Accessibility links

"Ауыл" партиясы президент сайлауына қатысатын кандидат ұсынды


"Ауыл" партиясының съезі. Астана, 30 қыркүйек 2022 жыл.
"Ауыл" партиясының съезі. Астана, 30 қыркүйек 2022 жыл.

30 қыркүйекте түстен кейін астанада "Ауыл" партиясының съезі өтіп, партия атынан президент сайлауына қатысатын кандидат мақұлданды. Саяси кеңес мүшелері кезектен тыс президент сайлауына Жигули Дайрабаевты ұсынып, партия мүшелерінің барлығы-дерлік ұсынысты қолдады.

Оның кандидатурасын съезге офлайн қатысқан 67 адам, өңірлерден онлайн қатысқан 22 делегат қолдады. Екі адам қарсы шықты.

67 жастағы Жигули Дайрабаев 2022 жылдың маусым айынан бері "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумына қарасты ауыл шаруашылығы кешені комитетінің төрағасы қызметін атқарып келеді. 2019-2022 жыл аралығында "Қазақстан фермерлер қауымдастығына" да жетекшілік еткен.

Ол 2021 жылғы парламент сайлауында "АDAL" партиясы атынан мәжіліс депутаттығына кандидат ретінде ұсынылған. "Нұр Отанға" (қазіргі "Аманат") да мүше болған.

Дайрабаев – 20 қарашаға белгіленген кезектен тыс президент сайлауына ұсынылған алғашқы кандидат. Елде кандидатты ұсыну 23 қыркүйекте басталғанмен осыған дейін бірде-бір ұйым үміткер ұсынбаған еді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте күзде кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялаған. Өткен аптада сайлаудың 20 қарашада өтетіні белгілі болды.

Сайлау қарсаңында президент бастамасымен Конституцияға өзгерістер енгізіліп, президент өкілеті жеті жылдық бір мерзіммен шектелген.

Елде ресми тіркелген бес партия бар. Ресми Астана "партия құру талаптарының жеңілдеді" дегенімен 2019 жылдан бері елде бірде-бір саяси партия тіркелген жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG