Accessibility links

Белсенділер мен саясаткерлер сайлау заңнамасындағы азаматтардың құқығын бұзатын баптарды жоюды талап етті


Тіркелмеген демократиялық партия белсендісі Инга Иманбай орталық сайлау комиссиясының отырысында. Астана, 29 қыркүйек 2022 жыл.
Тіркелмеген демократиялық партия белсендісі Инга Иманбай орталық сайлау комиссиясының отырысында. Астана, 29 қыркүйек 2022 жыл.

Қазақстандық белсенділер мен саясаткерлер сайлау туралы заңнамада саяси бәселестікке жол бермейтін қажетсіз талаптар көбін алға тартып, сайлау заңнамасындағы азаматтардың құқығын бұзатын баптарды алып тастауды талап етті. 29 қыркүйекте "Демпартия" белсендісі "сол кедергілерді көрсету үшін" орталық сайлау комиссиясына барып, өзінің кандидатурасын ұсынып көрді.

Заң бойынша, президент сайлауына жасы 40-қа толған, мемлекеттік қызметте кемі бес жыл еңбек еткен адам қандай да бір ұйымның атынан кандидат бола алады (Қазақстан аумағында соңғы 15 жылда тұрған болуы керек, қазақ тілін жетік меңгерген болуы тиіс, бұрын сотталмаған болуы керек тәрізді өзге де талаптар бар). Бейсенбі күні ОСК-ға барған "демпартия" белсендісі Инга Иманбай бұл талаптар Қазақстан азаматтарының басым бөлігінің құқықтарын шектейді деді. Ол заңнамадағы шектеулерге қоғам назарын аударту үшін кезектен тыс президент сайлауына кандидат ретінде тіркеліп көретінін айтты.

"Мысалы, Қазақстанда 2021 жылдың статистикасы бойынша, мемлекеттік қызметте істейтін 100 мыңға жуық қана адам бар екен. Тіпті оны екі есеге көбейтсек те, себебі арасында мемлекеттік қызметте істеп, кетіп қалған адамдар болуы мүмкін, 200 мың ғана адамның үміткер болуға құқығы бар. Ал бұл 19 млн халықтың бір пайызын ғана құрайды. Яғни, нақты жағдайда Қазақстан азаматтарының 99 пайызының құқығы тапталып отыр. Бұл дегеніңіз Назарбаев жүйесінің өнімдерінің ғана мемлекет басқару ісіне араласу мүмкіндігі бар дегенді білдіреді. Осы нәрсені көрсету үшін, халықтың басым бөлігінің құқығы шектеліп отырғанын көрсету үшін бүгін осында келдім" деді Инга Иманбай Азаттық тілшісіне.

Орталық сайлау комиссиясының жиыны өтіп, артынша комиссия 33 жастағы Инга Иманбайдың президенттіктен үміткер ретінде тіркеле алмайтынын, себебі заңда көрсетілген талаптарға сәйкес келмейтінін жеткізді.

Қазақстанда бірнеше жылдан бері тіркеле алмай жүрген "Қазақстанның демократиялық партиясының" мүшесі, белсенді Инга Иманбай орталық сайлау комиссиясына кірген кезде ғимарат ішінде бірнеше полиция қызметкері жүрді.

Ал тіркелмеген "Біздің таңдау" партиясының өкілдері 29 қыркүйекте Алматыда өткізген баспасөз жиынында сайлау заңнамасынан азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзатын баптарды алып тастауды талап етті. Партия жетекшісі Болат Әбілов сайлау заңнамасында дискриминациялық шектеулер көп екенін алға тартып, "мемлекеттік қызметте кемінде бес жыл тәжірибесі болуы керек" деген президенттіктен үміткерге қойылған талапты мысал ретінде келтірді. Оның айтуынша, мемлекеттік қызметте жемқорлық жиі кездесетіндіктен азаматтар мемлекеттік қызметке көп ұмтыла да бермейді.

"Бұған қоса, үміткер Қазақстанда туған болуы тиіс және мұнда 15 жыл тұруы тиіс деген шектеуге қарсымыз" деді ол. Оның сөзінше, елде шетелден келген қандастар бар, олардың да мемлекет басқару ісіне араласу құқығы сақталуы тиіс.

"Президент өкілетінің мерзімін өзгертуге бір күн ішінде дауыс берген депутаттар дискриминациялық шектеулерді де дәл солай бір күн ішінде жоя алады" деп заң шығарушы органдарға үндеу тастады.

Дегенмен Болат Әбілов егер басқару формасын суперпрезиденттіктен парламенттік республикаға ауыстыратын, билікте 1-2 жыл отыратын "транзит кандидат" пайда болса, "сондай кандидатты қолдайтынын" айтты.

Партия өкілдері бастама тобы партияны тіркеу туралы екі рет өтініш бергенмен екі жағдайда да министрліктің тіркеуден бас тартқанын айтты. Саяси ұйым әділет министрлігін сол үшін сотқа бергенмен сот "министрлікті жақтап шыққан". Саясаткерлер шешімді апелляцияға беретінін айтты.

Елде кезектен тыс президент сайлауы 20 қарашада өтеді. Сайлау қарсаңында Конституцияға арнайы өзгерістер енгізілген. Оған сәйкес, мемлекет басшысы жеті жылға сайлануы тиіс. Тәуелсіз сарапшылар жеті жылдық мерзім президентті экономика және жеке қауіпсіздікте позициясын күшейтуге көбірек алаңдатып, саяси өзгерістерді кейінге шегеруге итермелеуі мүмкін деген қауіп айтады.

Президенттіктен үміткерлерді ұсыну 23 қыркүйекте басталып, 11 қазанда аяқталады. Әзірге бірде-бір кандидат ұсынылған жоқ. Осыған дейін Тоқаев сайлауға қатысатынын мәлімдеген.

Мемлекеттік қызметтегі бес жылдық өтіл сияқты кейбір талаптар азаматтардың президенттікке сайлану құқығын бұзатынын азаматтық белсенділер мен құқық қорғаушылар бұған дейін де айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG