Accessibility links

Eurasianet тілшілері үйлеріне полиция келгенін хабарлады


Полиция көлігі. Көрнекі сурет.
Полиция көлігі. Көрнекі сурет.

Орталық Азия аймағы бойынша ағылшын және орыс тілінде ақпарат тарататын Eurasianet порталының тілшілерінің үйіне 27 қыркүйекте кешке полицейлер келген. Бұл жөнінде порталдың редакторы Дэвид Триллинг Твиттердегі парақшасында хабарлады. Оның айтуынша, полицейлер жеке куәліктерін көрсетпей, тілшілерді "алып кетуге тырысқан". Триллинг оқиғаны "жаппай қудалау" деп бағалайды.

"Әзірге олар кетті. Жаппай қудалау. Өз ісіне берілген, адал, Қазақстандағы тәжірибесі мол екі журналистің мазасын алып жатыр" деп жазды Триллинг кейінірек.

Лиллис "Власть" порталына берген сұхбатында Медеу аудандық полиция басқармасы өкілдерінің оларды "қоғамдық орында ішімдік ішу" бабымен айыптағысы келгенін айтқан.

Лиллистің айтуынша, ол күйеуі Пол Барлтлетпен бірге 24 қыркүйекте бір топ адаммен әңгіме-дүкен құрған, кейбірі сенбі күні ішімдік ішкен. Сол кезде полиция олардың құжаттарын тексеріп, журналистер ешқандай заң бұзбаған деген қорытындыға келген. Алайда журналистің айтуынша, полицейлер 27 қыркүйекте үйіне келіп, ешқандай шақыртусыз алып кетпек болған.

"Мен оларға ешқандай заң бұзбағанын айттым. Олардың қолында шақырту болған жоқ. Ақыры бізге қоғамдық орында ішімдік ішкен адамдарға жоламауды ескертіп, кетіп қалды" деді Лиллис.

Сейсенбі күні түнде ҚазтТАГ агенттігі Алматы қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің түсініктемесін жариялады. Полицияның түсіндіруінше, бірнеше күн бұрын Есентай өзені маңында "белгісіз адамдардың спирттік ішімдік ішіп жатқаны" туралы хабарлама түсіп, артынша он шақты адамның үстінен (арасында Ұлыбритания азаматы да бар – полиция) "Қоғамдық орында ішімдік ішу" бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылған. Полиция бұған қоса, бөлімшеге Ұлыбританияның К. және П. есімді азаматтары жеткізіліп, ауызша "тергелгеннен" кейін үйлеріне жіберілгенін айтады. Полиция 27 қыркүйек күнгі оқиғаны сол факт бойынша "түсініктеме алу" мақсатымен түсіндіреді.

Баспасөз құқығын қорғайтын қорғаушылар Қазақстанда журналистердің жиі қудаланып, қысымға ұшырайтынын айтады. Бірнеше апта бұрын Қаңтардағы азаптаулар туралы ақпарат таратып жүрген журналист Динара Егеубаева үйіне полиция қызметкерлерінің келгенін хабарлаған.

Орталық Азия аймағы бойынша тәуелсіз ақпарат тарататын Eurasianet порталында Қазақстан билігін сынайтын мақалалар жиі жарияланып тұрады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG