Ресми Астана әскери мобилизациядан қашып Қазақстанға келген ресейліктерге қатысты Мәскеумен келіссөз жүргізеді. Бұл туралы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына сапары кезінде мәлімдеді.
Тоқаев өз сөзінде ресейліктер Қазақстанға "амалдың жоғынан келіп жатыр" деді және бұл жағдайды "саяси және гуманитарлық мәселе" деп атады. Қазақстан президенті елге келген Ресей азаматтарына "қамқорлық көрсетіп, қауіпсіздігіне мән беру керек" деді. Бұған қоса, ол "сырттан келген адамдарға көмек көрсетіледі, бірақ жеңілдіктер берілмейді" деп мәлімдеді.
"Осы мәселені мен үкіметке тапсырдым. Жалпы осындай күрделі жағдайда біз ең алдымен адамгершілік, сабырлық, ұйымшылдықты танытуымыз керек. Бізде ешқандай дағдарыс жоқ, дүрбелең де жоқ. Үкімет өз жұмысын атқаруы керек. Сырттан келген адамдарға көмек көрсетіледі, бірақ жеңілдіктер берілмейді. Жұмыстың бәрі заң бойынша, келісімдер бойынша жүргізіледі. Біз Ресей тарапымен келіссөздер жүргізіп, бұл түйткілді еліміздің мүддесіне сай шешеміз" деді Тоқаев.
21 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин елде "ішінара мобилизация" жариялаған соң азаматтар көршілес елдерге қаша бастаған. Қазақстан мен Ресей шекарасындағы өткізу пунктерінде кезек көбейген еді. Қазақстанға ресейліктер келген тұста қалаларда пәтер бағасы күрт қымбаттап кетті. Ел ішінде ресейліктердің жаппай келуіне наразылық та бар.
Қазақстан ішкі істер министрлігі 21 қыркүйектен бері елге 98 мың ресейлік кіргенін, 64 мыңнан аса ресейлік шығып кеткенін хабарлады.
Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу мобилизация кезінде әскерге 300 мың адам алынатынын мәлімдеген. Сарапшылар Кремльдің мобилизация жариялауын Украинадағы басқыншылығының сәтсіздікке ұшырауының белгісі деп санайды.
ПІКІРЛЕР