Accessibility links

Бішкек соты журналист-зерттеушіні ақтады


Болот Теміров.
Болот Теміров.

Бішкектің Свердловский аудандық соты 28 қыркүйекте журналист-зерттеуші, Temirov LIVE арнасының негізін қалаушы Болот Теміровті ақтады.

Бұған дейін прокурор оны бес жылға соттауды сұраған.

28 қыркүйек күнгі сот отырысында Теміров "соңғы сөзін" айтты. "Бір жыл бойы билік жандайшаптары маған мүмкін болған қысымның барлық түрін (есірткіні де салып жіберген – Б. Т.) жасады" деді ол.

Үкімді оқыған судья сот процесі барысында Теміровтің кінәсі дәлелденбегенін айтып, журналисті "заңсыз есірткі сақтау" және "мемлекет шекарасын заңсыз кесіп өту" эпизодтары бойынша ақтады.

Судья жалған әскери билет және жалған төлқұжат жасау эпизодтары бойынша журналисті кінәлі деп танығанмен "қылмыс мерзімінің өтіп кетуіне байланысты" оны босатты.

  • Биыл қаңтарда Temirov LIVE арнасының негізін қалаушы журналист Болот Теміровтің үстінен "есірткіні заңсыз сақтау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Сол кезде Temirov LIVE кеңсесінде тінту жүргізілді. Оның алдында журналистің Youtube арнасында "Кыргызнефтегаз" мемлекеттік компаниясы өндіретін мазут экспортындағы күмәнді схемалар туралы зерттеу жарияланған еді. Оған Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің жетекшісі Камчыбек Ташиевтің қатысы бар болуы мүмкін.
  • Сәуір айында Temirov LIVE Камчыбек Ташиевтің балаларының мемлекеттік тендерге қатысы жөнінде жаңа зерттеу жариялады. Одан кейін Болот Теміровтің үстінен "Жалған құжат жасау" және "Қырғызстанның мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өту" баптары бойынша қылмыстық істер қозғалды.
  • Бірқатар халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қырғызстан билігін Болот Теміровке қозғалған қылмыстық істерді доғаруға үндеген. Журналист бұған дейін кәсіби қызметіне байланысты қудаланып отырғанын мәлімдеген. Билік мұны жоққа шығарған.
XS
SM
MD
LG