЛАЙМЫЗ"

Ресей әскері Харьковті бомбалай бастағанда, Дарина Гутниченко ұлымен бірге Украинадан кетуге бел буған. Ол 18 наурызда Харьковтан шығып, 21 наурызда Алматыға жеткен. Оны Алматыда жақын достары күтіп алып, жаңа қалаға орнығуға көмектескен. Даринаның ата-анасы елден кетуден бас тартып, Украинада қалған.

– Наурызда әпкем қайтыс болды. Ертеңіне Украинада қала алмайтынымды түсіндім. Қаланы күнде бомбалап жатты, менің үйіме де зымыран түсті. Төртінші подъезде тұрамын, зымыран 11-подъезге тиді. Ұлымды алып, Қазақстандағы достарымның жанына кетемін деп шештім. Оған дейін Алматыға қыдырып барғанмын. Ата-анам Харьковта қалды. Оларды бірге кетуге үгіттеп көрдім, бірақ пәтерімізді қорғаймыз деп қалып қойды. Әкем мені де жібергісі келмеген, бірақ әпкемнің қазасынан кейін "Жүре бер" деп, батасын берді, – дейді Дарина Гутниченко.

Дарина Алматыда үш ай визасыз режим бойынша тұрған. Кейін B-20 визасын алған. Бұл – 15 күнге берілетін бір реттік виза. B-20 визасын "күтпеген жағдайға байланысты берілетін виза" деп те атайды. Әдетте бұл визаға рейсі кейінге қалып немесе ұшаққа кешігіп қалған шетелдіктер тапсырады. Осы визамен Қазақстанда тағы 15 күнге қалып, асықпай келесі рейсті күтуге болады. Көші-қон полициясы Украина азаматтарына бұл визаның мерзімін бірнеше ай бойы ұзартып келген.

В-20 визасын әр жолы бір айға үш рет берді. Соңғы визаның мерзімі 16 қыркүйекте біткен. Содан соң босқын мәртебесін алуға өтініш бердім.

– В-20 визасын әр жолы бір айға үш рет берді. Соңғы визаның мерзімі 16 қыркүйекте біткен. Содан соң босқын мәртебесін алуға өтініш бердім. Көші-қон полициясы солай жасауға кеңес берді. Жұмыс визасына тапсырғым келген, бірақ В-20 визасынан кейін жұмыс визасын алуға болмайды деді. Қазақстанда тұрып жатсаң, неге жұмыс визасын алып, мемлекетке салық төлеуге болмайды? Түсінбедім.

Харьковтің тағы бір тұрғыны Наталья (кейіпкердің қалауымен аты-жөні өзгертілді – ред.) Қазақстанда туып-өскен. Кейін Украинаға оқуға барып, сонда қалып қойған. Соғыс басталған кезде Наталья қызымен бірге туған қаласы Қостанайға оралған. Ол да Дарина сияқты босқын мәртебесін алуға өтініш берген. Наталья бірден тұрғылықты мекенжай анықтамасын алуға құқылы. Бірақ оған мұны ешкім түсіндірмеген.

– 15 наурызда Қостанайға келдік. Қазақстанда болған алғашқы 90 күнде бізге ешкім тұрғылықты мекенжай анықтамасына өтініш беруге болатынын айтқан жоқ. 90 күн визасыз жүріп, босқын мәртебесін сұрадық. Босқын мәртебесінің берілуі екіталай, өйткені Қазақстан мен Украинаның ортақ шекарасы жоқ. Бәріміз тікелей Украинадан емес, Польша, Германия сияқты әл-ауқаты жоғары мемлекеттерден келдік. Көші-қон қызметіне барғанымызда тұрғылықты мекенжай анықтамасын алуға өтініш қабылдайтын қыз бір жерге хабарласып, өтінішті Қазақстанға келгеннен кейін 90 күн ішінде жазу керек еді деді. Осы себептен бізді босқын мәртебесін сұраушы тұлға ретінде тіркеді. Біз абдырап, өтінішті неге қабылдамағаны туралы жазбаша түсініктеме де алмаппыз.

Наталья тұрғылықты мекенжай анықтамасын алуға тағы да өтініш бермек. Өйткені Наталья Қазақстанда туып-өскен, азаматтығы бар, анасы осында тұрады.

Қазақстанда тұрып жатқаныма жарты жыл болды, мамандығым – дәрігер, қызым – мұғалім. Заңды жұмысқа тұрып, салық төлер едік.

– Тұрғылықты мекенжай анықтамасы шетелге шығуға арналған төлқұжат мерзімі аяқталғанша беріледі. Төлқұжатымның мерзімі келер жылы аяқталады, сондықтан жаңа төлқұжат алатын болдым. Төлқұжатым келген соң, қайтадан тұрғылықты мекенжай анықтамасын алуға өтініш беремін. Қабылдамаса, неге қабылдамағанын түсіндіріп жазбаша жауап берсін. Көші-қон полициясы себебін түсіндірместен өтінішті қабылдаудан бас тартуы мүмкін деп естідім. Қазақстан заңдарында босқын мәртебесін сұраған адам тұрғылықты мекенжай анықтамасын алуға өтініш бере ала ма, жоқ па деген мәселе нақты көрсетілмеген. Өтініш беруге болады, бірақ бәрі көші-қон қызметіндегі өтінішті қарайтын адамға байланысты. Енді осыны уайымдап отырмын. Қазақстанда тұрып жатқаныма жарты жыл болды, мамандығым – дәрігер, қызым – мұғалім. Заңды жұмысқа тұрып, салық төлер едік. Ата-анамыздың үйінде тұрамыз, пәтерге ақша жұмсамаймыз, бейресми жұмыс та таптық. Бірақ бәрі заңды болғанын қалаймыз. Жұмыс істеп, елдің дамуына үлес қосар едік. Қазақстан – менің отаным. Шенеуніктер Қазақстанда туғанымыз үшін ғана емес, соғыс – сұмдық нәрсе болғаны үшін бізге жақсырақ қараса дейміз.

"УКРАИНДАРДЫҢ БАСЫМ КӨПШІЛІГІ КЕЙІН ОТАНЫНА ОРАЛҒЫСЫ КЕЛЕДІ"

Ішкі істер министрлігінің ресми дерегі бойынша, 2022 жылдың алғашқы сегіз айында Қазақстанға 6960 украин азаматы келген. 228 адам босқын мәртебесін алуға өтініш жазған. 1520 азаматқа Қазақстанда банктен шот ашуға және мемлекеттік қызметтер алуға мүмкіндік беретін жеке сәйкестендіру нөмірі берілген.

Қазақстан заңдарына сәйкес, Украина азаматтары елде 90 күн бойы ешқандай рұқсат қағазынсыз еркін жүре алады. Одан кейін Қазақстаннан шығып, шекарадан қайта өтіп, тағы 90 күнге қалуға болады немесе алғашқы үш айда тұрғылықты мекенжай анықтамасына өтініш берген жөн. Болмаса, босқын мәртебесін алуға тырысу керек. Еgov.kz сайтында шетел азаматы Қазақстанда тұрғылықты мекенжай анықтамасын қалай алатыны жөнінде нұсқаулық бар. Онда "Заң талаптары орындалған жағдайда көші-қон полициясы тұрғылықты мекенжай анықтамасын беруі тиіс" деп жазылған. Бірақ іс жүзінде үнемі олай бола бермейді. БҰҰ-ның Орталық Азиядағы босқындар ісі жөніндегі агенттігінің дерегінше, 2015 жылдан бастап босқын мәртебесін беру 42 пайыздан бір пайызға дейін қысқарған.

Елдегі украиндардың жағдайын адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюро бақылауда ұстап отыр. Бюро өкілдері билік украин азаматтарын қолдауға тырысып жатыр (мысалы, В-20 визасын бірнеше рет беру арқылы), бірақ мемлекетте нақты іс-қимыл алгоритмі жоқ деп есептейді.

– Қазір Қазақстанда 228 украин азаматы босқын мәртебесін алуға өтініш берген. Олардың арасынан 200 адаммен жұмыс істеуді бастадық. Кейінгі кезде өтініштер түсіп жатқан жоқ, негізінен осыған дейін Ресей, Польша, Германия арқылы келген украиндардың мәселесін шешуге тырысып жатырмыз, – дейді адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюро директорының орынбасары Денис Дживага.

Дживаганың сөзінше, украиндарды уақытша тіркеу, босқын мәртебесін алуға өтініш беру қиын емес. Бірақ босқын мәртебесі бәріне бірдей берілмеуі мүмкін.

– Биылдан бастап босқындармен жұмыс еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне өтті. Әзірге комиссия құрылған жоқ. Украиндардың тіркеу мерзімін бір жылға дейін ұзартуы мүмкін деп күтіп отырмыз. Өйткені билік оларға босқын мәртебесін беруге мүдделі емес. Украин азаматтары басқа босқындарға ұқсамайды, олар өз билігінен қашып келген жоқ. Олардың басым көпшілігі кейін Украинаға оралғысы келеді. Сондықтан Қазақстан билігі украиндарға қосымша мүмкіндіктер ұсынып, тіркеу мерзімін ұзартпай-ақ кемінде бір жылға дейін елде қалуға рұқсат берсе жақсы болар еді. Бірақ билік мұндай қадамға барған жоқ, енді заң бойынша босқын мәртебесін алуға өтініш берген адамдардың ісін бір жылға дейін созатын шығар. Қазақстанға келген украиндардың бәріне бірдей босқын мәртебесін бермейтін сияқты, – дейді сарапшы.

Дживага Қазақстан мемлекеті украин азаматтарын қолдауға тырысып отырғанын, адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның қызметкері ретінде украиндарға негативті көзқарас байқамағанын айтады. Сарапшы жағдайдың ары қарай қалай өрбуі мүмкін екенін былай болжайды:

– Билік босқын мәртебесін алуға өтініш бергендердің елде қалу мерзімін мүмкіндігінше ұзарта береді. Болмаса, комиссия құрылып, өтініштерді қарай бастайды. Біреулерге босқын мәртебесі беріліп, кей азаматтардың өтініші қанағаттандырылмауы мүмкін. Бұл азаматтар өтінішін қайта қарауды сұрап, шағым жаза алады. Оларға біздің заңгерлер көмектеседі. Бұл процесс жарты жылға дейін созылуы мүмкін, осы уақыт ішінде өтініш иелері Қазақстанда қала береді. Алдағы бір жылда не болатыны белгісіз. Украинадағы жағдай түзеліп, украиндар туған еліне оралса, бұл Қазақстан билігі үшін ең жақсы шешім болар еді. Бірақ әрине, Ресей мен Украина арасындағы кикілжіңнің тез шешілмейтіні белгілі. Украиндар көбі үйсіз қалды. Олардың оралатын жері жоқ, – дейді Денис Дживага.

Ресей Украинаға қарсы соғыс бастағалы тоғызыншы айға ұласты. БҰҰ дерегінше, Еуропаның 44 мемлекетіне Украинадан бес миллионнан астам босқын барған. Жеті миллионнан астам адам Украинаның ішінде қоныс аударып, туған үйін тастап кетуге мәжбүр болған. Украинаның шығысы мен оңтүстік-шығысында тұратын азаматтар қауіпсіз батыс облыстарға көшіп жатыр. Үдере көшкен азаматтардың жартысына жуығы табысынан айырылған. БҰҰ Украинадағы жағдайды Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең үлкен көші-қон дағдарысы деп атады.

Қазақстан билігі Ресейдің әскери агрессиясын сынаған жоқ. Бірақ Астана Украинаның территориялық тұтастығын құрметтейтінін, Донбасстағы Мәскеу тәуелсіз мемлекет деп танып, өзіне қосып алуды жоспарлап отырған сепаратистік құрылымдарды мойындамайтынын мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG