Қазақстанда 1 желтоқсанда тойланатын тұңғыш президент күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталды. Бұған қоса, 25 қазан Республика күні қайтарылып, ұлттық мереке статусы берілді. 29 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев аталған өзгерістерге қол қойды.
- Қазақстанда тұңғыш президент күні 2011 жылдан бері атап өтіліп келген. Депутаттар бұл датаны елдің сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "мемлекет алдындағы еңбегін таныту мақсатында" мемлекеттік мереке деп жариялаған еді.
- Ал 1990 жылғы 25 қазанда егемендік декларациясы жарияланған күн елде 2009 жылға дейін "Республика күні" ретінде аталып келген еді. Кейін бұл мереке қоғам қарсылығына қарамастан күнтізбеден алынған.
- Ресми дерек бойынша 238 адам қаза тапқан Қаңтар оқиғасынан соң экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың билікке ықпалы әлсіреп, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың билігі күшейді. Содан бері елде "Назарбаев атауларынан арылу" тенденциясы байқалады. Қыркүйек ортасында Қазақстан астанасы "Нұр-Сұлтан" атауын өзгертіп, Астана боп бұрынғыша атала бастады.